Accessibility links

Әнші «Бұрынғы «Сегізаяқ» - Шәкерімдікі, Абайдікі енді табылды» дейді


Түсіру тобы Абайдың Жидебайдағы мұражайында "Абай" деректі фильміне дайындық кезінде. Шығыс Қазақстан облысы.
Түсіру тобы Абайдың Жидебайдағы мұражайында "Абай" деректі фильміне дайындық кезінде. Шығыс Қазақстан облысы.

Алматыда «Абай» деректі драмасының тұсаукесері болды. Фильм авторлары осыған дейін Абайдың «Сегізаяғы» деп айтылып келген ән Шәкерімдікі, Абайдың өзінің «Сегізаяғын» енді таптық дейді. «Түпнұсқа» жұрт назарына ұсынылды.


Маусымның 6-сы Алматыдағы жазушылар одағында «Қазығұрт» кино студиясы түсірген «Абай» деректі драмасының тұсаукесері болды. Фильм басталмас бұрын әнші Ерлан Төлеутаев келген жұртқа Абайдың «Сегізаяқ» әнінің «түпнұсқасы табылғанын» хабарлады. «Түпнұсқа» Алтынай Жорабаеваның орындауында саунд-трек ретінде көрсетілді.

Фильм басталмас бұрын жиылған жұрт Арқанкерген постында опат болған шекарашыларды үнсіздікпен бір сәт еске алды.

БҰРЫНҒЫ «СЕГІЗАЯҚ» - ШӘКЕРІМНІҢ ӘНІ

Фильм авторлары «деректі драма» деп атаған бұл туындының сценариін әнші Ерлан Төлеутаев жазыпты. Қоюшы-режиссері - Нұргелді Садығұлов. Фильм басталарда «Сегізаяқты» орындаған Алтынай Жорабаева Азаттық тілшісіне:
Мәдениеттанушы Мұрат Әуезов (сол жақта) пен жазушы Дулат Исабеков "Абай" деректі фильмінің тұсаукесерінде отыр. Алматы. 6 маусым, 2012 жыл.
Мәдениеттанушы Мұрат Әуезов (сол жақта) пен жазушы Дулат Исабеков "Абай" деректі фильмінің тұсаукесерінде отыр. Алматы. 6 маусым, 2012 жыл.

– «Сегіз аяқ» құлаққа Шәкерім атамыздың әнімен сіңісті болып қалған. Бір ғасырдан кейін ортамызға қайта оралып отыр. Бұл әнді орындау басында мен үшін өте қиын болды. Дұрыс қабылдай алмадым. Сосын Хабиба Елебекова апама барып, әннің айтылуын бірнеше рет тыңдап, фильмді көріп барып айтып шықтым. Эстрадамен орындадым, - деді.

Бұл әнді осыдан бес жыл бұрын Хабиба Елебековадан естігенін айтқан Ерлан Төлеутай «Әннің түпнұсқасы осы екеніне екі дүниеде де жауап беремін» деді.

– 2007 жылы осы әнді Хабиба апамыздан естіп, жазып алып едім. Сонда ол кісі маған «Абайдың нағыз әні - осы. Мен мұны сонау жас күнімнен білемін» деді. Ал оған дейін Қарағандыда тұратын Елқұтты дейтін ақсақалдан осы әннің тарихын естігенмін. Ақсақал «Айтып жүргендерің - Шәкерімнің «Он екі аяқ» деген әні. Абайдың «Сегізаяғы» басқа деген болатын, - деді ол.

АБАЙ МЕН ШӘКӘРІМ ӘНДЕРІНІҢ АРАСЫ ЖЕР МЕН КӨКТЕЙ

Алайда Абай әндерін орындаушылардың бірі Шахмардан Әбілов «Қазіргі жастардың ізденбейтінін, жоқ жерден жаңалық ашуға құмар болып тұратынын» айта келіп:

– Бізде қазір бір-біріне салыстырып, мынау мынанікі дегендер көбейіп кетті ғой. Әрине Шәкерімнің әндері бар. Бірақ оны шығару керек. Ал «Сегізаяқ» Абайдың әні. Себебі Абай мен Шәкерімнің әуеніндегі айырмашылық жер мен көктей ғой. Мәселен, «Айттым сәлем, қаламқас» пен «Сегізаяқтың» әуеніне қарасаң бір адамдікі екенін бірден аңғарасың, - деді.
"Абай" деректі фильмінің сценарисі Ерлан Төлеутай фильм тұсаукесері кезінде. Алматы, 6 маусым, 2012 жыл.
"Абай" деректі фильмінің сценарисі Ерлан Төлеутай фильм тұсаукесері кезінде. Алматы, 6 маусым, 2012 жыл.

Ал әнші Кенжеғали Мыржықбаев «Менің орындап жүргенім - рояльға ыңғайлап өңделген Абайдың «Сегізаяғы» (бұрынғы нұсқасын айтады - ред.). Нақ өзі. Басқа нұсқасын білмеймін. Ал Шәкерімнің Абайға еліктеп «Он екі аяқ» деген ән жазғаны бар, бірақ ол мүлдем басқа, - деген пікірін білдірді.

Ерлан Төлеутаевтың айтуынша «Бұл нұсқа бұрынғы нұсқадан гөрі терең, қасіретті».

– Ана нұсқа ашулы ғой. Қайрат көрсеткісі келетін адам. Мына жерде Абай жүрекке түскен бүкіл шер-шеменді осы әнмен берген, - деді әнші.

Фильм авторлары Абайдың «Сегізаяғы» деп жариялаған әннің үзіндісін мына жерден тыңдай аласыз:
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:27 0:00
Жүктеп алу
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:27 0:00
Жүктеп алу
БІР ФИЛЬМ - ЕКІ ТҮРЛІ ПІКІР

Ал фильмнің өзіне келсек, «Абай» деректі драмасы «Қазақстан» телеарнасының тапсырысымен түсіріліпті. Осы орайда фильмді көруге келген «Қазақфильм» киностудиясы деректі фильмдер бөлімінің жетекшісі Жаңабек Жетіру «Қазір телеканалдардың деректі фильм түсіруге құмар болып кеткендігін» айтты.

– Қазір телеканалдар деректі фильм түсіруге құштарланып кетті. Бірақ ол жерде деректі фильм түсіретін маман аз. Бұл фильмде деректен гөрі ойын көп. Фильмді көріп отырып, оның шынымен Абай екеніне немесе болып жатқан оқиғалардың шынымен сол заманда болғанына күманданасың, - деді «Қазақфильм» өкілі.

Ал жазушы Докторхан Тұрлыбек басқа пікір айтты.

- Абайдың қайғысын қазақтың қайғысымен ұштастырып, жақсы берген. Жақсы фильм. Ойлы, - деді ол.
XS
SM
MD
LG