Accessibility links

Абайдың Өскемендегі ескерткіші бір-ақ тәулік тұрды


Өскеменде орнатылып, қайта алынған Абай мен Михаэлистің ескерткіші (Сурет әлеуметтік желіден алынды)

Өскеменде орнатылып, қайта алынған Абай мен Михаэлистің ескерткіші (Сурет әлеуметтік желіден алынды)

Өскеменде орнатылған Абай мен Михаэлиске арналған ескерткіш президенттің Шығыс Қазақстанға барған сапары қарсаңында шұғыл орнатылып, қоғамдық наразылықтан соң алынып тасталды.

Өскемендегі Абай мен Евгений Михаэлистің ескерткіші маусымның 23-іне қараған түні осы екі тұлғаның есімдері қойылған көшелердің қиылысқан тұсына орнатылған. Ертеңінде оның суреті интернетте кең тарап кетіп, әлеуметтік желі қолданушылары ескерткіштің көркемдік мазмұнын қатты сынап, оны алып тастауды талап етті. Бұл оқиға президент Нұрсұлтан Назарбаев маусымның 24-і күні жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барған уақытпен дәлме-дәл келді.

Интернет қолданушылар монументтегі қос адам Абай мен Михаэлиске (Семейге жер аударылған орыс зиялысы, Абайдың замандас досы – ред.) емес, «қортық адамдарға» ұқсайды деп жазды. Кей қолданушылар мүсіндердің пропорциясына күмән келтіріп, енді бірі шағын кітап ұстап тұрған Михаэлис ескерткішін «cелфи (телефонның камерасымен өз-өзін суретке түсіру) жасап тұрған адамға» ұқсатқан.

Facebook әлеуметтік желісін пайдаланушылар көркемдік деңгейі төмен ескерткішті «Абай мен тарихи естелікті қорлау деп сипаттап», қалалық әкімдіктен ескерткішті алып тастауды, оны орнатуға кім рұқсат бергенін, қанша қаржы жұмсалғанын және автордың атын жариялауды да талап етті.

Мәселен, Жанарбек Бекбаев есімді интернет қолданушы «жай ғана масқара ескерткішті алып тастау ол да қорлау, кінәлілерді анықтап, халыққа жариялап, лайықты шара қолдануларыңызды талап етеміз» деп жазды. Ал Еркін Байғабылұлы әлеуметтік желіге «бұл жобаны таңдап, орнатуға рұқсат бергендердің де атын білгісі келетіндігін» жеткізген.

Жай ғана масқара ескерткішті алып тастау ол да қорлау, кінәлілерді анықтап, халыққа жариялап, лайықты шара қолдануларыңызды талап етеміз.

Жанерке Әли есімді интернет қолданушы ескерткішті «анатомияны жөнді білмейтіндер жасаған» деп бағалайды. Әсел Мұздыбай есімді қолданушы «ескерткішті жасаған мүсіншілердің дипломдары мен сертификаттарын жарамсыз деп танылғанын қалайтынын» жазды.

Интернетте жаппай наразы жазбалар пайда бола бастаған кезде, маусымның 24-і күні Өскемен қаласының әкімдігі ескерткішті алып тастады. Әкімдік Азаттық радиосына: «Тапсырыс беруші қалалық әкімдік тарапынан ескерткіштің о бастағы бекітілген макетіне сәйкессіздігі анықталғандықтан алынып тасталды. Қазір ескерткішті жөндеуге алып кетті. Ескерткіш толық дайын болғанда қайта орнатылады. Авторлары – Владимир Самойлов пен Евгений Непьянов. Ескерткіш фибробетоннан жасалған. Ескерткіштің құны дайын болғанда анықталады. Әзірге ескерткіш авторларына ешқандай қаражат төленген жоқ» деп хабарлады.

Қалалық әкімдік Азаттық радиосының «әлі қаржысы төленбеген ескерткішті» бірден орнатуға рұқсатты кім бергені туралы сауалын жауапсыз қалдырды.

Астананың бір шетінде ашық далада қар басып тұрған қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің ескерткіштері. 12 қараша 2009 жыл

Астананың бір шетінде ашық далада қар басып тұрған қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің ескерткіштері. 12 қараша 2009 жыл

Қазақстанда жаңа құрылыс нысандарын және ескерткіштерді салтанатты түрде ашу рәсімдері көп жағдайда сол қалаға, я облысқа президент Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен баратын уақытқа тұспа-тұс ұйымдастырылып жатады. Президент Назарбаев 2006 жылы желтоқсан айында Алматы қаласына жұмыс сапарымен келген кезде де асығыс қойылған Желтоқсан құрбандарына арналған «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші дәл салтанатты рәсім алдында шұғыл түрде жөнделген.

Елде бюджет есебінен тапсырыс берілген ескерткіштерге қатысты дау бұған дейін де болған. 2009 жылы Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіштері әзірленіп қойылғасын барып жарамсыз деп танылған. Ескерткіштің Астана қаласының орталығынан алынып, ашық далаға көшірілуі дау туғызған еді. Кейін 2010 жылы Астанада Керей мен Жәнібекке қайта ескерткіш қойылды.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG