Accessibility links

БҰҰ-на шағымданардан бұрын Қазақстанның барлық сот инстанцияларын жағалап шығу керек


БҰҰ-ң Адам құқтары комитетінің мәжілісі өтіп жатыр. Женева, 12 қаңтар, 2009 жыл.

БҰҰ-ң Адам құқтары комитетінің мәжілісі өтіп жатыр. Женева, 12 қаңтар, 2009 жыл.

Қазақстан президенті Н. Назарбаев ақпанның 11-i күні «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» құжатқа қол қойды. Енді Қазақстан азаматтары БҰҰ-ң Женевадағы адам құқықтары комитетіне шағымдануға мүмкіндік алды.

Алматы тұрғыны Мәдина Айдароваға бұл құжат осыдан 9 жыл бұрын қажет болыпты. Аса ауыр қылмыс бойынша қозғалған істе елдегі барлық инстанциялардан жеңіліс тапқан ол, республикадағы адам құқығын қорғаушы бірқатар ұйымдардың қолдауына қарамастан, шағымның Женевадағы адам құқығы жөніндегі комитетте қаралуына қолы жетпеген. Себеп – Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге факультативтік хаттамаға Қазақстанның қосылмауы.

- Бұл құжат барлық мемлекетте болуы керек. Өйткені біз жергілікті прокуратура, сот және тергеушілердің шешіміне тәуелдіміз. Әсіресе, тергеушілердің күш көрсетуіне шыдай алмаған менің бауырларым жалған мәлімет көрсетуге мәжбүр болып, қазір әрқайсысы, менің пікірімше, жазықсыздан жазықсыз, ұзақ мерзімге темір торға жабылды. Содан бері он жылға жуық уақыт өтіпті. Сол кезде біз халықаралық инстанцияларға шағымдана алмадық, - деді ол.

Қазіргі күні Мәдина Айдарова, қаншама жыл өткендігіне қарамастан, әділдік іздеп Женевадағы комитетке шағымданғысы-ақ келеді. Бірақ оның бұл әрекеті түрмедегі бауырларын жеңілдікке шығару ісіне кедергі келтіре ме деп те қорқады.

- Мен қазір мемлекетке, жүйеге қарсы шығу мүмкін емес екендігін жақсы түсінемін. Қаншама жылдар бойы күрестік. Бірақ екі жылдан бері үнсіз отырмыз – жеңілдік аламыз ба деген үміт бар, - деді өз есімін өзгертіп беруін өтінген Мәдина Айдарова.

Қазақстандағы адам құқығын қорғау жөніндегі халықаралық бюро жетекшісі Евгений Жовтистің айтуынша, кешегі қабылданған хаттаманы былай қойғанда, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өзін Қазақстан, ТМД елдерінің ішінде ең соңғысы болып, тек 2006 жылы ғана қабылдады.

- Өздеріңіз көріп отырғандай, хаттаманы пактінің өзі қабылданғаннан соң үш жылдан астам уақыттан кейін барып қабылдап отырмыз. Енді азаматтар өз шағымдарын Женевадағы адам құқығы жөніндегі комитетіне тапсыра алады. Әрине, бұл біз үшін өте маңызды құжат, - деді Евгений Жовтис.

Оның айтуынша, сөз болып отырған комитетке белгілі бір іс бойынша елдегі инстанциялардың барлығынан әділдік таппаған, сол үшін мемлекет айыпты деп есептейтін азаматтар ғана өтініш түсіре алады. Яғни, біздің кейіпкер Мәдина Айдарова Женеваға құжаттарын жолдаса болады деген сөз. Алайда, адам құқығын қорғаушылар тағы бір жайтты ескеру керектігін айтып отыр.

- Айта кетерлік жайт, Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл комитетінде жұмыс істейтін сарапшылар саны шектеулі. Ал, мекеме болса, бүкіл әлемге қызмет көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Женеваға жолданған шағымның қаралу мерзімі де ұзаққа созылады, - деді Евгений Жовтис.

Ал хаттаманың қабылдануын тоғыз жыл күткен Мәдина Айдарова болса тағы бірнеше жыл тосуға мүмкіндігі жоқтығын айтып отыр.

- 18 жасында 19 жылға сотталған бір бауырым түрмеде құрт ауруына шалдығып, өкпесінің бір жағынан айрылды, екінші жағы да қатты зақымданған. Менің пікірімше, «жазықсыз» сотталған қалған бауырларым да, сол секілді, темір торда құрт кеселін жұқтырды, - деді ол.

Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактісі және оның факультативтік хаттамасы 1966 жылғы желтоқсанның 16-ы күні қабылданып, 1976 жылғы наурыздың 23-і күні күшіне енген. Қазір Пактіні 172 мемлекет мақұлдады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG