Accessibility links

Жаңаөзенде қару қолдану туралы бұйрық – заңсыз


Жаңаөзен тұрғыны тегіс оқпанды қарудан атылған оқты көрсетіп тұр. Жаңаөзен 19 желтоқсан 2011 жыл

Жаңаөзен тұрғыны тегіс оқпанды қарудан атылған оқты көрсетіп тұр. Жаңаөзен 19 желтоқсан 2011 жыл

Оралдық заңгер Абзал Құспанов желтоқсанның 16-сы күнгі Жаңаөзен оқиғасы кезінде арнайы жасақ пен полицияның қарусыз халыққа оқ атуына заң тұрғысынан баға берді.


Қазақстан республикасы конституциясының 1-бабына сәйкес, Қазақстан республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық (конституция 3-бап, 1-бөлімі). Әркімнің өмір сүруге құқығы бар (конституция, 15-бап, 1-бөлімі).

Қазір бұқара халықтың арасында Жаңаөзендегі жағдайға байланысты қызу талқыланып жатқан бір мәселе, ол – қарусыз халыққа полицияның атыс қаруын қолдануы.

Мен заңгер ретінде осы мәселеге заңдық тұрғыдан талдау жасап көрмекпін:

Біріншіден, халықтың наразылығы бастапқыда еңбек дауынан басталғаны, яғни әлеуметтік мәселе екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін белгілі нәрсе. Жеті ай бойы ереуілдеп тұрған халықтың, осы кезге дейін қоғамдық тәртіпті бұзбағаны да анық. Жарты жылдан бері осы мәселені шешпеген билік өкілдерінің жауапкершілігі – өз алдына бөлек тақырып.
Жеті ай бойы ереуілдеп тұрған халықтың, осы кезге дейін қоғамдық тәртіпті бұзбағаны да анық.

Менің көтергелі отырған мәселем – полиция өкілдерінің халыққа оқ атуы қаншалықты негізді және заңды деген сұрақ.

Ішкі істер органдары қызметкерлерінің қызметі – «Ішкі істер органдары туралы» Қазақстан республикасының заңымен реттеледі. Аталған заңның 3-бабында ішкi iстер органдары қызметiнiң принциптерi бекітілген, оған сәйкес:

ішкi iстер органдарының қызметi заңдылық, дара басшылық, iшкi iстер органдары жүйесiнiң бiрлiгi, жариялылық, құқық қорғау және басқа да мемлекеттiк органдармен, лауазымды тұлғалармен, ұйымдармен және азаматтармен өзара iс-қимыл жасау принциптерiне негiзделiп құрылады.

Яғни, бұл - әрбір полиция өкілінің өз қызметінде басшылыққа алатын негізгі қағидалары. Бұл қағидаларды сақтамау заң талаптарынан ауытқу болып танылады. Енді осы принциптер Жаңаөзен оқиғасында қаншалықты сақталғанын саралап көрейік.

Атыс қаруын қолдану қаншалықты заңға негізделген? «Ішкі істер органдары туралы» Қазақстан республикасы заңының (бұдан былай заң) 8-бабы, 2-бөлімінде былай делінген: «ішкi iстер органдарының қызметкерлерiне арнайы құралдар мен атыс қаруын өзiмен алып жүру, сақтау не қолдану құқығы берiледi. Олар, сол сияқты күш, соның iшiнде күрестiң жауынгерлiк тәсiлдерiн қолдануға хақылы. Арнайы құралдарды, атыс қаруы мен күш қолдану тәртiбi осы заңмен белгiленедi».
Полиция қызметкерлеріне немесе олардың жанұясына шабуыл жасалса олардың атыс қаруын қолдануға құқылы екендігі бекітілген.

Әрі қарай, 13-бапта қандай жағдайда – арнайы құралдар мен жауынгерлік күшті, ал 14-бапта атыс қаруын қолдануға болатындығы ретімен көрсетілген. Осы жерде бір ескеретін жайт – 14-баптың, 2-бөліміне сәйкес, полиция қызметкерлеріне немесе олардың жанұясына шабуыл жасалса олардың атыс қаруын қолдануға құқылы екендігі бекітілген. Алайда, дәл осындай жағдайда, 13-баптың 1-бөліміне сәйкес, арнайы құралдар мен жауынгерлік күшті қолдануға болатындығы да көрсетілген. Бұдан шығатын қорытынды – полицияға бір жағдайда екі түрлі тәсілді таңдау құқығы берілген.

Бірақ, полиция – төменнен жоғарыға бағынатын, иерархиялық саты үлгісіндегі құрылым болғандықтан, атыс қаруын қатардағы полицияның өздігінен қолдануы мүмкін емес нәрсе. Яғни – бұқара халыққа қарсы атыс қаруын қолдануға міндетті түрде біреу бұйрық берген. Демек, жоғарыда аталған сұрақтан екінші сұрақ туындайды, Бұйрықты берген кім болуы мүмкін?
Абзал Құспанов, заңгер. Алматы, 13 шілде 2011 жыл

Абзал Құспанов, заңгер. Алматы, 13 шілде 2011 жыл


Заңның 7-бабына сәйкес, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың iшкi iстер департаменттерiнiң бастықтары тиiстi облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумақтарында орналасқан iшкi әскерлер бөлiмшелерiнiң, бөлiмдерi мен құрамаларының командирлерiне қатысты, сонымен бірге облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың iшкi iстер департаменттерiнiң құрылымына кiрмейтiн өзге де iшкi iстер органдары мен бөлiмшелерiнiң басшыларына қатысты, ал төтенше жағдайлар кезiнде - оларға берiлген барлық күштер үшiн аға оперативтiк бастықтар болып табылады делінген. Яғни, заң талаптарына сәйкес, атыс қаруын қолдануға бұйрық беруге құқылы бірден-бір уәкілетті тұлға, ол – Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің бастығы болуы мүмкін.
Бұл жерде полиция өкілдерінің қолында арнайы құралдар болмады дейтін болсақ, оны келесі айғақтар жоққа шығарады: біріншіден, ереуілшілер көшеге аяқ астынан шыққан жоқ, жеті ай болды, яғни полиция бұл оқиғаға алдын-ала дайындалуы шарт.

Ендігі жерде, берілген бұйрықтың заңдылығына байланысты Қазақстан республикасы қылмыстық істер жүргізу кодексінің 24-бабына сәйкес, міндетті түрде тергеу амалдары жүргізіліп, қылмыстық іс қозғау немесе қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы процессуалдық шешім қабылдануы шарт.

Заңгер ретінде менің жеке пікірім – Жаңаөзен жағдайында атыс қаруын қолдануға берілген бұйрық – негізсіз. Себебі біріншіден, БАҚ-тан көргенім халықтың қолында ешқандай қару немесе атыс құралдары жоқ, ол туралы ресми БАҚ та ешқандай ақпарат таратпады.

Екіншіден, полицияға арнайы құралдарды қолданса да жеткілікті болатын. Мысалы, осындай жағдайда полицияға қолдануға рұқсат етілген арнайы құралдар қатарына су атқыштар да жатқызылған, Жаңаөзен жағдайында қақаған қыс айында ереуілшілердің үстінен сумен атқыласа, олардың екпінін басуға сол да жеткілікті емес пе? Бұл жерде полиция өкілдерінің қолында арнайы құралдар болмады дейтін болсақ, оны келесі айғақтар жоққа шығарады: біріншіден, ереуілшілер көшеге аяқ астынан шыққан жоқ, жеті ай болды, яғни полиция бұл оқиғаға алдын-ала дайындалуы шарт; екіншіден, жоғарыда аталған заңның 7, 10, 11 баптарына сәйкес, қажеттілік болса полиция өрт сөндіру құралдарына да билік ете алады.

Үшіншіден, тәуелсіз БАҚ-та пайда болған соңғы бейнежазбада полиция өкілдерінің қашып бара жатқан адамдарға оқ жаудырып жатқанының куәсі боламыз. Егер сол бейнежазба мәліметтеріне сенетін болсақ, онда полицияның атыс қаруын қолдануы негізсіз ғана емес, заңсыз да болып табылмақ. Себебі, атыс қаруын қолдануға бірден-бір шарт – адамдардың полицияға «шабуыл жасағаны», «өмірлеріне қауіп төндіргені» жоққа шығарылып отыр.

(Желтоқсанның 16-сы күнгі Жаңаөзен оқиғасы кезінде арнайы жасақ пен полицияның қарусыз халыққа оқ атуына заң тұрғысынан баға берген - оралдық заңгер Абзал Құспанов).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG