Accessibility links

Атырауда пәтер сұраған көп балалы ұстаз «арандатушы» атанды


Райхан Әлиханова балалары Несібелі, Ақбота және Әлиханмен бірге Атырау облыстық әкімдігі алдында аштық жариялап, баспана сұрап тұр. Атырау қ. 25 сәуір 2011 жыл

Райхан Әлиханова балалары Несібелі, Ақбота және Әлиханмен бірге Атырау облыстық әкімдігі алдында аштық жариялап, баспана сұрап тұр. Атырау қ. 25 сәуір 2011 жыл

Облыс әкімдігі ғимаратының алдында аштық жарияламақ болған баспанасыз ұстаз бен оның жас балаларын полиция «арандатушы» ретінде көліке тиеп әкетті. Ал Азаттық тілшісінің қолын қайырып ғимараттан қумақшы болды.


Сәуірдің 25 күні таңертең Атырау облыстық әкімдігі алдына балаларымен бірге келген көп балалы ұстаз баспана мәселесін шешуді сұрап, аштық жариялап тұрғанын мәлімдеді. Алайда оны қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлері балаларымен қоса машинаға салып алып кетті.

«ҮЙ АЛУ ҮШІН 5000 ДОЛЛАР ПАРА БЕРУІМ КЕРЕК»

Қолдарына «Елбасының «Ана мен балаға қамқорлық» саясаты жасасын!», «Көп балалы анаға, Ұстазға кезексіз үй берілсін!» деген плакат көтеріп, аузын ақ дәкемен таңған әйел Атырау облыстық әкімшілігі алдына келді. Оның қасындағы 15, 9 және 8 жастағы балалары да ауыздарын ақ шүберекпен байлап, қолдарындағы плакаттардың бір шетін ұстап, анасының қасында тұрды.

Бұл – үйсіз жүрген тарих пәнінің мұғалімі Райхан Әлиханова екен. Оның төрт баласы бар. Балаларының бірі туғаннан сал аурумен ауырады.
Мына төрт баланың жауапкершілігі менің мойнымда. Оның бірі – мүгедек.

- Күйеуімнен ажырасқаннан бері ол жұмысы жоқтығын көлденең тартып, тиісті алиментін де төлемейді. Мына төрт баланың жауапкершілігі менің мойнымда. Оның бірі – мүгедек. Мен тәрізді баспанаға мұқтаждар көп болар. Бірақ менің одан әрі күтуге шамам жоқ. Сол үшін де аштық жариялап отырмын. Менің президент атына жазған арызыма мәселенің облыс әкіміне тапсырылғаны айтылыпты. Ал облыс әкімі Бергей Рысқалиевке кіру мүмкін емес. Талабым орындалмай айтқанымнан қайтпаймын, балаларым жазым болса жауабы облыс әкімшілігінде, - деп мәлімдеді Райхан Әлиханова.
Аштық жариялаған Райхан Әлихановаға Атырау облысы әкімі аппаратының жетекшісі Асқар Керімов пен ішкі саясат басқармасы бастығы Әсия Қыстаубаева және полиция қызметкері келді Атырау, 25 сәуір 2011 жыл

Райхан Әлиханованың айтуынша, ол сегіз жылдан бері аса мұқтаж адам ретінде баспана кезегінде тұр. Күні бүгінге дейін Атырау қаласындағы түрлі жатақханадан пәтерге, пәтерден жатақханаға көшіп, үй жалдап өмір сүрумен келеді. Ол өзінің мұндай қадамға облыс әкіміне жазған сандаған шағымдарының жауапсыз қалып, «күтіңіз, қанағаттандырамыз» деген құрғақ уәдеден ары аспағандықтан барғанын айтады.

- 2003 жылы үй кезегіне тіркелгенмін. Ол кезде елдің бәріне ипотекалық несие ұсынып жатты. Бірақ банк талаптарына менің жағдайым сай келмеді. Кейін бюджеттік сала қызметкері ретінде кезекке қайта тұруым керектігі айтылды. 2009 жылы үй кезегіне тіркелгеніммен, белгісіз себептермен менің кезек нөмірім кейін шегерілді. Тек президенттің атына арызданған соң менің кезегімді қалпына келтіріп, 1015-ші екендігімді айтты, - дейді Райхан Әлиханова.

Ол Азаттық тілшісіне өзінің тұрғын үй жағдайына байланысты жазған шағымдарына орай Атырау қаласы әкімі орынбасары Ә.Нұрлығожиевтан келген бірнеше жауаптарды көрсетті. Онда қала әкімі орынбасары «пәтер бөлу мәселесі алдағы уақытта заң талаптарына сәйкес қанағаттандырылатындығын ескертеміз» деп жазған екен.
Атырау қаласының прокуроры (ортада) Х.Дәуешов және (оның сол жағында) қала әкімінің орынбасары Ә.Нұрлығожиев Райхан Әлихановаға оның құқығы жайлы айтып тұр. Атырау, 25 сәуір 2011 жыл

- Біздің елімізде көп балалы аналардың үйсіз тентіреп жүруі қалыпты жағдай саналып кеткен. Президенттің көп балалы аналарға қолдау керек деген саясатының біздің облысымызда жүзеге асырылып жатқанын көріп отырғаным жоқ. Ал кезексіз пәтер алу үшін, мәселен, 3 бөлме үшін 5 мың доллар пара беруім керек, ондай ақшаны қайдан аламын? - дейді ол.

«БҰЛ – АРАНДАТУ»

Біраз уақыттан соң әкімшілік алдына наразылық білдіріп тұрған әйелге бір топ облыс әкімшілігі шенеуніктері жолығуға шықты. Атырау облысы әкімі аппаратының жетекшісі Асқар Керімов әйелдің баспана мұқтажына билік назарын аудару үшін барған бұл әркетін «арандату» деп бағалады.
Төрт баласы барлар көп балалы аналар қатарына жатпайды. Бұл – арандату.

- Облыс әкімі ай сайын 200 адамға дейін қабылдайды. Кез-келген адам оған кіре алады. Ендеше бұл әйелдің қабылданбауы мүмкін емес. Адамдар плакат көтеріп шықсақ мәселеміз шешіледі деп ойлайды. Бірақ, мәселені олай емес, заң жолымен шешу керек. Оның үстіне төрт баласы барлар көп балалы аналар қатарына жатпайды. Бұл – арандату. Кішкентай балаларға обал, ал сендерге сенсация керек, - деді облыс әкімі аппараты жетекшісі Асқар Керімов.

Ал қала прокуроры Х.Дәуешов әйелдің мұндай акцияға баруы заңсыз әрекет екендігін түсіндіруге тырысты.

Атырау қаласы әкімі орынбасары Ә.Нұрлығожиев аштық жариялаған әйелдің шынымен баспанаға мұқтаж отбасылар қатарына жататынын мойындады.
Мен бұл кісінің құжаттарын қарадым, шынымен аса мұқтаж екен.

- Жуырда Атырау қаласындағы Сырым Датов көшесі бойынан жалға берілетін үйлер тапсырылады. Мен бұл кісінің құжаттарын қарадым, шынымен аса мұқтаж екен. Әкім жұмысқа шыққан соң біз сізді міндетті түрде тізімге енгіземіз, - деп уәде берді ол.

Бірақ, Райхан Әлиханова бұның бәрі бос әңгіме деп санап, сенуден бас тартты.

- Одан да маған қағазға жазылған кепіл хат беріңіз. Мен қанша күт десеңіздер де күтуге әзірмін осы жерде, - деді көпбалалы ұстаз.

ДИПЛОМАТИЯНЫҢ СОҢЫ

Бірақ, өкінішке орай, облыс әкімдігінің шенеуніктері аштық жариялаушы әйелмен бұдан әрі әңгімені күрт доғарды. Бір топ қарапайым үлгіде киінген қалалық ішкі істер басқармасы полициясы қызметкерлері әйелді бала-шағасымен қосып сүйрелеп, әкімшілік алдынан алып кетпек болды. Қатты қорыққан балалар аналарын арашаламақшы болып жанталаса айқайлағанмен, оларға қараған ешкім болмады, барлығын машинаға салып қалалық ішкі істер басқармасына ала жөнелді.
Қатты қорыққан балалар аналарын арашаламақшы болып жанталаса айқайлағанмен, оларға қараған ешкім болмады.

Болып жатқан жағдайды бақылап тұрған Азаттықтың тілшісі мен жергілікті тәуелсіз «Ақ Жайық» газетінің фототілшісі Владимир Истоминді де сүйрелей жөнелген Атырау қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлері, олардың жұмыс жасауына барынша кедергі жасап бақты. Тілшіні сүйрелеп, қолын қайырып, әкімшілік маңынан қуып тастауға тырысты. Оның куәліктерін көрсетулерін талап еткенін тыңдаған да жоқ. «Бізге әкім осындай тапсырма берді» деді олар.

Полицейлер балаларының араша түскеніне қарамастан, Райхан Әлиханованы полиция бөлімшесіне алып кетті. Атырау, 25 сәуір 20111 жыл.
Бұл мәселе жайлы түсініктеме берген Атырау облыстық ішкі істер департаменті баспасөз-хатшысы Гүлнәзира Мұхтарова облыстық әкімшіліктің күзет пунктінен хабарлама келіп түскен соң осындай әрекет етуге мәжбүр болғанын жеткізді.

- Ол әйел қоғамдық тәртіпті бұзып, облыстық әкімшілік жұмысына кедергі жасаған. Оған облыс әкімі орынбасарлары келіп, заң бойынша мәселесі шешілетіндігін айтқанмен ол құлақ аспаған. Қалалық ішкі істер басқармасында түсініктеме алған соң Әлиханова да, балалары да босатылды, - деді Гүлнәзира Мұхтарова.

Кейінен Азаттық тілшісіне хабарласқан Райхан Әлиханова Атырау облыстық ішкі істер басқармасы бастығы Серік Ербөлеков ертең оның қала және облыс әкімдеріне кіріп, жағдайын көзбе-көз сөйлесуге мүмкіндік алуына жәрдем жасауға уәде бергенін хабарлады. Полиция қызметкерлерінің өзін жұлқылауы салдарынан үсті көкпеңбек болып қалғанын мәлімдеген Райхан Әлиханова дәрігерлік анықтамадан өтетіндігін де баяндады.

- Мен үйге кетіп қалғаныммен аштық жариялауымды тоқтатқаным жоқ. Ертеңгі әкімдермен кездесуді күтіп отырмын, - деді Райхан Әлиханова.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG