Accessibility links

Қазақстандағы діни саясат тұйыққа тірелді ме?


Университет ұстазы хиджап киген студент қызды оқу ғимаратына кіргізбей тұр. Атырау, 12 қараша 2010 жыл. Көрнекі сурет

Университет ұстазы хиджап киген студент қызды оқу ғимаратына кіргізбей тұр. Атырау, 12 қараша 2010 жыл. Көрнекі сурет

ИМ жариялаған видеода «жиһадшы қазақ балалар» «кәпірлерді бауыздаймыз» дейді. Қазақстан билігі «елдегі діни ахуал қалыпты» деп хабарлайды. Соңғы уақытта радикалдар неге күрт көбейді?

ИМ ультра-радикалдық содырлар ұйымы жариялаған соңғы видеолардың бірінде бастауыш мектеп жасындағы қазақша сөйлейтін балалар нәзік саусақтарымен Калашников автоматын шапшаң құрастырып, жіңішке балаң дауыспен «өскенде кәпірлерді бауыздап өлтіретіндерін» айтады. Бұл видеоның растығы, нақты қашан, қай жерде түсірілгені әлі анықталған жоқ. Бірақ бұрынырақ жарияланған осыған ұқсас видеоматериалдардағы кейіпкерлерді Азаттық тілшілері анықтап, олардың қай өңірден, қандай отбасынан шыққандарын егжей-тегжейлі баяндаған еді. Өткен аптада Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті де «Ислам мемлекеті» содырлар ұйымына кем дегенде 300 қазақстандықтың қосылғанын растаған.

Бір жыл ішінде Сирия мен Ирактағы ультра-радикал қарулы топқа қосылып жатқан қазақстандықтардың бұрын-соңды болмаған көлемде күрт көбеюі неден?

Соңғы видеоға қатысты ұлыбританиялық Daily Mail пікірін келтірген Лондондағы Кингс-коллеждің қорғаныс саласын зерттеуші ғалымы доктор Андрес Криг ИМ-нің көбіне Ирак, Сирия, Ливия мен Йемен елдерінен сарбаз жинайтынын, Қазақстанның бұл ұйым нысанаға алған негізгі ел емес екенін айтқан. «Қазақстан – әжептәуір тұрақты ел. Бұл адамдар (видеодағы қазақстандықтар – авт.) – Ұлыбритания мен басқа да Батыс елдеріндегі сияқты азаматтық құқықтан айырылып, қоғамында оқшау қалғандар» дейді ол.

Ұлыбританиялық маманның бұл пікірімен бүтіндей келісу қиындау. Өйткені Батыстағы және постсоветтік Орталық Азия елдеріндегі діни радикалдардың қоғамнан оқшаулануы екі басқа сипаттағы процесс. Батыста діни радикалдар көп жағдайда саяси-экономикалық сферада дауысы әлсіз, білім деңгейі мен кәсіби біліктілігі салыстырмалы түрде төмендеу азшылық мигранттар тобынан шығады. Батыс елдерінің үкіметтері қалыпты діндарлар мен радикалдарды бір-бірінен бөле-жара қарамайды. Конституциялық құрылымына ашық қауіп төндіретіндей экстремистік риторика, я қимылға көшпесе, олардың қандай да бір діни көзқарас ұстанып, рәсім өтеуі үшін бас қосуына шектеу қоймайды. Радикалдарды зайырлы һәм секулярист мемлекет принциптері мен заңдарына сай бақылап отырады.

Ал Қазақстан мен басқа да Орталық Азия елдерінде билік пен діни радикалдардың арасында биік дуал тұрғызылған. Ол дуалдың постсоветтік идеологиялық аппарат ойлап тапқан аты – «дәстүрлі Ислам».

Ал Қазақстан мен басқа да Орталық Азия елдерінде билік пен діни радикалдардың арасында биік дуал тұрғызылған. Ол дуалдың постсоветтік идеологиялық аппарат ойлап тапқан аты – «дәстүрлі Ислам». Мысалы, Қазақстанда конституцияға сәйкес діни сенім бостандығы барша азаматтарға тиесілі құқық. Бірақ құрылымы мен мәртебесі бойынша елдегі көптеген республикалық діни бірлестіктердің бірі болса да, «Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігі» (ҚМДБ) атты ұйым билік тарапынан мойындалған «дәстүрлі Исламның» бірден-бір орнықтырушысы, қорғаушысы етіп көрсетіледі. Ауызекі тілде «мүфтият» аталып кеткен бұл бірлестік арқылы дін істері жөніндегі комитет ашық түрде «сүнниттік ханафи мазһабты, матуриди ақидалы дәстүрлі Исламды» насихаттап бағады. Дін істері комитетінің қазіргі төрағасы биыл ҚМДБ-мен бірлесе өткізген конференцияларының бірін «Матуриди ақидасы – әбу Ханифа ілімінің жалғасы» деп атаған. Ал бұл мемлекеттік мекеменің бұрынғы басшысы «ханафи мазһабына сәйкес намаз оқитынын» мәлімдеген еді. Қазақстандағы «дәстүрлі Исламның ханафи мазһабты, матуриди ақидалы» екені туралы кесімді тұжырымдама президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да аузынан жиі шығады. Мұның соңы аймақтардағы ішкі саясат басқармалары мен ҚМДБ бірлесе өткізетін «Менің таңдауым – Ханафи мазһабы» деген сияқты семинар-тренингтерге ұласып жатады. Өзге Орталық Азия елдерінде де бұл тенденция анық көрінеді. Мысалы, қарашаның басында Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев «ханафи мазһабын қырғыздардың тарихи діни мектебі» ретінде сипаттап, тіпті мұсылман киімінің қандай болуына қатысты пәтуаға ұқсас пікір айтып тастаған. Түптеп келгенде бұл құбылыс православие шіркеуін билік тарапынан бірден бір мойындалған, ресми діни институтқа, идеологиялық құрылымға айналдырған Кремльдің саясатын көшіріп алуға ұқсайды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) ҚМДБ төрағасымен (сол жақта) Астанадағы мешіттің ашылу салтанатына келді. 6 шілде 2012 жыл

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) ҚМДБ төрағасымен (сол жақта) Астанадағы мешіттің ашылу салтанатына келді. 6 шілде 2012 жыл

Мұндай жағдайда Қазақстандағы Исламның ортодокс бағытқа жатпайтын (биліктің анықтамасы бойынша «дәстүрлі емес») мектептерін ұстанушы мыңдаған азаматы былай қалсын, ортодокстік түрін ұстанатын басқа сүнниттік үш мазһаб өкілдерінің өзі конституциясы бойынша зайырлы саналатын Қазақстан билігіне өз құқығын қорғайтын тәуелсіз арбитр ретінде қарай алмайды. Тіпті ханафи мазһабының өзін ұстанған жағдайда да жергілікті билікпен және ҚМДБ-мен келісімге келе алмай жабылып қалған Петропавлдағы татар-башқұрт қауымының мешіті бастан кешкен қиындық та осы діни саясаттың бір көрінісіндей.

Осылайша Қазақстан билігі «дәстүрлі Ислам» жобасын ҚМДБ-мен ғана шендестіре көрсетіп, халықаралық деңгейде «сенім бостандығын шектейді» деп сыналған «Діни қызмет және діни ұйымдар» туралы заң қабылдап мұсылмандық азшылық топтардың оқшаулана түсуіне, жасырын іс-әрекетке көшуіне өзі түрткі болғандай.

Кейбір жергілікті сарапшылар соңғы уақытта қазақстандық күштік құрылымдардың бейортодокс діни топтармен қарым-қатынас жасау тәсілін «жұмсартқанын байқағандарын», бірақ «жүйелі саясат жоқтығын» айтады. Саясаттанушы Ерлан Қарин Азаттыққа берген комментариінде: «Облыстарды аралап жүргенде байқағаным – кейбір «радикалдық» деп сипатталған діни топтар де-юро заңсыз деп танылғанымен, де-факто өз жұмысын жасап жатыр. Бұл құбылыс билікте осы мәселені шешуге қатысты ізденіс бар екенін көрсетеді. Бірақ бұл ізденістің бір орталығы жоқ сияқты. Құқыққорғау органдарында – бір көзқарас, дін істері комитетінде – басқа көзқарас қалыптасқан, ал әрбір аймақтағы жергілікті билік жергілікті жағдай мен діни топтардың ерекшелігіне қатысты өзінше бір эксперименталдық саясат жүргізіп жатқан сияқты» деді.

Зайырлы һәм секулярист мемлекеттің мақсаты діни көзқарас алуандығын сақтай отырып, діни топтардың конституциялық құрылымға, я бір-біріне қатысты зорлықшыл, төзімсіз, я экстремистік риторика мен әрекетке бармауын бейтарап, әділ түрде заң жолымен қадағалау һәм олардың бейбіт түрде жоралғыларын атқаруына кепілдік беру болса керек.

Дін істері комитеті 2013 жылы өткізген әлеуметтану сауалнамасына қатысқандардың 90 пайызы діни ахуалды қалыпты деп бағалағанын хабарлайды. Қазақстанның 2013-2017 жылдарға арналған «Діни экстремизм және терроризммен күрес» атты мемлекеттік бағдарламасына 103 миллиард теңгеден артық қаржы бөлінген. Астана демократиялық зайырлы мемлекет құндылықтарын діни экстремизмнен қорғауға ынталы екенін осылайша көрсеткісі келеді. Бірақ соңғы он шақты жылда «экстремизм» айыбы бойынша жүздеген қазақстандық топ-тобымен жабық жағдайда ұзақ мерзімге сотталып жатқан жағдайда билік радикалдық ағымдарға зайырлы мемлекеттегі діни мәдениет принциптерін түсіндіруден гөрі, біржақты жазалауға көшкендей әсер қалады.

Билік қандай да бір діни институттың басқаларға қарағанда «үстем, тарихи, я дәстүрлі мәртебесін» жоғарыдан бекітіп, таңу арқылы өзінің бейтарап, зайырлы, я секулярист төреші мәртебесінен айырылады. Ал билік өкілдері «намазды қай мазһаб, қандай ақидаға сай оқу керектігі» туралы ақыл айтып, діни риториканы қолданған сәтте діни орта үшін көп тараптың біріне айналады. Сол себепті кешегі советтік ресми дінсіздікті бүгін ресми діндарлықпен алмастырудан көп өзгеріс тумайды. Зайырлы һәм секулярист мемлекеттің мақсаты діни көзқарас алуандығын сақтай отырып, діни топтардың конституциялық құрылымға, я бір-біріне қатысты зорлықшыл, төзімсіз, я экстремистік риторика мен әрекетке бармауын бейтарап, әділ түрде заң жолымен қадағалау һәм олардың бейбіт түрде жоралғыларын атқаруына кепілдік беру болса керек. Қазақстан «дәстүрлі діннен» гөрі осындай діни саясатқа көбірек мұқтаж.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG