Accessibility links

Жаңаөзендік босқындар Польшада жүр деп хабарланды


Жаңаөзенге кіре берісте адамдарды тексеріп тұрған полиция посты. 26 желтоқсан 2011 жыл. Көрнекі сурет

Жаңаөзенге кіре берісте адамдарды тексеріп тұрған полиция посты. 26 желтоқсан 2011 жыл. Көрнекі сурет

Азаттық радиосына өзін Жаңаөзен ереуілі кезінде шетке кеткен босқын ретінде таныстырған әйел адам Польшадағы Згерж қаласының түбіндегі босқындар лагерінде тұрып жатқанын айтты.

Маусымның 18-і күні Азаттық радиосымен хабарласқан Дина Бабишеваның айтуынша, Польшадағы босқындар лагерінде 10-15 қазақ отбасы бар.

- Мына жерде Жаңаөзеннен келгендер бар. Олар – Жаңаөзен оқиғасынан кейін қашқан азаматтар. Босқындардың арасында мұнайшы болып жұмыс істегендері бар. Олардың кейбірі Ресей арқылы қашып шыққан, - деді Дина Бабишева.

ТҮРКИЯ АРҚЫЛЫ ҚАШЫП ШЫҒУ

50 жастағы Дина Бабишеваның айтуынша, олар босқын мәртебесін алу үшін Варшавадағы БҰҰ-ның босқындар жөніндегі агенттігіне құжаттарын тапсырып қойған.

- Бізге алты айдың ішінде сұхбат алынып, хабар беріледі деп айтқан», - деді қазақ босқыны.

Дина Бабишева желтоқсан айында Түркия арқылы Польшаға өткенін айтады.

- Желтоқсан айында Қазақстаннан қашып, Түркияға келдік. Онда мұсылмандарға көмектесетін бір ұйым бар екен. Солар Украинаға дейін билет алып берді. Сол жерден Польшаға қарай бет алдық. Ақпанның 14-інде осы жерге келдік.

КЕРІ ДЕПОРТАЦИЯЛАНУ ҚАУПІ

Ақтау қаласынан қашқан Дина Бабишеваның айтуына қарағанда, оның күйеуі Бекболсын Қожаназаров «Қаражанбасмұнай» компаниясында жұмыс істеген. Оның айтуынша, мұнайшылардың ереуіліне қатысқан күйеуі тамыз айында іс-түссіз жоғалып кеткен.

- Милициядан сұрасам, «бізде ондай адам жоқ, бізге ондай адам түскен жоқ» деп айтты. Күйеуімнің қайда екенін білмеймін, - деді ол.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқандардың суреті басылған жергілікті газет парағы. Қызылсай ауылы, 21 қаңтар 2012 жыл

Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқандардың суреті басылған жергілікті газет парағы. Қызылсай ауылы, 21 қаңтар 2012 жыл


Дина Бабишеваның хабарлауынша, жұма күні (15 маусым) Польшаның құқық қорғау органдарының қызметкерлері босқындар лагерінде тексеру жүргізген. «Осы рейдтен кейін депортациялануымыз мүмкін деп қауіптеніп отырмыз» деді қазақ босқыны.

Бабишеваның айтуынша, лагерьдегі өзге қазақ босқындары өздері туралы ақпарат беруден бас тартып отыр, себебі бастарына қауіп төнеді деп қорқады.

Ал Азаттық радиосының Польшадағы босқындар лагерінің әкімшілігімен байланысу әрекеттері әзірше сәтсіз болды.

2011 жылғы желтоқсанның 16-сы Жаңаөзен қаласында полиция мен арнайы жасақ ереуілдеп тұрған мұнайшыларға оқ атқан еді. Ресми мәліметтерге сәйкес, Жаңаөзен оқиғасында 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Төмендегі жергілікті тұрғынның көп қабатты үй терезесінен түсірген YouTube видеосында Жаңаөзендегі полиция мен арнайы жасақтың іс-әрекеті көрінеді. Бұл бейнежазба қанды оқиғаның сипаты анық көрінген тарихи дерекке айналды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG