Accessibility links

АҚШ елшісі саяси заңнамаларға енгізілген түзетулер ЕҚЫҰ-ның талаптарына жауап бермейді деп есептейді


АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хоуглaнд БАҚ және сайлау туралы заң мен саяси партиялар туралы заңға енгізілген өзгерістер ЕҚЫҰ-ның талаптарына сай келмейді деп мәлімдеді. Дегенмен де ол Астананың бұндай рефромалар жасауға талпыныс білдіруінің өзі құптарлық деп атап өтті.

Сәрсенбі, 28 қаңтар күні АҚШ-тың Қазақстандағы жаңа елшісі Ричард Хоугланд Астанада журналистермен өткізген алғашқы баспасөз-мәслихатында сұрақтарға жауап бере келе былай деп атап көрсетті.

-БАҚ туралы, сайлау туралы заңдарға және саяси партиялар туралы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ЕҚЫҰ-ның шынайы талаптарына сәйкес емес. Бірақ мен осындай шынайы стандарттарға жауап беретін көп ел бар деп ойламаймын.

Осылай дей келе елші Ричард Хоугланд Америка үкіметі Қазақстанның саяси жүйені демократияландыру бағытында жасап жатқан жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсете беретіндігін айтты.

Мұнымен қатар АҚШ елшісі жаңа президент Барак Обаманың әкімшілігінің әзірге мемлекеттік департаменттегі Орта Азия елдерімен ынтымақтастық үшін жауап беретін шенеуніктерді ауыстыратындай ойы жоқ деді.

-Президент Обама мен мемлекеттік хатшы Клинтон Орта Азия мәселелері бойынша жұмыс істейтін адамдарға өздерінің сенім білдіретіндіктерін айтып үлгерді. Алайда алдағы уақытта кадр саласында кейбір өзгерістер болуы мүмкін. Әр жолы Вашингтонда жаңа әкімшілік пайда болғанда 3 мыңнан астам саяси лауазымға жаңа адамдар тағайындалады, оның өзі 3 айдан 6 айға дейінгі уақытты алады.

Американдық дипломат сондай-ақ журналистердің АҚШ пен Ресейдің қарым-қатынастары туралы сұрақтарына да жауап берді.

-АҚШ пен Ресей жаулар емес, олар дос ел, дегенмен де кейде бір-бірін аздап қажайтын жайттар да орын алып қалады. Біздердің пікірлеріміз келіспейтін - ортақ болып шықпайтын немесе пікір-көзқарастарымыз бір арнадан табылатын да көптеген бағыттар бар,- дейді елші Ричард Хоугланд.

Ондай бағыттардың қатарында Ричард Хоугланд екі елдің де Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру жолында атқарып жатқан жұмыстарын атады.

Еске сала кетсек, 2009 жылдың басында Қазақстан Парламенті "БАҚ туралы", "Сайлау туралы" және "Саяси партиялар туралы" заңдарға өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдаған болатын. Заң жобаларын дайындаушылар бұл саяси заңнамалар бюрократиялық кедергілерді азайтып, БАҚ-ның жұмысын жетілдіреді, саяси партияларды тіркеу үшін қолайлы жағдай туғызады деп айтқанымен, көптеген саяси партиялардың өкілдері, журналистік ұйымдар мен құқық қорғаушылар ол түзетулерді "бетін жылтырату" деп атап бірнеше қайтара сынаған болатын-ды.
XS
SM
MD
LG