Accessibility links

Арқанкерген: "жауапсыз қалған" сұрақтар


Арқанкерген постында қаза тапқан шекарашы Қамбар Ағанасты жерлеу рәсімі. Ақтөбе қаласы, 9 маусым 2012 жыл.

Арқанкерген постында қаза тапқан шекарашы Қамбар Ағанасты жерлеу рәсімі. Ақтөбе қаласы, 9 маусым 2012 жыл.

Мамырдың 30-ы Арқанкерген оқиғасының көпке жария болғанына бір жыл толады. Былтыр осы күні Алматы облысындағы шекара постында 14 шекарашы мен 1 қорықшының кісі қолынан өлгені хабарланған еді.

2012 жылғы мамырдың 30-ы күні Алматы облысында қазақ-қытай шекарасында орналасқан Арқанкерген шекара посты түк қалмай өртеніп, сол маңнан 14 шекарашы мен 1 қорықшы - барлығы 15 адамның мәйіттері табылғаны туралы мәлім болды. Бұл қылмысқа қатысты сол шекара бекетінде қызмет еткендерден тірі қалған жалғыз шекарашы - 19 жастағы Владислав Челах қаза тапқандардың өліміне айыпты деп танылып, сот оны өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Бұдан бөлек Сарыбөктер шекара заставасының бастығы Алексей Фомин «қызметінде әрекетсіздік танытқаны» үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл істің мән-жайын қызу талқылаған қоғамдық белсенділер мен адвокаттар «тергеу де, сот та бірқатар сұрақтарды жауапсыз қалдырды» деп санайды. Төменде сондай бірнеше сауал келтірілген.

1. ЧЕЛАХ ҚЫЛМЫСКЕР МЕ?

Іс материалдары бойынша қылмыс мамырдың 28-і күні болып, екі күннен соң ғана жария етілген. Сол күні «Шығыс» аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядына қарасты Арқанкерген постының орнында 12 шекарашы және бір қорықшының, ал маусымның 1-інде тағы екі шекарашының - барлығы 15 адамның мәйіті табылған. ҰҚК шекара қызметінің мәліметіне қарағанда Арқанкерген постының ғимараты түгел өртеніп кеткен.

Шекара постында қызмет етуші тірі қалған жалғыз шекарашы – 19 жастағы Владислав Челах маусымның 5-інде ұсталды. Маусымның 6-сында Челахтың «серіктерін өлтіргенін мойындағаны» туралы хабарланды. Челахтың туыстары оған сенбейтіндерін айтты.
Владислав Челах сот залында. Талдықорған, 11 желтоқсан 2012 жыл

Владислав Челах сот залында. Талдықорған, 11 желтоқсан 2012 жыл


Қазанның 1-і күні Владислав Челахқа «екі және одан да көп адамды өлтірді», «әскери қызметтен қашты», «әскери мүлікті зақымдады», «әскери қаруды ұрлады», «орманшы мен командирдің жеке мүлкін ұрлады» және «бөтен кісінің үйіне заңсыз кірді» деген айыптар тағылды.

2012 жылдың 11-ші желтоқсанында істі қараған судья Ербол Ахметжанов «шекарашы Владислав Челах 15 адамның өліміне айыпты» деп, оны өмір бойы бас бостандығынан айырып, жазасын ерекше тәртіптегі колонияда өтеуге үкім етті.

Челахтың өзі сотта «бөтеннің мүлкін иеленгенін» және «мүлікке зақым келтіргенін» ғана мойындады. Челахты қолдаушылар оның «кінәсіз» екенін айтып, жер-жерлерде ара-тұра қолдау шарасын ұйымдастырып келеді. Әсіресе әлеуметтік желіде белсенділік танытып жатқан «Челахты қолдаушы топ» президент атына петиция жазып, қол жинап жатыр. Қазір қолдаушылар саны 20 мыңнан асқан. Челахты жақтаушылардың арасында «жалғыз жас сарбаз қаруланған оннан астам серіктерін оп-оңай атып тастап, ізін жасыруы үшін өртеп жіберуі мүмкін емес» деген пікір орныққан.

Ал сот-тергеу материалдары бойынша Челахтың мұндай қылмысқа баруына Арқанкергенде қызмет атқарған шекарашылар арасындағы әлімжеттік себеп болған.
АРҚАНКЕРГЕН ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІНГІ ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ

  • 13 маусым 2012 жыл - ҰҚК шекара қызметінің директоры генерал майор Нұржан Мырзалиев отставкаға кетті. Үшарал шекара отряды "Шығыс" шекара басқармасының бірнеше басшысы қызметтерінен босатылды. Сол күні полковник Тұрғанбек Стамбеков уақытша қызмет директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды.
  • 19 маусым 2012 жыл - Шығыс Қазақстан облысындағы Терісайрық заставасын 11 шекарашы өз бетімен тастап кетті
  • 13 тамыз 2012 жыл - Әскери прокуратура шекара қызметін "заң бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын дұрыс атқармай отыр" деп сынады
  • 22 қараша 2012 жыл - Шекара қызметі "Батыс" аймақтық басқармасының бастығы Әбдіразақ Ілиясов қызмет өкілетін асыра пайдалану және пара алу айыбы бойынша тұтқындалды
  • 20 желтоқсан 2012 жыл - парламент "Мемлекеттік шекара туралы заң" жобасын мақұлдады.
  • 25 желтоқсан 2012 жыл - Шымкент маңында шекара қызметінің басшысы Тұрғанбек Стамбеков мінген ұшақ құлап, ішіндегі 27 адам түгел қаза тапты.
  • 16 қаңтар 2013 жыл - ҰҚК төрағасының орынбасары, шекара қызметінің басшысы болып Нұрлан Жоламанов тағайындалды.
  • 2 сәуір 2013 жыл - Шекара қызметінде келісім-шарт бойынша қызмет ететін әскерилерді жылдың соңына дейін кезектен тыс аттестациядан өткізу туралы президент жарлығы шықты.

2. ҚАНША АДАМ ӨЛДІ?

Арқанкерген трагедиясына қатысты жиі қойылатын сұрақтардың бірі қаза болғандардың нақты саны туралы. Владислав Челахтың адвокаты Серік Сәрсенов қорғауындағы азаматтың бұл қылмысты жасамағанына сенімді. Ал құрбандардың саны 15-тен көп болды деп ойлайды. «Сот пен тергеу, шекара бекетінде «15 мәйіт табылды» дейді, мен олардың саны 19 деймін» деп мәлімдеген ол мамыр айында «Forbes Kazakhstan» басылымына берген сұхбатында.

Оның сөзінше, Арқанкергендегі офицерлер құрамы тұратын үйде екі темір төсектің астынан адамдардың сүйектері табылған. Сараптамаға бір ғана төсектің астындағы сүйектер жіберілген. Ал екіншісі қалып қалған, мұны адвокат «шартты түрде 16-мәйіт» деп есептейді. Бұдан бөлек, дәл осы үйдің кіре берісінде (17), асхана (18) мен азық-түлік қоймасында (19) да дәл осылай еленбей қалған мүрделер болған. Адвокат Челахтың сот үстінде «офицерлер үйінде бір мүрде көрдім» деп айтқан сөзіне де сілтеме жасайды.

3. ТАНЫЛМАҒАН МӘЙІТТЕР КІМДІКІ?

Қазақстанның әскери прокуратурасы таратқан ақпаратта: «Арқанкерген» шекара постындағы әскери қызметкерлердің өлімі бойынша қылмыстық істі тергеу кезінде қазақстандық сарапшылардың қорытындысына сәйкес 11 әскери қызметкердің мәйіттері танылған еді. Ал Денис Рей, Мейірхан Именов және Рүстем Ақылбаевтың мәйіттері танылмаған күйі қалған.

Осыған байланысты, Берлин қаласындағы Шарите институтында молекулярлық-генетикалық сараптама өткізіліп, оның тұжырымы бойынша Рүстем Ақылбаевтың мәйіті танылған. Қалған мәйіттерге қатысты неміс сарапшылары «тұлғаны тануға жарайтын ДНК жасушаларын анықтай алмағанын» хабарлаған.

Қазірге дейін Денис Рей мен Мейірхан Именовтің ата-аналары «белгісіз мүрделердің» қалдықтарын алып, жерлеуден бас тартып отыр.

Сараптама қорытындасы алғаш белгілі болған кезде Мейірхан Именовтің әкесі Сағындық Именов Азаттық радиосына:

- Оны не деп аламыз? Кімнің немесе ненің сүйегі екенін кім білсін? Балам тірі деген ойдан айнымаймын және оны тауып беруін талап етемін. Өзіміз де іздеуді бастаймыз, - деген еді.

Ал биылғы мамыр айының соңында Денис Рейдің анасы Татьяна Реймен сөйлескенімізде ол:

- Өткен бір жыл мен үшін азап пен қайғыға толы болды. Ұлым тірі деген үмітпен жүрмін, - деді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG