Accessibility links

Германиялық суретші қазақ


Болат Мекебаев, суретші. Астана, Қазақ Ұлттық Өнер Университеті, 9 қазан 2014 жыл.

Болат Мекебаев, суретші. Астана, Қазақ Ұлттық Өнер Университеті, 9 қазан 2014 жыл.

Астанада өткен шетел қазақтарының халықаралық өнер фестивалінде бас жүлде алған германиялық қазақ суретші Азаттыққа өз тағдыры мен шығармашылығы жайлы әңгімелеп берді.

Өткен апта Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде өткен шетел қазақтарының өнер фестиваліне Моңғолия мен Қытайдан бөлек Еуропаның 20 елінен 90-нан астам адам қатысты. Мүшәйраға 19 адам, сурет көрмесіне 13 суретші және 19 жыршы қатысып жүлделі орындарға ие болды.

Сурет көрмесіндегі картиналардың дені қазақ халқының тұрмыс-салтын сипаттайтын тақырыптарға толы болды. Солардың ішінде өзгеше символикалық тематикаға негізделген германиялық суретші Болат Мекебаевтың туындылары фестивальдің көркемсурет көрмелері аясында 1-орынды иеленді. Ол көрмеге қазақ пен неміс халықтарының тарихы мен әлеуметтік тақырыптарға қатысты жеті картинасын әкелді. Суретші Азаттық тілшісіне өз шығармашылық жолы жайында әңгімелеп берді.

Көрмеге қойылған картинаның бірі «Көне руна құпиясы» деп аталады. Бұл шығармадағы айдаһар бейнесі таңбаланған эмблема мен Нибелунгтер жырларына қатысты символикалық таңбалар неміс тарихын баяндайды.

Суретші Болат Мекебаевтың "Көне руна құпиясы" картинасы. Астана, 9 қазан 2014 жыл.

Суретші Болат Мекебаевтың "Көне руна құпиясы" картинасы. Астана, 9 қазан 2014 жыл.

– Мұндағы үлкен крест немістердің діни наным-сенімін білдірсе, артқы фондағы көмескі таңбаланған әріптер немістердің ескі рунасы, – дейді суретші.

Көкшетау өңірінде туып-өскен Болат Мекебаевтың Германияға түбегейлі қоныс аударып кеткеніне 18 жылдан асқан. Қазір Берлиндегі суретшілер одағында өз шеберханасы бар.

Суретшінің сөзінше, Қазақстан енді тәуелсіздік алған қиын-қыстау шақта шығармашылықпен айналысу тұрмақ, күн көруге мүмкін болмаған соң жұбайы екеуі Германияға кетуге бел буады. Ол кезеңді суретші «жабайы 1990 жылдар» деп атайды.

– Жас кезімде Германияда совет әсерінің сапында борышымды атқардым. Ол кезде кейін Германияға қайта оралу туралы ой үш ұйықтасам түсіме кірмес еді. Менің сүйіп алған зайыбым Лена – неміс ұлтынан, өзі Бурабайдың маңындағы Баймырзада туған. Сондай қиын-қыстау шақта жұбайым: «Болат, Германияға барайық. Сол жақта суретші боласың, сенің арманың еді ғой» деген соң осы жаққа көшіп кеттік, – дейді суретші.

Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде өткен суретші Болат Мекебаевтың көрмесі. Астана, 9 қазан 2014 жыл.

Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде өткен суретші Болат Мекебаевтың көрмесі. Астана, 9 қазан 2014 жыл.

Өз мәдениеті мен өскен ортасына жат елге барған соң немісше мүлдем білмейтін Болат бастапқы жылдары өте қиын болғанын есіне алады. Ол Германияда алғаш тұрған мекені – Остервик қаласында тазалыққа жауапты күзет қызметіне жұмысқа орналасады. Күндіз жұмыс істеп, түнде жертөледе орналасқан шеберханасында шығармашылықпен айналыса береді.

– Германияда туған-туыс, ел-жұрттан алыс жүрген соң бөтен мемлекетте күнелту, өмір сүру өте қиын болды. Бірінші мигранттар лагерінде болдық. Аудармашы арқылы жергілікті басшылыққа өтініш жасадым. Күндіз жұмыс істеймін, түнде картиналар саламын. Сөйтіп жертөледен орын берді. Үстінде дәретхана орналасқан, қапырық жер еді. Ең бірінші шеберханамның түрі осындай болған. Күндердің күнінде 1997 жылы көрмемді өткізуге қала шіркеуінен шақырту келді. Қуана қабылдап, жұмысымды ары қарай жалғастыра бердім. Сөйтіп бірте-бірте өзге орындардан да шақыртулар келе бастады. Күнде түс уақытында тамағымды апыл-ғұпыл іше салып, бірден салып жатқан картиналарымды аяқтауға кірісіп кететінмін. Бірде мұны бастығым байқап қалып, эскиздер салынған альбомымды сұрап алады. Сөйтіп қала бойынша көлемді көрмемді өткізуге мүмкіндік алдым, – дейді Болат Мекебаев Азаттық тілшісіне.

Болат Мекебаевтың Германиядағы Қазақстан елшілігінде тұрған картинасы.

Болат Мекебаевтың Германиядағы Қазақстан елшілігінде тұрған картинасы.

Болат Мекебаев қазақстандық суретшілердің деңгейін жоғары деп бағалайды және олармен шығармашылық тығыз қарым-қатынаста екендігін айтады. Бірақ бірқатар қазақстандық суретшілердің әлемдік деңгейде тез танымал бола алмау себебінің бірі – реалистік жанр төңірегінен шыға алмауларында деп ойлайды. Қазір Берлинде тұратын өнер иесі Қазақстан суретшілерін еуропалықтармен тығыз қарым-қатынаста болып, өнер, тәжірибе алмасуға шақырады.

Кейбір картиналарын үлкен саясаткерлер мен бизнесмендер 10 мың еуроға сатып алып жатқанын айтқан германиялық қазақ суретші тек шығармашылықпен ғана айналысып күн көрмейді. Өзінің суреттері басылған шағын жібек орамалдар өндіретін бизнесі бар.

– Екі қыз, екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Бар қиыншылықты, қуанышты жұбайым Ленамен бірге бастан өткердік. Елді сағынып жүрген уақытта анам мен бала кезімдегі үйдегі күшік бейнеленген картинамды екі күнде салып бітірдім. Қазір екеуі де жоқ. Сағыныштан жүрегім жарыла жаздаған кездер басымнан өтті. Қартайғанда еліме келемін, сүйегім туған жерде қалуы керек, – дейді суретші.

Суретші Болат Мекебаевтың анасы туралы салған "Күту" картинасы. Астана, 9 қазан 2014 жыл.

Суретші Болат Мекебаевтың анасы туралы салған "Күту" картинасы. Астана, 9 қазан 2014 жыл.

Болат Мекебаев жуырда Берлинде көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап жүр. 20 картинадан тұратын көрмені Лондон, Париж, Израиль, Ресей мен Қазақстан сияқты он шақты елде өткізу ойында бар. Өз сөзінше, картиналарының тақырыбы Қазақстан, Қытай, АҚШ, Германия мен Египет елдерінің тарихы жөнінде болмақ.

Шығармашылығы арқылы Қазақстан мәдениетін Еуропаның мәдени кеңістігінде насихаттап жүрген суретші Германияның Берлин, Ганновер, Мюнхен, Майндағы Франкфурт, Остервик қалаларында, Польша мен Эстонияның түрлі галереяларында 20-дан астам жеке көрмесін ұйымдастырған, бірнеше халықаралық байқау лауреаты.

XS
SM
MD
LG