Accessibility links

Француз авторы Адриан Фовтың жаңа кітабында Қазақстан астанасының әлеуметтік дамуы мен сәулеті сипатталған.

1997 жылдан бастап Қазақстанның жаңа астанасы – Астана қаласы шетелдіктер үшін орналасқан жерінің экзотикалығымен, аса қарқынды құрылыстарымен, толассыз жарнамасымен жұрт назарын өзіне аударды. Француз авторы Адриан Фов Bienvenue à Astana, La Capitale des Steppes…et du Monde («Даланың... және әлемнің астанасы – Астанаға қош келдіңіз») атты кітабында осылай деп жазады. Ол «Астана» велокомандасы, «Борат» фильмі мен қаланың сырт келбетін салыстырмалы түрде сипаттаған.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ТУЫНДЫСЫ

Адриан Фовтың пікірінше, Астананың ландшафтын жасауға көп күш жұмсаған билік, шын мәнінде елдің позитивті имиджін қалыптастырып, «Борат әсерінен» арылуға барынша тырысқан. Біржақты әрі сәлі ащылау болса да, мұндай байлам Астананың «ішкі» ғана емес, «сыртқы» мақсаттарды да көздейтінін байқатады. Фовтың кітабы көпшіліктің көкейіндегі сауалмен аяқталады: Қазақстанның қазіргі президенті биліктен кеткен соң қаланың тағдыры не болады? Астана өзін қайта түлеткен адамның атымен атала ма?

Түнгі Астана.

Түнгі Астана.

Қазақстанның жаңа астанасына арналған алғашқы буын кітаптары бір-біріне ұқсайды: оларда сын айтылмайды және биліктің сарыны қайталанады. Батыс авторлары болса, не Астананы Орталық Азиядағы авторитарлық жүйенің жемісі деп қарайды (Астана – Назарбаевтың туындысы) немесе минералдық қазбаларға бай елдің экономикалық дамуының тарихи көрсеткіші деп бағалайды.

Астана Қазақстанның тұңғыш және күні бүгінге дейінгі жалғыз президентінің туындысы екені даусыз. Астананы салуға мемлекет бюджетінен қаржы бөлінгені де мемлекет тарапынан жасалған қолдауды білдіреді. Бірақ бұл факторлар үкімет кеңселері орналасқан аудандардың нелбіктен ауысқаны, сондай-ақ 2000-жылдардың соңында басқа қала тұрғындарының Астанаға жаппай ағылуының себептерін түсінуге жеткіліксіз болар еді.

АСТАНАНЫ ЗЕРТТЕУШІЛЕРДІҢ ЖАҢА БУЫНЫ

Адриан Фов осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп, оларға әлеуметтік әдістер мен теорияларға сүйеніп (көбінесе Фуко мен Бурдьеге) жауап іздеуге тырысқан жаңа буын зерттеушілеріне жатады. Олардың кейбірі Қазақстанға жергілікті тілдерді бұрыннан біліп немесе жаңадан үйрену үшін келген. Олар қаламен етене жақын танысып, жергілікті адамдар арасынан дос табуға, қысқа мерзімге келген саяхатшыға тән іс-әрекеттерді қайталамауға тырысты. Нәтижесінде, соңғы кездері жарияланған мақалаларда Астана және оның Қазақстан қоғамына тигізген әлеуметтік-экономикалық әсері жай ғана авторитаризм, геосаясат пен мұнай-газ тудырған қала деп емес, жеке зерттеу нысаны ретінде қарала бастағаны байқалады.

Адриан Фов өзінің докторлық дисстертациясын 2013 жылы Париждегі Sciences Po-да (Саяси зерттеулер институты) қорғады, қазір сол жерде ғылыми қызметкер және Румынияның Клуж-Напока қаласындағы Бабеш Боляй университетіне барып дәріс оқиды. Кітап оның докторлық жұмысы негізінде жарық көрген. 115 беттен тұратын, тамаша суреттері бар, қалың бұқараға арналған шағын кітапша 2015 жылы Éditions В2 баспасынан шыққан. Кітапта автор қаланың Қазақстан астанасы ретінде таңдалу себебі туралы қысқаша тарихын баяндап, Есіл өзенінің сол жағалауындағы негізгі көрнекті орындар мен жапон архитекторы Кишо Курокава әзірлеген қаланың бас жоспарын сипаттайды.

ЕКІ ЖАҒАЛАУ ТҰРҒЫНДАРЫ

Кітапта қазіргі Астананың қызықты сипаттамасы берілген. Қаладағы құрылыстар өте жылдам әрі тәуекелмен салынды, жобалар да тез пайда болып, далаға тараған сағымдай жұтылып жатты, кітапты оқыған болашақ оқырмандар 2015 жылы ол жерде не болғанын және басқа адамдардың ол туралы не ойлағанын біле алады. Фов суреттейтін Астана – бірнеше зәулім де келісті ғимарат пен олар тудыратын әсерді баяндайтын қалалық мәтін. Бірақ оның кемшін тұстары да жоқ емес.

Астанадағы ескі үй және Ақорда.

Астанадағы ескі үй және Ақорда.

Автор Астана тек сол жағалаудан тұрады деп мәлімдемейді. Бірақ кітапта ол оң жағалау жайлы үстірт қана айтып, оған тоқталмаған. Қаланың қос бөлігінің айырмасына мұқият үңілмей, Астананың әлеуметтік күделілігін түсіну аса қиынға соғар еді. Екі жағалаудың айырмасы бары анық: оң жағалауда қаланың түпкілікті тұрғындары өмір сүрді, қазір қаланың екі жағалауы бір-бірін толықтырып тұр. Нақтырақ айтқанда, жаңадан келгендер оң жағалаудан пәтер жалдайды немесе сатып алады, ал жаңа буржуазия «ескі» қаладан «жаңасына» көшеді. Сол жағалауға өту әлеуметтік Рубиконды кесіп өту дегенді білдіреді. Сол жағалауда тұрып, жұмыс істеуді екінің бірінің қалтасы көтермейді. Ал оң жағалауда тұратын, сол жағалауға жұмысқа баратын мыңдаған жас кеңсе қызметкерлерін күнде көресіз.

Екінші кемшілік автордың сипаттамасында өте маңызды рөл атқаратын ғимараттарға қатысты. 1996 жылдан бері Астанада сапасы, мөлшері және бағасы әртүрлі көп ғимарат салынды. Олардың кейбірі танымал сәулетшілердің жобасымен тұрғызылды. Бірақ, осыларды «архитектуралық нысан» деп санауға бола ма деген сұрақ туады. Ол ғимараттарды салуға кім мұрындық болғаны, тапсырыс беру қалай ұйымдастырылғаны, конкурста кім жеңіп шыққаны да зерттеуге лайық тақырып емес пе? Оған қоса, сол сәулетшілердің идеялары толық жүзеге асты ма, әлде бастапқы ұсыныстан ауытқуына не мәжбүр етті? Қазақстанда құрылыс саласында жариялылық жоқ екенін ескерсек, ондай ақпаратты алу оңай емес екені белгілі. Бірақ үрдіс пен динамиканы зерттемей, құр «сәулет өнерін» сипаттап шығу жай ғана l’art pour l’art (өнер тек өнер үшін) болып қана қалмақ.

(Нари Шелекбаевтың мақаласы ағылшыннан аударылды.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG