Accessibility links

Жаңаөзенге қатысты жаңа веб-сайт ашылды


janaozen.net ақпараттық, саяси-қоғамдық порталының вебсайты. Алматы, 13 наурыз 2012 жыл.

janaozen.net ақпараттық, саяси-қоғамдық порталының вебсайты. Алматы, 13 наурыз 2012 жыл.

Алматыда наурыздың 13-і күні Janaozen.net ақпараттық, қоғамдық-саяси порталының ашылу рәсімі өтті.


Порталдың бас редакторы Қасым Аманжолұлының айтуынша, ақпараттық портал Жаңаөзен оқиғасына қатысты барлық жаңалықтарды қамтып, сонымен бірге оқырман қауымды ел өміріндегі басты қоғамдық-саяси оқиғалардан құлағдар етіп отырады.

Ашылу кезінде ол «Жаңаөзен деген порталды аша отырып, қандай қадамға барып тұрғанымызды да білеміз» деп елде тәуелсіз ақпарат құралдары үнемі бастан кешіретін тосқауылдардың да жаңа сайтты айналып өтпейтініне меңзеді.

- Бұл бір үлкен атаудың, үлкен есімнің, үлкен оқиғаның аты арқылы жарнама жасау емес. Бұл таза сезімнен, таза жүректен туындаған қазақ жастарының ішкі жанайғайы және біздің кәсіби міндетіміз, - деді Қасым Аманжолұлы сайттың ашылу шарасы кезінде.
Қасым Аманжолұлы, Janaozen.net порталының бас редакторы. Алматы, 13 наурыз 2012 жыл.

Қасым Аманжолұлы, Janaozen.net порталының бас редакторы. Алматы, 13 наурыз 2012 жыл.


Сегіз журналистен құралған жаңа порталдың астаналық бөлімшесі де бар. Онда саяси тақырыптарға арналған анимациялық мультфильм, «Жаңаөзен - рухым» сияқты түрлі жобалар бар. Мысалы, соңғы айтылған бөлім Жаңаөзен оқиғасына қатысты ақындар мүшәйрасына арналған.

«Жобаны қаржылық жағынан кім қолдап отыр?» деген сұраққа Қасым Аманжолұлы:

- Қасымдағы жастардан құралған командам да, өзім де - бұрыннан қалыптасқан кәсіби журналистерміз. Өзге де бөлек жобаларымыз бар. Яғни біз тек осы жобаның ғана ақшасына тәуелді адамдар емеспіз. Сондықтан бұл қоғамдық негізде құрылып отыр. Екіншіден, елде, қоғамда әділеттілік орнасын деп шынымен жаны ашитын қалталы азаматтар бар. Сондай азаматтар қол ұшын созып отырғаны рас, - деп жауап берді.

Janaozen.net ақпараттық, қоғамдық-саяси порталын шығаруға қатысушы журналистердің ішінде Инга Иманбай, Саламат Омаш және Астана филиалының жетекшісі ретінде таныстырылған Санат Урналиев бар.

«ЖАҢАӨЗЕНДЕ АТЫЛҒАН МЫЛТЫҚ ШҮРІППЕСІНДЕГІ ІЗ - АҚОРДАНЫКІ»

Жобаның тұсаукесеріне қатысқан саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, жазушылар жастарға сәттілік тілеп, ақыл-кеңестерін айтты. Олар сонымен бірге қоғамда қалыптасқан жағдайға қатысты ойларын да жеткізді.

«Тек бір адамның билеуіндегі заманда өмір сүріп отырғанына» өкініш білдірген жазушы Ғаббас Қабышұлы биліктің халықты керек қылмайтынын айтып, халық көріп жатқан қасіреттердің барлығына үкіметті айыптай сөйледі.

- Бізде жасырмайтынды жасыратын, жасыратынды жасырмайтын заман болды. Өздеріне қайшы келетін фактіні жасыра салады. Өздеріне қолайлысын асыра салады. Бұл біздің биліктің конституциясы болды, - деді Ғаббас Қабышұлы.
Ғаббас Қабышұлы, жазушы. Janaozen.net порталының ашылу рәсімінде. Алматы, 13 наурыз 2012 жыл

Ғаббас Қабышұлы, жазушы. Janaozen.net порталының ашылу рәсімінде. Алматы, 13 наурыз 2012 жыл


«Қазақстанның өз байлығы өз халқының қанын шашуға түрткі болды» деп санайтын коммунист-саясаткер Серікболсын Әбділдин билік Жаңаөзен оқиғасына қатысты қамалып, айыпталып отырған азаматтарға да озбырлық көрсетіп отыр деген пікір айтты.

- Жаңаөзен халқына жаны ашып, барған адамдар олар да қамалып тұтқындалып отыр. Менің ойымша, әділеттілік жолмен жүретін болсақ, оларға сыйлық беру керек еді. «Біздің қолымыз тимей жатқанда, билік өкілдері бармағанда, сендер барып, соларға көз қырларыңды салғандарыңа рахмет» деуі керек еді билік, - деді Серікболсын Әбділдин.

«Азат» ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов: «Жаңаөзенде атылған мылтық шүріппесінде қалған із жалғыз полицейдікі емес. Ол із - Ақорданыкі. Бұл Ақорданың қалдырған ізі әлі ашылған жоқ» деді.
Софы Сматаев, жазушы, Janaozen.net порталының ашылу рәсімінде. Алматы, 13 наурыз 2012 жыл

Софы Сматаев, жазушы, Janaozen.net порталының ашылу рәсімінде. Алматы, 13 наурыз 2012 жыл


Ал жазушы Софы Сматаев биліктің қарт буыннан емес, жастардан үрейленетінін айтып, кілең жастардан құралған janaozen.net порталына сәттілік тіледі. Ол сонымен бірге тәуелсіз ой-пікірді көпке жеткізетін ақпарат құралдарының көбейгеніне қуаныш білдірді.

Ал «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы жаңа порталдың қоғам «ақиқатты ашып айтатын» ақпарат құралдарына зәру болып отырған сәтте ашылып отырғанын айта кетті.

Ол алдағы уақытта жаңадан ашылған порталдың журналистері тергеуге алынып, тергеу нысанына айналса, «оның артында тұрған Нұрсұлтан Назарбаев деп есептейміз - ісіміз сонымен болады» деп мәлімдеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG