Accessibility links

Мақсат зарыға іздесе де, анасы баласына келмеді


21 жастағы Мақсат Айтбаевтың Америкада түскен суреті.

21 жастағы Мақсат Айтбаевтың Америкада түскен суреті.

Достары мен жақындары Мақсат Айтбаевты 2008 жылғы 7 шілдеде Ақтөбе вокзалынан Америкаға шығарып салған болатын. Тоғыз айдан соң олар Мақсаттың сонау алыс елде өзін-өзі өлтіргенін естіді. Оны білетін адамдар Мақсаттың өзіне-өзі қол салғанына сенбейді.

Тағдырдың жазуымен Америкаға кетіп, бірақ биылғы жылғы сәуір айында өзін-өзі өлтірген Мақсат Айтбаевтың тағдыры жайында Азаттық радиосы бұдан бұрын хабарлаған болатын. Техастық «Стар тэлигрим» газеті алыстағы арып-ашқан Алға қаласында басталған торығу Мақсаттың түбіне жетті деп жазды.

Журналистік зерттеудің жалғасы ретінде біз Ақтөбе облысының балалар шипажайы мен балалар үйінде өткізген Мақсаттың балалық шағы жайында айтып береміз. Америкаға кетер алдында Мақсат Айтбаев анасын табуға әрекеттенді. Ал анасы «Чайка» шипажайына қалдырып кеткен баласына қайтып оралмаған еді.

Азаттық радиосының журналистері де Мақсаттың ата-анасын, жақын туыстарын табуға әрекеттенді. Бүгінгі біздің репортажымыз осы жайында.

ГИТАРАМЕН ӘН САЛАТЫН

Мақсаттың өлімі оның достарына қатты әсер етті. Олар Мақсаттың бұндай әрекетке барғандығына сенбеді. Алға балалар үйінің тәрбиеленушісі Руслан Азаттық радиосына досы Мақсат жайында айтып берді:

- Мен Мақсатпен 2000 жылы балалар үйінде достаса бастадым. Біз сегіз бала дос едік, ол біздің ұйытқымыз болатын. Мақсат өте мейірімді, ақылды бала еді. Кітапты көп оқитын, арамызда бірінші болып гитарада ойнауды үйренді.

Руслан Мақсаттан соңғы хатты оның өлімінен бір апта бұрын алған. Хат кәдімгі хат болатын, алаңдарлық ештеңе жоқ еді дейді Руслан.

Мақсат Айтбаевты (оң жақтан екінші) ұстаздары мен достарының шығарып салу кезіндегі естелік сурет. Ақтөбе, 7 шілде, 2008 жыл.
- Иә, бұдан бұрын ол достарынан алыста жүргендіктен, жалғызсырап жүргенін жазған. Біртіндеп Америкадағы колледжде оның жаңа достары пайда болды. Мен ертеден кешке дейін жұмыстамын, пәтер жалдаймын. Уақыт жетпейді. Соңғы кездері бір-бірімізге хатты сирек жаза бастағанбыз. Мақсат хатында осы жайында ескертіп кеткен. Мүмкін, достарын сағынған шығар,- дейді Руслан.

Ол қыстың ұзақ кештерінде Мақсаттың бөлмесінде жиналатын кездерін еске алды. Қыста кей кездері қазандық нашар істеп, бөлмелер салқын болады. Олар «Бомбокс» магнитофонын қосып, жылу батареясына тақалып жылынып отырып арманға берілетін. Бұл - достардың өміріндегі ең бір бақытты кездер еді. Руслан Азаттық радиосының тілшісіне «Мақсат бауырың» деп жазылған Мақсаттың фотосуреттерін жіберді.

- Мақсат өмірді сүйетін. Ол Қазақстанның лайықты және бақытты азаматы болғысы келді. Ол әрдайым әділдік жағында болатын. Бірге жиналып отырғанда ол гитарамен Виктор Цойдың әндерін айтып, біз оған қосылатынбыз, - деп еске алады Алға балалар үйінің тәрбиеленушісі Руслан.

Мақсаттың достары тезірек есейіп, байып, Алға балалар үйінің балалары үшін көп-көп кәмпит сатып алуды армандайтын.

МАҚСАТ ТУЫСТАРЫН ІЗДЕДІ


Қарғалы өзенінің сол жағалауында балалардың «Чайка» атты Ақтөбе облыстық сүйек-туберкулез шипажайы орналасқан. Шипажайда 1 жастан 17 жасқа дейінгі балаларды туберкулездің асқынған түрінен емдейді. Шипажайда
"Чайка" шипажайы, Мақсат Айтбаевты анасы осында тастап кеткен. К. Нокин атындағы ауыл. 10 тамыз, 2009 жыл.
орта мектеп жұмыс істейді. Балалардың көпшілігі жетімдер, ата-аналары ауруханада емделіп жатқан, жағдайсыз отбасыдан шыққан балалар да бар. Мақсат бұл жарық дүниедегі қысқаша өмір арнасын дәл осы шипажайдан бастады.

«Чайка» шипажайының медбикесі Алмагүл Күлікбаева Азаттық радиосына Мақсат Айтбаевты шипажайға үш жарым жасар кезінде қабылдағанын айтты:

- Біз шипажайға балаларды тек арнаулы бағыттаған құжат арқылы ғана қабылдауымыз керек болатын. Мақсаттың анасы «Елек» қонақ үйіне тоқтағанын, күйеуінің туберкулезбен ауыратынын, олардың өзге де балалары барлығын айтты. Олар Атырау облысынан екен. Әйел отыз бес жастар шамасында болатын. Ол ұлының заттарын қалдырып кетті.

Алмагүл Күлікбаева ол заттардың таза, үтіктелгенін, ұқыптап бүктелгенін, қалтасында баланың аты-жөнінің басқы әріптері кестеленіп тігілгенін әлі күнге дейін ұмытпайды.

- 10 күннен соң қайтып келемін деп уәде берген еді, бірақ келмеді. Ол баласын тастап кететін әйелге ұқсамайтын. Мүмкін бір жағдай болған шығар. Бізде балалар өте көп. Бірақ біз Мақсатты жақсы көретінбіз. Оның сырт келбеті
Мартин мен Мақсат Қазақстан әуежайында. "Стар тэлигрэм" газетіндегі сурет.
анасына ұқсаған. Ол бізді ешқашан ұмытпай, жиі келіп тұратын. Америкаға жүрер алдында қоштасуға келіп кетті. Мақсаттың өзін-өзі өлтіруі мүмкін емес. Мен бұған сенбеймін, - дейді Алмагүл Күлікбаева.

Алмагүлдің айтуынша, Мақсат оның анасын табуға көмектесуін сұраған. Ол өзінің бауырлары, іні-қарындастары бар шығар деп ойлайтын. Шипажай қызметкерлері әр жаққа сұрау салумен болды. Бірақ, нәтиже болған жоқ.

МАҚСАТ НӘЗІК ЖАНДЫ БОЛАТЫН

2-6 сынып аралығында «Чайка» шипажайында Мақсаттың сынып жетекшісі Зоя Ерманова болды. Зоя Ерманова Мақсаттың салған суреттерін осы уақытқа дейін сақтап келеді.

- Мақсатттың асылып өлуі мүмкін емес. Ол өмірге құштар болатын. Шипажайдан соң оны Қурайлыдағы интернатқа жіберген еді. Мақсат ол жақтан жиі қашып кететін, содан соң мен оны таксимен қайтадан интернатқа апаратынмын, - деп еске алады Зоя Ерманова.

Оның айтуынша Мақсатты кейін Алғадағы балалар үйіне ауыстырған. Мақсат ол жақтан да қашқан. Бірақ жаңа жағдайға біртіндеп үйренген.

- Ол қарнының қатты ашқанын, бірақ қалтасында 50 теңгесі ғана болғанын айтты. Бұл ақшаға не сатып алуға болады? Ол сигарет сатып алған. Тартып көрмекші болып еді, ұнамаған соң тастай салды. Мақсат ұлы суретші боламын деп жиі айтатын. Ұлы суретші деп қадап айтатын, - дейді мұғалімі.

Оның айтуынша Мақсат Петербургтегі көркемөнер мектебіне түскісі келген. Ол бала күнінен суретті жақсы салып, тіпті Ақтөбе қаласының мерейтойына арналған облыстық бәйгенің жеңімпазы да болған.

- Оның көзі нашар көруші еді. Демалысқа маған жиі келетін. Кез-келген сыйлықты ол шын қуанып, үлкен алғыспен қабыл алатын. Бір жолы оған сағат пен свитер сыйладым. Кейінірек ол балалар үйіндегі үлкендеу
Ұстаз Зоя Ерманова Мақсат Айтбаевтың бала кезінде салған суреттерін көрсетіп тұр. К. Нокин атындағы ауыл. 10 тамыз, 2009 жыл.
балалар сағатын алып қойғанын, ал свитерді киіп жүргенін айтты. Оның жаны нәзік болатын, - дейді Зоя Ерманова.

8 наурызға қарай мұғалімдері балалардан аналары туралы шығарма жазуларын сұраған. Сол кезде Мақсат қатты толқып, Зоя Ермановадан кім жайында жазамын деп сұраған.

- Мақсат маған анама ұқсайсыз деп жиі айтатын, сөйтіп мен жайында шығарма жазды. Ар-ұятын сақтай білетін, сағаттап еңбек етуге жалықпайтын. Ұрлықпен әуестенбейтін. Сыныпты безендіруді жақсы көруші еді, тапсырмадан бас тартпайтын, - деп еске алады Зоя Ерманова.

Мақсаттың мылтық атуды үйреніп жатқандығы жайындағы Америкадан жіберілген фотосуреттер оны кәдімгідей алаңдатты.

- Соңғы кездері ол өзінің шыққан тегін білмейтіндігін айта бастады. Туыстарын табу керек, мүмкін олар осы маңда жүрген болар,- деп аяқтады сөзін Мақсаттың бұрынғы сынып жетекшісі.

МАҚСАТТЫ БАСҚА ОТБАСЫ АСЫРАП АЛҒЫСЫ КЕЛГЕН

«Чайка» шипажайында ерлі-зайыпты Мұрат және Роза Сүлейменовтер жұмыс істейді. Олар Мақсат Айтбаевты асырап алғысы келген. Ерлі-зайыптылар сонау 1991 жылы-ақ жекеменшік балалар үйін ашпақ болған. Бірақ, нәтиже болмады. Роза Сүлейменова Азаттық радиосына былай деп әңгімелеп берді:

- Күйеуіміз екеуіміз төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Мақсатты асырап алғымыз келген. Ол шипажайға құжатсыз түсті, ешкімі жоқ. Бұған дейін Мақсат Жамбылдағы теміржол ауруханасында емделген екен. «Елек» қонақ үйіндегі 404 бөлмеде тұрған. Мақсатты балалар үйіне жіберді.

Роза және Мұрат Сүлейменовтер отбасылық балалар үйін ашудыармандайды. К. Нокина атындағы ауыл. 10 тамыз, 2009 жыл.
Роза Сүлейменованың айтуынша, құжаттарға қатысты шырғалаңдар мен тұрғын-үй жағдайы оларға Мақсатты асырап алуға мүмкіндік бермеген. Тағдырдың жазуымен Мақсатты америкалық отбасы асырап алған. 2003 жылы Бейбітшілік Корпусынан Алға балалар үйіне волонтер Ребекка Мартин келген. Мақсат ағылшын тілін жақсы білгендіктен Ребеккамен жиі араласып тұрған. 2005 жылы Ребекка Мақсатты асырап алмақ болып шешкен.

- 11 жасында Мақсатты Алғадағы балалар үйіне ауыстырған. Біз оған жиі баратынбыз, ол да демалыс, каникул сайын бізге шын ықыласымен келетін. Шипажайға ол Ребекка Мартинмен бірге келді. Ребекка оны асырап алмақ болды. Біз үшін ең бастысы Мақсаттың өмірден орнын тауып, бақытты болғаны, - дейді Роза Сүлейменова.

Роза Сүлейменова Мақсаттың университетте жақсы оқығанын еске алады. Студенттермен алмасу бағдарламасы бойынша және жазғы жұмыстарға Америкаға барған:

- Сол жақта машина айдауды үйреніп, жүргізуші куәлігін алған. 4 қазанда келуі керек еді. Колледжге оқуға түскенін, жазда келетінін айтып хат жазған. Біз оны күткенбіз.

Розаның айтуынша, Мақсат соңғы хаттарында торығуға түсіп, күшті дәрілер қабылдап жүргенін жазған.

- Жазған хаттарында Мақсат барлығымыздың аттарымызды атап шығатын. Бізді ешқашан ұмытпайтындығы туралы жазатын. Қазақстанға қайту да оған қиын екенін, дағдарысқа байланысты жұмыс жоқтығын жазатын. Оның қайтқысы келген жоқ, - деп ойлайды Роза Сүлейменова.

Мақсат Айтбаев (оң жақта) мылтық атып үйренуде. Америка, 2008 жыл.
Мұрат Сүлейменов әйелінің айтқандарын толықтырып қойды:

- Біздің үлкен ұлымыз Нұрбол – Мақсаттың құрдасы. Олардың сырт келбеттері де ұқсас. Олар бала кездерінен достасып кетті. Мақсаттың сүндеттелуі біз үшін елеулі оқиға болды. Ол жайында фотосуреттер де сақталған. Жақында Нұрбол Мақсаттың қайтыс болғанын естіп өмір сүргісі келмегенін, машинаның астына түсіп өлмекші болғанын айтты.

Сүлейменовтер отбасы үшін Мақсаттың өлімі үлкен қайғы әкелді. Мұрат Сүлейменовтің айтуынша, шипажай қызметкерлері Мақсаттың рухына арнап ас беріп, құран оқытқан.

- Біз Мақсаттың өзін-өзі өлтіруіне байланысты Америкадағы тергеудің қалай жүргенін білгіміз келеді. Оның өлер алдындағы хатын көргіміз келеді. Оны неге сол жақта жерлеген? Ол Қазақстанның азаматы емес пе? Біздің отбасымыз оның өзін-өзі өлтіргеніне сенбейді. Біз оны әлі күнге дейін күтеміз, - деп аяқтады сөзін Мұрат Сүлейменов.

МАҚСАТТЫҢ АТА-АНАСЫ ТАБЫЛМАЙ ЖАТЫР

Балалар үйінен шыққандардың әлеуметтік проблемалармен бетпе-бет қалып, мағынасыз жағдайларға тап болып жатқандығы жайында Азаттық радиосы аз жазған жоқ. Оралда жас жігіт жергілікті билік оның тұрғын-үй туралы құқын бұзып, қудалағаны үшін қарсылық акциясын өткізуге мәжбүр болған. Ал Талдықорғанда балалар үйінің тәрбиеленушісіне қайтыс болған әжесінің үйін иеленуіне көмектескен жағдай да болған.

Қазақстанда жасөспірімдердің өздерін-өздері өлтіруі жиі орын алуда және мұның түрлі себептері бар. Жетімдердің өзін-өзі өлтіруі жеке дара тұр. Соңғы кездері aқтөбелік газеттер жасөспірімдердің өмірден өз еркімен кетулері жайында жиі жазуда.

Азаттық радиосының журналистері Мақсат Айтбаевтың жақын туыстарын табуға әрекеттенгенімен, еш нәтиже шықпады. Мақсаттың ата-анасының дерегі шығып қалады-ау деген мекемелердің барлығымен телефон арқылы хабарластық.

1990-1991 жылдары Мақсат Айтбаевтың әкесі емделуі мүмкін болған Атырау облыстық туберкулез ауруханасындағы сырқаттарды тіркеу кітапшасы сақталмаған. Жамбылдағы балалардың сүйек-туберкулез шипажайындағылар Мақсат Айтбаев 1991-1992 жылдары бұл жерде емделген жоқ деді. Ақтөбе қаласындағы Мақсаттың анасы тоқтауы мүмкін «Елек» қонақ үйіндегілер де келушілерді тіркеу кітапшасы сақталмағанын айтты.

Америкаға жүрер алдында Мақсат Айтбаев анасын таппақ болып әрекеттенді. Осыдан көптеген жылдар бұрын баласын «Чайка» шипажайына қалдырып, қайтып оралмаған анасын. Мүмкін оның ата-анасын білетін адамдар табылып қалар? Олар Атырау облысында тұрған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG