Accessibility links

Абай ұрпақтары қалай қудаланды?


Абай (ортада) ұлдары Ақылбай (сол жақта) және Тұрағұлмен бірге.
Абай (ортада) ұлдары Ақылбай (сол жақта) және Тұрағұлмен бірге.
Совет үкіметі Абай ұрпақтарының кейбірін соттап, қудалады. Кейбірі қысымға ұшырап, әртүрлі жағдайда өмірден озды.

Сексенінші жылдары елден кеткен ұрпағынан әзірге хабар-ошар жоқ. Абай әулетінен екінші дүниежүзілік соғысқа барған оншақты адамнан екеуі ғана қайтып оралған. Олардан ұрпақ қалмаған.

Бүгін, 10 тамыз - Абайдың туған күні.

ТҰРАҒҰЛ ТАРМАҒЫ

Абайдың Жидебайдағы мұражайының меңгерушісі ақын ұрпағынан 2-3 адам мұражаймен қатынасып тұратынын айтты. Қайыржан Күзембаевтың айтуынша, ақынның шөберелері Ишан Жағыпарқызы, Күлзипа Исраилқызы және шөпшегі Айдар Ақылбаев хабарласып тұрады. Ақынның Семейде тұратын туысы Балтабек Ерсәлімұлы мұражаймен ұдайы байланыста.
Бірінші қатарда ортада қолтықтасып отырғандар: ақ жейделі - Әлихан (оң жақта), сақалды - Тұрағұл. Сұлтан Хан Аққұлының жинағынан. Суретті бассаңыз, үлкейеді.
Бірінші қатарда ортада қолтықтасып отырғандар: ақ жейделі - Әлихан (оң жақта), сақалды - Тұрағұл. Сұлтан Хан Аққұлының жинағынан. Суретті бассаңыз, үлкейеді.

– Абай атаның шөбересі Күлзипа апа келіп тұрады. Зайсанда тұрады, биыл бір-ақ рет келді. Ишан апа биыл келе алмады. Сырқаттанып жатып қалған екен, - деген Қайыржан Күзембаев Абай ұрпақтарының 1995 жылға дейін көп таныла қоймағанын айтады.

– Тұрағұлды Шымкентке жер аударып жіберді. Әубәкір де сонда болды. Әубәкірді «Құнанбайдың ұрпағы» деді. Тұрағұлды «Алашорда-ұлтшыл» деп айыптады. Бағыфұрлар бас сауғалап батысқа шығып кетті, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Абайтанушылар ақынның Әйгерімнен туған тұңғышы Тұрағұл - Тұраштың қатты қудаланғанын айтады. Тұрағұл әкесі туралы деректерді кейінге жеткізген санаулы адамның бірі болған. Мұхтар Әуезов те Абай туралы жазғанда Тұрағұлға сілтеме жасаған.

1909 жылы Абайдың інісі Ысқақтың баласы Кәкітаймен бірге ақын шығармаларын
Абай саябағында Тұрағұлға қойылған ескерткіш-тақта. Шымкент, 24 мамыр 2012.
Абай саябағында Тұрағұлға қойылған ескерткіш-тақта. Шымкент, 24 мамыр 2012.
шығарған Тұрағұл Алашорда жұмысына да ат салысады. Алашорда мүшесі болғаны үшін Тұрағұл 1922 жылы Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовпен бірге төрт айға қамалады. 1927 жылы қайта тұтқындалады. 1928 жылы дүние-мүлкі кәмпескеленіп, өзі жер аударылды. Інісі Мекайіл 1931 жылы Семей түрмесінде сотсыз атылып кетті.
1928 жылғы 19 қарашадағы қаулыда Тұрағұлдың 36 бас малының, 7 бөлмелі үйінің, 6 қанат киіз үйінің және бір кілемінің тәркіленгені айтылады. Ол қуғында жүріп 1934 жылы Сарығашта қайтыс болған.

«ТҰРАШЫ КЕТКЕН СОҢ ЖЕБЕШІ ДЕ ҚАЛМАСЫН!»

Тұрағұлдың ұлы Жебірейіл – Жебеш Ресейде оқып жүргенде қудаланады. Абайтанушы Қайым Мұхаметхановтың жазуынша, шолақ белсенділер 1928 жылы «Тұрашы кеткен соң, Жебеші де қалмасын» деген мақала жариялайды. Осыдан кейін Жебеш Шымкенттегі әкесіне барып, Ташкентте оқиды. 1930 жылы ол ауруға шалдығады.
Абайдың ұлы Тұрағұл. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Абайдың ұлы Тұрағұл. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

«Жебештің нашарлағанын естіп Тұрағұл Ташкентке барып, Мұхтардың (Әуезовтің) үйіне тоқтайды. Ол кезде Даниял Ысқақұлы Кәкітаев та Ташкентте тұратын. Жебештің жазылмасына көздері жеткен соң Мұхтар мен Даниял Жебешті ауруханадан алып шығып, бір оңаша үйге орналастырады. Дәл сол күні Мұхтар мен Даниял тұтқынға алынып, түрмеге жабылады. Бірнеше күннен кейін Жебеш қайтыс болады» деп жазады Қайым Мұхаметханов.

Қайым Мұхаметхановтың Тұрағұлдың тұңғышы Ақлиманың айтқандарына сүйеніп жазуынша, Тұрағұлдың тағы бір ұлы Зұбайыр 1933 жылы екі баласымен бірге Қырғызстанда қайтыс болады. Тұрағұлдың інісі Мекайіл - Мекештен қалған Ғұзайыр мен Ғалишер соғыстан қайтпаған. Кенже інісі Ізкайылдың Тоқтамыс - Тоқташ деген ұлы да соғыстан оралмаған.

Ишағы Жағыпарқызының айтуынша, Жебештің соғыстан мүгедек болып келіп, 1990 жылы Алматыда қайтыс болған ұлы Алыпарыстан – Алпаштан ұрпақ жоқ.

БІР ТҮНДЕ АТЫП ТАСТАУ

Абайдың туыстарының бірі – Қайыржан Макин Алпашты бірнеше рет көргенін айтады. «Момындау адам болатын» деп сипаттайды.
Қайыржан Макин туысы Сәнияздың суретін көрcетіп отыр. Алматы, 30 шілде 2012 жыл.
Қайыржан Макин туысы Сәнияздың суретін көрcетіп отыр. Алматы, 30 шілде 2012 жыл.

- Әкем Тұрағұл туралы да жиі айтып отыратын. Одан екі қыз бар: Ақыш апа, Мәкен апа. Тоқсандар шамасында қайтыс болған,- деді ол Азаттық тілшісіне.
Ақыш - Ақлиманың күйеуі Сәнияз Медеуұлы 1931 жылы Мекайілмен бірге Семей түрмесінде атылып кеткен.

- Атақты Оразбай Абаймен жауласып жүрсе де, қажылыққа барарда, татуласады. Ақыш апаны ұлы Медеудің баласы Сәниязға айттырып, құда түседі. Қуғын-сүргін кезінде оның ұлы Медеуді, немерелері Сәнияз бен Мәукілді, және Абайдың ұлы Мекайілді қамап, үкіметке қарсы шықты деп, сотсыз бір түнде атып
Абайдың немересі Мәкен Тұрағұлқызы. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Абайдың немересі Мәкен Тұрағұлқызы. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
тастады. Мұны көргендер сол түні бүкіл түрме жылады дескен, - дейді Қайыржан Макин.

Музыка зерттеушілері Абай әндерінің денін Тұрағұлдың қызы Мәкен - Мағрифадан жазып алғаны белгілі. Журналист Тоқтархан Шәріпжановтың жазуынша, Мәкеннің күйеуі Ұлықбек Мұқаметжанов екі рет қамалады. Біріншісінде «байдың қызын алды» деген айыппен, екіншісінде «алашордашының қызын алған, келіншегі Шәкерім әндерін айтады көрінеді» деген шағым бойынша бірнеше ай тергеу абақтысында болған.

Қайыржан Макин Абай ұрпақтары бас қосқанда қуғын-сүргінді еске алмауға тырысатынын айтады.
Абайдың немересі Ақлима Тұрағұлқызы. Алматы, 7 қараша 1986 жыл. Сурет жеке архивтен алынған.
Абайдың немересі Ақлима Тұрағұлқызы. Алматы, 7 қараша 1986 жыл. Сурет жеке архивтен алынған.

– Ақыш апа Бауыржан Момышұлымен көрші тұрған. Ақыш апа мен Мәкен апаға мереке кезінде баратынбыз. Өзімнің шешем – Оразбаймен бірге туған Бегімбеттің қызы. Ақыш апа өзінің туған күнін білмейтін еді. Өзі шешеме жеңге болып келеді. Сегізінші мартты Ақыш апаның туған күні деп белгілеп, құттықтап, мәз-мәйрам болып қайтамыз. Мәкен апа өлең айтатын. Қуғын-сүргінді еске алмауға тырысатын. Қорқатын. Мен өзім өскенде туыстарды іздеп тауып алдым. Құнанбайдан тарайтын Майбасардың ұрпақтары Ресейге кетіп қалды, Тәкежан ұрпақтары Ұзынағашта болды. Бұл кісілерге аталас менің әкем Меркеге жер аударылды,- деді Қайыржан Макин Азаттық тілшісіне.

Шымкенттегі Тұрағұл жерленген жер кейін фосфор өндірісіне айналдырылады. Қазір Шымкенттегі Абай саябағында Тұрағұл туралы жазылған символдық ескерткіш тақта қойылған.

МАҒАУИЯ ТАРМАҒЫ

Абайдың Ділдадан туған ұлы Мағауиядан тарайтын Ишағы - Ишан апа биыл 90 жасқа келді. Ол – Мағауияның ұлы Жағыпардың қызы. Жүріп-тұруы
Ишағы Жағыпарқызы Азаттық тілшісіне естелік айтып отыр. Алматы, 3 тамыз 2012.
Ишағы Жағыпарқызы Азаттық тілшісіне естелік айтып отыр. Алматы, 3 тамыз 2012.
қиындағанымен, ол кісі Азаттық тілшісіне естелік айтып берді.

- Құнанбай ұрпағында мен ғана тоқсанға келіп отырмын. Екі үйлі жаннан қалған – жалғыз өзіммін, - дейді ол.

Ишағы апа әкесінің ағасы Құтайбаның ерте дүние салғанын айтады. Мағауияның тағы бір інісі Бабыр жастай қайтыс болған. Құтайбадан қалған Берекехан соғыста хабар-ошарсыз кеткен. Ишан апа «екі үйлі жан» дегенде осы Құтайбаның да әулетін меңзеп отыр.

– Әкем кәмпескеленбеді, сотталған жоқ. Біз Бөрілітөбеде тұрғанда бірінші класты әкемнен оқыдық. Әкем Ақылбайдың үйінен мектеп ашып, киіздің үстінде отырып, сабақ оқитынбыз,- дейді ол. Айтуынша, әкесі Семейде екі жылдық мұғалімдер курсын бітіріп келгеннен кейін 1933 жылы Өскемен маңындағы Убо-Форпост ауылына мұғалім болып барады.

– Барды да бізді көшіріп алды. Дүниеміз – бәрі қалды. Қазір ойлап қарасам, Голощекиннің ондайларды жинап, өлтіріп жатқан кезі екен ғой. 1934 жылы әкем
Абайдың шөбересі Жошыханның соғыстан қарындасы Ғазалға жазған өлеңі. "Жыр - Аманат" жинағынан.
Абайдың шөбересі Жошыханның соғыстан қарындасы Ғазалға жазған өлеңі. "Жыр - Аманат" жинағынан.
қайтыс болды,- дейді Ишағы апа. Көп ұзамай шешелері де дүние салады.

Ишан Жағыпарқызы төрт жыл соғыста болған. Соғысқа алынған өзге де туыстары турасында ол былай дейді:

– Абай атамның тұқымынан менімен оншақты кісі соғысқа алындық. Менен басқа ешкім қайтқан жоқ. Өзімнің ағам – Берекехан, бауырым – Жошыхан хабарсыз кетті. Алдымен өзім, менен кейін екеуі кетті. Іздеу салдық – таппадық. Меніңше, Украинада болған. Жазысқан хаттарымыз Семейдегі музейде тұр. Біз соғысқа кеткенде сіңілім Ғазал Алматыда жалғыз қалды. Аяғына галошты шөпке орап киіп жүрді. Ешкім қараған жоқ.

«УӘСКЕ ТӘТЕ»

Ишан Жағыпарқызының айтуынша, кейіннен Ишан мен Ғазал Мағауияның тұңғышы Уәсиланың үйінде тәрбиеленеді. Ғазал апа көзі тірісінде Азаттық тілшісіне: «Интернаттан кейін сол кісінің қолында тәрбиелендік. Уәске тәтем 1954 жылы қайтыс болды. Абайды «әкем» дейтін. «Мені Ділда әжем бір жасқа толмай,
Абайдың немересі Уәсила Мағауияқызы (сол жақта), жұбайы Қали Жақыпұлымен бірге. 1949 жыл. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Абайдың немересі Уәсила Мағауияқызы (сол жақта), жұбайы Қали Жақыпұлымен бірге. 1949 жыл. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
шапанына орап, бауырына салған» деп отыратын Уәске тәтем. Ол Абай атамның барлық өлеңдерін, әндерін жатқа білетін» деген болатын.

Абай туралы деректерді жеткізуші Уәсила Мағауияқызы да жұбайы Қали-Кәкен Жақыпұлымен бірге қуғындалады. Ишағы Жағыпарқызының айтуынша, Уәсила апа Алматыға келген соң Мұхтар Әуезовтің көмегімен театрда киім тігуші болып істейді. Абай туралы қойылымдар мен қырқыншы жылдары түсірілген «Абай әндері» киносы үшін Уәсила Мағауияқызы көп дерек берген.

Ишан апа «Алматыда жерленген Уәсиланы Ақшоқыдағы Құнанбай зиратына апарып қайта жерлеуге шамам келмеді» дейді. Былтыр дүние салған Ғазал сіңлісінің де Ақшоқыда жерленгенін айтқан Ишағы Жағыпарқызы:

- Барып, өзім келісіп кеткенмін – қайтыс болсам, мені де сонда жерлейді, - деді Азаттық тілшісіне.

БЕЙБІТ КҮНДЕ БЕЙХАБАР КЕТКЕН

Абай ұрпақтарынан еркек кіндіктіден бүгінге жеткені Ақылбай тармағы ғана. Ақылбайдың Әлімқұлынан туған Бағыфұр да қуғын-сүргінге ұшыраған. Оның немересі Данияр Айдарұлы 2011 жылы Азаттыққа берген сұхбатында былай деді:
Бағыфур Ақылбаев, Абайдың шөбересі. Алматы қаласы, 1962 жыл. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Бағыфур Ақылбаев, Абайдың шөбересі. Алматы қаласы, 1962 жыл. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

– Менің атам Бағыфұр сол кездегі «ережеге сай» саяси тұрғыда айыпталып, репрессияға ұшырап, сталиндік лагерьлерде отырған. Әкем кішкентай кезінде атаммен бірге Алматыда келе жатса, оларға қарай ақ түсті салтанатты киім киген милиционер беттейді. Оның формасы НКВД-ның киіміне ұқсайды екен. Сонда атамның «инстинкі оянып», ұлын жетектеген күйі көшенің арғы бетіне өтіп кетіпті.
Осыны айтқан Даниярдың әкесі Айдар қазір Маңғыстау облысында мұнай саласында жұмыс істейді. Данияр Алматыда тұрады.

Ғазал Жағыпарқызы көзі тірісінде Азаттық тілшісіне мына деректерді айтқан болатын: Әлімқұлдың баласы Бағыфұрдан Айдардан басқа Эрнест пен Бауэр туады. Бауэрден бала жоқ. Ал Эрнестен қалған Айдостың қайда жүргенін әзірге ешкім білмейді.

Ишағы Жағыпарқызының айтуынша, сексенінші жылдардың ішінде Украинада әскерде болған Айдос әскерден келген соң, қайтадан сол жаққа көшіп кеткен. Содан бері хабар-ошар жоқ.

Азаттық радиосы осы ретте Айдос Ақылбаев туралы Қазақстанның Украинадағы
Абайдың шөпшегі Айдос Ақылбаев (ортада). Наурыз 1986. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Абайдың шөпшегі Айдос Ақылбаев (ортада). Наурыз 1986. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
елшілігіне сұрау салды. Консулдық оның соңғы тұрған адресі табылса, Украина жағымен бірлесіп іздейтінін айтып, жауап берген. Алайда Айдостың соңғы адресін туыстары білмейтін болып шықты.

Данияр Ақылбаев та туысына интернет арқылы іздеу салғанымен, әзірге таппаған. Ол Азаттық тілшісіне Айдоспен әскерде бірге болған қызметтесін ғана тапқанын айтты.

- Ол кісі Айдосты Кривой Рогта көргенін, енді көрсе, хабарласатынын айтқанымен, әзірге жауап болмай тұр, - деді Данияр.

Туыстарының айтуынша, Айдос Ақылбаев авиация саласында жұмыс істеген.

«ІШКІ ЖАҚТА ҰЗАҚ ҚАШЫП ЖҮРДІ»

Ақылбайдың тағы бір ұлы Әубәкір туралы Қайым Мұхаметханов былай деп жазады: «Бүлініп жатқан өз елінде тұра алмайтын халге жеткен Әубәкір 1931 жылы бас сауғалап Үржар ауданына кетеді». Ол кейін Шымкентке барып, 1934 жылы 53 жасында қайтыс болған. Оның Ғабдісәлам, Әлихан деген екі ұлы майданда қаза тапты деген Қайым Мұхаметханов «Әубәкірден қалған ұрпақ жоқ» деп жазады.

Ақылбайдың тағы бір баласы Исраилды Ишағы Жағыпарқызы Семей полигонындағы жарылыс салдарынан дүниеден озды дейді.
Ең соңғы ядролық сынақ. Семей полигоны, 29 шілде 2000 жыл.
Ең соңғы ядролық сынақ. Семей полигоны, 29 шілде 2000 жыл.

- Көзі көрмей қалды. Полигонда сынақ жүріп жатқан кезде қайтыс болды, - дейді Ишағы Жағыпарқызы.

Балтабек Ерсәлімұлының жазуынша, Исраил «ішкі жақта ұзақ жыл қашып жүріп, тек бертінде заман түзелгенде елге оралған». 1959 жылы дүние салған Исраил туралы шежіреші Молдабек Жанболатов оның Жидебайдағы Абай мұражайында жұмыс істегендігін айтса, Ишағы апа Исраил «композитор» еді дейді. Исраилдың екі қызы бар.

- Қыздарының өзі сексеннің ішіне кірді. Исраил домбыра, скрипка тартып, ән айтатын, - дейді Молдабек Жанболатов.

Жидебайдағы Абай мұражайының меңгерушісі Қайыржан Күзембаев «хабарласып тұрады» деген Күлзипа апа – осы Исраилдің қызы.

Мәкен Тұрағұлқызы мен Ишағы Жағыпарқызының жазуынша, Абайдың екі әйелінен Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахман, Мағауия, Тұрағұл, Мекайіл, Ізкайіл деген ұлдары, Райхан, Гүлбадан, Кенжеш деген қыздары болған. Әкімбай жеті жасында қайтқан. Ақылбай мен Мағауия әкесімен бір жылы – 1904 жылы қайтыс болған. Әбдірахман 1895 жылы дүниеден озса, қалған ұлдары отызыншы жылдары қуғын-сүргін кезінде әртүрлі жағдайда опат болған. Райхан ертерек, Гүлбадан 1932 жылы бақилық болған. Кенжеш туралы айтылмайды. Әбдірахманның қыздан тараған ұрпағы бар.
  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG