Accessibility links

Қытайдан келген жас палуан


Қытайдан Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданына қоныс аударған жас палуан Қайрат Тұрсынжанұлы «Болашақта Қазақстан атынан әлемдік додаларға қатыссам» деп армандайды.

Қытайдың Шыңжаңындағы Іле Қазақ автономиялық облысында дене шынықтыру комитетінің меңгерушісі болып қызмет ететін Есмұхамет Абылайхан жас палуан Қайрат Тұрсынжанұлын бала күнінен біледі. Ол Қайратты «ауылынан тауып алып спорт мектебіне қабылдағанын» айтады.

Құлжадағы спорт мектебінде еркін күрестен үш жыл жаттыққан соң қабілетті жасқа ішкі Қытайдағы Ганьсу өлкесінің жаттықтырушыларының көзі түседі. Сөйтіп Қайрат Ганьсуде шеберлігін шыңдайды. Бірақ енді таныла бастаған жасөспірім палуан отбасымен бірге Қазақстанға көшеді.

- Ол бала нағыз дер шағында, үлкендердің дуына қосылатын кезде Қазақстанға көшіп кетті. Ганьсу – Қытай бойынша еркін күрес ең жақсы дамыған өлке. Бізде кез-келген салмақта 30-ға жуық палуан біріншілікке таласады. Олардың арасынан озып шығу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал Қайрат өзінің шын мәніндегі палуан екенін дәлелдеп үлгерген еді, - деп күрсіне еске алады Есмұхамет Абылайхан.

БАЛА ПАЛУАННЫҢ ЖЕТІСТІГІ

Қайрат Тұрсынжанұлы 1996 жылы Іле Қазақ автономиялық облысына қарасты Текес ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Өзінің айтуынша, 2008 жылы Іле облыстық дене тәрбие мектебіне қабылданған.

- Қайрат өз нәтижесін бір жылдың ішінде беріп үлгерді. Мектепке қабылданған соң өзінің тума талант екенін дәлелдеді. Нақтылап айтсам, 2009, 2010 жылы Күнесте өткен Іле автономиялық облысының жасөспірімдер арасындағы чемпионатында 58 келі салмақ бойынша екі жыл қатарынан жеңімпаз болды, - дейді Қайраттың алғашқы жаттықтырушысы Есмұхамет.

Еркін күрестің бір сәті. (Көрнекі сурет)

Еркін күрестің бір сәті. (Көрнекі сурет)

Қайраттың өзі 2010 жылғы жарыста Қытайдың Ганьсу аймағынан келген жаттықтырушылардың назарына ілінгенін айтты.

- Ганьсу аймағы мемлекет бойынша еркін күрес ең жақсы дамыған өлке болып саналады. Жарыстан кейін ішкі жақтан келген бапкерлер менен сынақ алды. Сынақтарынан мүдірмей өткен болуым керек, мені Ланьчжоу қаласына ап келіп, мемлекет қаражатымен спорт мектебінде оқытты, - дейді Қайрат.

Бір салмақта 25-30 палуан күресетін Ланьчжоуда күш сынасқан Қайрат алты айдан соң Ганьсудың жасөспірімдер құрамасына қабылданады. Сол қалада 76 келі салмақта сайысқа түсіп, 2012 жылы Ганьсу өлкесінің еркін күрестен біріншілігінде екінші орын, 2013 жылы бірінші орын алады.

«ӨЗІМДІ ДӘЛЕЛДЕР ЕМ»

Қайрат жасөспірімдерден үлкендердің қатарына өткен кезде Қазақстанға ата-анасымен бірге қоныс аудару қамына кіріседі де, Ланьчжоудағы спорт мектебімен қоштасады.

Анасы Ұлтай ұлының спортқа бейім болғанын, күрес жарыстарына тіпті «ұрланып барып қатысып жүргенін» айтады.

- Ланьчжоудағы нәтижесі жаман емес еді. Бірақ біз осында көшуге ерте бел байладық та, мұны үлкен күреске жібермедік. Әйтпесе ұстаздары да баланы босатпай, ұзақ ұстады, - дейді жас портшының анасы Ұлтай.

Ал Қайрат Ланчжоудағы спорт мектебінен сұранып шығу үшін түрлі айла-амалға барған.

Егер құжат жөндетпей тұрып Қазақстанға кететінімді айтқанда мені жібермес еді.

- Жаттықтырушыларыма әуелі: «Ата-анам Қазақстанға көшіп кетті. Сол жаққа қыдырып барам» деп өтірік айтып құжаттарымды жөндеттім. Кейін «ата-анаммен бірге тұратын болдым» деп құрамадан бас тарттым. Егер құжат жөндетпей тұрып Қазақстанға кететінімді айтқанда мені жібермес еді, - дейді Қайрат.

Ұлтай анасы баласының Қазақстанға келгелі спорттан шеттеп қалғанына алаңдап, «болашағына балта шаптым ба» деп налиды.

Қазір Еңбекші қазақ ауданына қарасты Шелек ауылында тұрып жатқан Қайрат ауылдық спорт мектебімен келіссөз жүргізіп жатыр. Спорттық бабын жоғалтпау үшін оның әзірге сол жерде дайындалмақ ойы бар.

- Егер мүмкіндік болып Қазақстан біріншілігіне қатыссам, өзімді дәлелдер ем, - дейді ол.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG