Accessibility links

Әлеуметтік желіде «жиһадқа» шақыратын «қыздар»


Сирияда соғысып жатыр деген тәжік "жиһадшылары". Видеодан алынған скриншот.

Сирияда соғысып жатыр деген тәжік "жиһадшылары". Видеодан алынған скриншот.

«Одноклассники» деген танымал әлеуметтік желіде жас жігіттерді «жиһадқа» шақырған хабарламалар тарады. Ондай парақшалар жабылып жатыр.

Ресейдегі еңбек мигранттары «Одноклассники» әлеуметтік желісі арқылы Сирияға соғысқа аттануға шақырған хабарламалар алады. Қолына автомат ұстаған жас тәжіктердің фотосуреттері жарияланып жатқан «Одноклассники» әлеуметтік желісін Тәжікстанда 500 мыңдай адам пайдаланады деген дерек бар.

Қазақстандық сарапшының пікірінше, адамды «жихадқа» бетпе-бет үгіттейді.

«НӘСИБАНЫҢ АҒАСЫ»

Далер есімді мигранттың Ресейде құрылыста жұмыс істегеніне талай жыл болған. «Одноклассники» желісінің көмегімен жар тауып алғысы келген ол осы желіде «Мұсылман қызы Мубориз» есімді бойжеткенмен танысқан. Бір жарым айдай әлгі қызбен хат жазысып тұрған Далер «бойжеткенмен» кездескісі келген. Бірақ «кездесу алдында ғана хабарлаймын» деген қыз телефон нөмірін беруден бас тартқан.

Далердің айтуынша, хат арқылы сөйлесіп жүрген кезде әлгі бойжеткен діни тақырыптар және Сирияда болып жатқан «қасиетті соғыс» туралы әңгіме қозғаған. Ол мұсылмандарды өлтіріп жатқан «кәпірлерді» айыптап, Далерге балалар мен әйелдерді аяусыз қырып жатқан кадрлары бар видео да жіберген.

Әлгі жігіт «азап шегіп жатқан мұсылман бауырларға көмектескің келсе, менімен бірге жүр. Нәсибаға сол жақта қосыласың» деп Сирияға шақырды.

Бұл таныстықтан үміт күткен әрі онымен жуырда кездесуден дәмелі жігіт қыздың көңілін қалдырмас үшін «мұсылмандарға бұлай қиянат жасағандары дұрыс емес» деп аяушылық білдірген.

- Ол маған келетін болып, екеуміз келістік. «Келсең, Сирияға бірге кетеміз» деп жауап бердім. Онымен кездескім келгендіктен, мұны шын көңіліммен айттым. Содан кейін ол желіден үш күндей жоғалып кетті. Кейін біз жұмыс істеп жатқан құрылыс алаңына өзін «Нәсибаның ағасымын» деп таныстырған бір жігіт келді. Ол қарындасының билет сатып алып, Сирияға ұшып кеткенін айтты. Әлгі жігіт «азап шегіп жатқан мұсылман бауырларға көмектескің келсе, менімен бірге жүр. Нәсибаға сол жақта қосыласың» деп Сирияға шақырды, - дейді мигрант Далер Азаттықтың Тәжік қызметіне (Озоди радиосы).

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ «ТҰЗАҚТАР»

Біраздан кейін «Мұсылман қызы Мубориз» деген пайдаланушының парағы ашылмай қалғандықтан, Далер ондай қыздың ешқашан болмағанына, ал әлгі хаттарды «Нәсибаның ағасы» жазып тұрғанына көзі жеткен.

Азаттықтың хабарлауынша, Далер сияқты тәжік мигранттарының көбі «Одноклассники» әлеуметтік желісінде діншіл қыздардың «танысына» айналады. Бұл желідегі жастар арасында жалған есімдер арқылы «жиһад» насихатталады.

Ресми дерекке қарағанда, Сирияда 200-дей тәжік жігіті соғысып жатыр. Қазірге дейін 50 шақты тәжік қаза тапқан. Сириядағы соғысқа олар Ресей және Түркия арқылы аттанады. Бірақ «жиһадқа» әлеуметтік желі арқылы барған Тәжікстан азаматтары туралы нақты мәлімет жоқ. Қазір Сирияда соғысып жүргенін әрі «Одноклассники» желісінде аккаунты барын айтқан тәжік жігіттерінің бірі Азаттық тілшісімен сөйлескен кезде «исламшылар қатарына әлеуметтік желі арқылы кірмегенін» айтқан.

Әлгі жігіттің сөзіне қарағанда, Ресейде мұсылмандарға «жиһад» туралы ақпарат тарататын мұсылмандар көп. «Одноклассники» желісінен араб есімді, бірақ «жиһадқа» тәжік тілінде шақырып әрі қайдан шыққаны белгісіз видеоматериалдарды жариялайтын мыңдаған пайдаланушыны табуға болады.

Тәжікстан интернет-провайдерлері қауымдастығы басшысы Асомиддин Атоевтің айтуынша, бір топтарға жастарды экстремизмге әлеуметтік желілер арқылы үгіттеу ыңғайлы. Ол соңғы кезде әлеуметтік желілерде жас экстремистер контенті күрт көбейіп кеткенін айтады.

Тәжікстандағы жұмыссыздықтан әбден қажығандықтан, Сириядағы соғысқа барғысы келетін талай жігітпен әңгімелестік.

Бүкілресейлік «Тәжік еңбек мигранттары» қоғамдық қозғалысы төрағасы Каромат Шәріповтің айтуынша, жастарды Сирия мен Ирактағы соғысқа баруға үгіттеп жүрген адамдарға қожайындары көп ақша төлейді. «Олар Тәжікстанда белгілі бір қиындыққа ұшырап, елге қайтқысы келмей жүрген жастарды үгіттеп, қатарларына тартады» дейді. Ресми статистикаға сәйкес, Тәжікстандағы жұмыссыздардың 90 пайызы - 18-29 жас аралығындағы жастар.

- Тәжікстандағы жұмыссыздықтан әбден қажығандықтан, Сириядағы соғысқа барғысы келетін талай жігітпен әңгімелестік. Тәжікстандағы қарызы сияқты жүздеген проблемаларын уайымдайтын жігіттердің көбі елге қайтқысы келмейді. Тәжікстандағы өмірі туралы айтқысы келмегеніне қарамастан, олардың кейбірін алған бетінен қайтаруға тырыстық, - дейді Шәріпов.

Оның айтуынша, Сириядағы соғыс қимылдарына қатысқан тәжіктердің көбеюі Тәжікстанға қатер төндіреді, өйткені әлгі жастар елге мүлде өзге адам болып оралуы мүмкін.

ҚАЗАҚСТАНДА БЕТПЕ-БЕТ ҚАНА ҮГІТТЕЙ МЕ?

Биыл сәуірде Қазақстанда қабылданған жаңа қылмыстық кодексте «шет мемлекеттің территориясында болған қарулы қақтығыстар немесе соғыс қимылдарына заңсыз әрі қасақана қатысқаны үшін» үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жалданып соғысқандар мен террористік немесе экстремистік дайындықтан өткендерді де қылмыстық жауапкершілікке тарту жазасы белгіленген.

Сириядағы қазақ "жиһадшылары" деп жарияланған видеоның кадры. Видеодағы мына бір жігіт өзін "Абу Анис" деп таныстырған.

Сириядағы қазақ "жиһадшылары" деп жарияланған видеоның кадры. Видеодағы мына бір жігіт өзін "Абу Анис" деп таныстырған.

Саясаттанушы Талғат Мамырайымов «Қазақстанда адамдарды ислам мемлекеттерінің террористік ұйымдарына кіруге қалай үгіттейтінін білмеймін» дейді.

- Ислам мемлекеттерінің террористік ұйымдарына «қызметкерлер» шақыратын әлеуметтік желілерді «жиһадқа» үгіттеуге де пайдаланады дегенге сенбеймін. Оларды «қызметкерлер» деуімнің себебі, терроризм - кәсіпқой адамдарға жүктелетін жауапты жұмыс. Бейтаныс жандардың әлеуметтік желі арқылы жастарды «жиһадқа» шақыруы мүмкін емес. Бұл - нонсенс, әрі бос сөз. Адамды бетпе-бет кездесіп үгіттеуге ғана болады, - дейді Азаттық тілшісіне Талғат Мамырайымов.

Оның пікірінше, билікке саяси қарсылық таныту формаларының бірі болып есептелетін «жиһад» көбінесе саяси себептермен жасалады.

- «Жиһад» туралы үндеулердің жұртты еліктіріп, кейбір жандардың мұндай үндеулерге еріп жатқанына таңданудың қисыны жоқ . Ислам дінін кемсітуге қарсы «жиһадтан» бөлек, мұсылман қауымын дұрыс басқармайтын әміршілерге қарсы да «жиһад» бар. Мұсылман жамағаттарының көбі біздің билікті де дінсіздер деп атайды, - дейді саясаттанушы.

Бір жыл бұрын Қазақстанда Сириядағы соғысқа кеткен қазақ «жиһадшылар» туралы видеожазбалар пайда болған. Ол сюжеттерде «Ирак және Шам ислам мемлекеті» («Ислам мемлекеті») экстремистік тобының туын ұстап тұрған жігіттер көрсетілген. Азаттық әлгі видеосюжеттердегі кейбір азаматтардың кім екенін анықтаған болатын.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG