Accessibility links

Ерін қасқырдан құтқарған әйел Астанадан көмек күтеді


Өлген қасқыр. Қазақстан. (Көрнекі сурет)

Өлген қасқыр. Қазақстан. (Көрнекі сурет)

Ерін қасқырдан арашалап алған Шығыс Қазақстан облысы тұрғыны Гүлзира Дулатова күйеуі дәрігерлер қолына түскенде шарасыз халге ұрынды. Аудан ауруханасынан өз аяғымен шыққан Аманхан Әміров Өскеменге апарғалы ес-түссіз жатыр.

Аманхан Әміровтің ағасы Қайырхан Аягөздегі аудандық ауруханада қаңтардың 13-інен ақпанның 5-сіне дейін 23 күн жатқан інісінің «сол жерден өз аяғымен шығып, жедел жәрдем көлігіне көмексіз өзі отырып, көңілді сөйлеп, [облыс орталығы Өскемендегі ауруханаға] жолға шыққанын» айтады.

- Ол ақпанның 5-і еді, 6-сы Өскеменнен «халі нашар» деген хабар келді. 7-сі күні 2-3 минутқа кіргізді. Тіл жоқ, ес-түссіз жатыр, – дейді Қайырхан Әміров.

Азаттық тілшісіне Аягөз аудандық ауруханасы хирургия бөлімі медбикесі Гүлбарша Райысханова:

- Ол кісі түскен бетте «құтырмаға күдікті» деген диагноз қойылып, вакциналар сол күннен бастап жасалды. Бізде комаға түскен жоқ, - деді.

Қайырхан Әміровтің айтуынша, Өскемендегі 1-қалалық ауруханасы дәрігерлері оған «Үш күнге ұйықтатамыз. Ұйқы безі гармон бөліп, вируспен күреседі, ұйықтауына көмектестік» деген. Бірақ «қалай көмектескендерін айтпаған». Содан бері Аманхан Әміров 20 күннен астам ес-түссіз жансақтау бөлімінде жатыр.

Өскемендегі 1-қалалық аурухана дәрігері Инна Войченконың айтуынша, «Әміровтің қазіргі жағдай мүшкіл, «құтырған» диагнозы қойылған». Азаттық тілшісі қандай ем шаралары жасалғанын сұрағанда Войченко «Дәрігерлер ісі дұрыс. Ақпарат керек болса, ресми хат жолдаңыз" деді.

ҚАСҚЫРҒА ТАЛАНУ

Желдіқара ауылы тұрғындары 44 жастағы Аманхан Әміров пен 51 жастағы Озат Қырықбаевты қасқыр 2015 жылы қаңтардың 13-і күні таңға жуық талаған. Аманхан Әміровтың әйелі Гүлзира Дулатова Азаттық тілшісіне:

Өлген қасқыр. Қазақстан. (Көрнекі сурет)

Өлген қасқыр. Қазақстан. (Көрнекі сурет)

​ - Таңға қарай түзге шыққым келген. Күйеуім де оянып, мал қарауға шықты. Қасқыр бірінші маған жүгірді. Аманхан жолын тосты. Зәрем ұшып, үйге жүгіре кіріп, пышақ алып шықсам, Аманхан итқұстың астында жатыр. Қасқырға бірнеше рет пышақ ұрдым. Күйеуім көмектесіп, әрең өлтірдік. Саны мен екі білегін, бір саусағының басын шайнап тастапты, – дейді.

Желдіқара ауылындағы жалғыз фельдшер мен ауыл жігіттері жиналып, қарлы боранда 80 шақырым жердегі Аягөз аудандық ауруханасына қасқыр талаған екі адамды жеткізгенше үш-төрт сағат өткен.

- Дәрігерлер «бәрі жақсы, уайымдамаңдар» деді. Екпелерін егіп, ем-домдарын бастады. Аурухана карантинге жабылып, кейін кіре алмадық. Бірақ дене қызуы түспей қойды. Бір күні мені «Әйел бақыты» деген бағдарламаға Астанаға шақырды. Депутат Камал Бұрханов та келді. Сол жерде жағдайымды айттым. Содан кейін Аманханды Өскеменге жіберді. Соңы мынадай, – дейді Гүлзира Дулатова.

Қасқырға таланған екі адамның бірі жазылып, екіншісінің ес-түссіз жату себебін Өскемендегі аурухана дәрігері Инна Войченко «Аудандағы дәрігерлер тарапынан қателік болмаған. Бірақ екі науқасты бір қасқыр әлде екі бөлек қасқыр талады ма - сол жағы беймәлім» деп түсіндірді. Қайырхан Әміровтің айтуынша, «Өлтірілген қасқыр Аманханды талаған». Аягөз ауданы мал дәрігері Орынбек Қондыбаев [Гүлзира Дулатова өлтірген] қасқырдың басы Семей қаласына зертханаға жіберіліп, төрт күннің ішінде «құтырған» диагнозы анықталғанын айтады.

ЕКІ ОТБАСЫНЫҢ БИЛІККЕ ӨТІНІШІ

Азаттық тілшісі Желдіқара ауылында сол күні қасқырға таланған тағы бір тұрғын Озат Қырықбаевқа да телефон шалған еді. «Жұбайымын» деген Аманғайша Байқарамова күйеуінің «ұйықтап жатқанын» айтып, мазаламауды сұрады. Оның сөзінше, «қасқыр күйеуінің беті мен аяғын талап тастаған».

Аурухана дәлізі. Қазақстан. (Көрнекі сурет)

Аурухана дәлізі. Қазақстан. (Көрнекі сурет)

– Беті тыртықтанып бітті. Енді ота жасауға келмейтін шығар. Аяғының тамырларына зақым келген, сол қиын болып тұр. Ауылда аурухана, емхана жоқ. Үй-жайды тастап, 15 мың теңге айлығы бар мектептегі жұмысымды тастап, Аягөзге келдік. Пәтерге 12 мың теңге төлейміз. Озат күнде ауруханаға барып жүр. Дәрі-дәрмекке ақша жетпей жатыр. Мектептегі екі бала тағы бар. Дәрігерлер «Озат енді ауыр жұмыс істей алмайды. Қан тамырларына күш түсіруге болмайды» дейді. Бұдан кейінгі күніміз не болады? Озаттың жасы 51-де, қазіргі денсаулығына байланысты зейнеткерлік тағайындауға болмай ма? - дейді.

Ауыл әкімі Жанат Есенжаров «Қырықбаевтың отбасына әлеуметтік көмек мәселесі қарастырылатынын, оның бір реттік немесе ай сайынғы көмек болатыны сол кезде шешілетінін» айтты. Ал жансақтау бөлімінде жатқан Аманхан Әміровтің туыстары «дәрігерлерге кінә артпайтындарын» айтады.

- Оларға не деп кінә тағамыз? Астанаға хабарласып, денсаулық сақтау министрлігінен көмек сұрайын деп отырмын. Тым құрығанда Астанадан Өскеменге білікті бір маман жіберер, болмаса, Қытайдан дәрігер алдырар - біреудің білмегенін біреу білер деген үміт қой біздікі, - дейді Қайырхан Әміров.

Ал Өскемендегі 1-ші қалалық аурухана дәрігері Инна Войченко «өздеріне ешқандай көмектің қажеті жоқ екенін» айтты.

ҚАСҚЫРМЕН КҮРЕС

200-дей тұрғыны (40-қа жуық отбасы) бар, негізінен мал бағатын Желдіқара ауылына соңғы апта ішінде үш рет қасқыр, екі рет түлкі шапқан. Ауыл тұрғыны Серікқайша Мамырбаева:

Қасқыр. Көрнекі сурет.

Қасқыр. Көрнекі сурет.

– Мал дәрігерлері бүкіл малды, тіпті мысыққа дейін дәрілеп кетті. Итқұспен таласты деген иттің бәрін атып тастады. Күндіз де далаға шығудан қалдық. Ауылда үретін дұрыс ит қалмады. Ататын мылтық та жоқ,– дейді.

Ауыл әкімі Жанат Есенжаров ауылға соңғы аптада қасқыр мен түлкінің қайта шапқанын растап отыр. Оның айтуынша, «бір-екі күнде облыс орталығынан тікұшақпен аңшылар да келіп қалмақ».

Аягөз ауданының мал дәрігері Орынбек Қондыбаев «Құтырманың жабайы аңдар арасында тез тарайтынын, осы жұқпалы аурулардың алдын алу үшін жыл сайын далаға арнайы дәрі шашып келгендерін, бірақ бұл жұмыстың 2014 жылы жасалмай қалғанын» айтты. Ал ауыл әкімі Жанат Есенжаров дәрінің шашылмауын «қаржы тапшылығымен» түсіндірді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG