Accessibility links

Әбіш Кекілбаевтың саяси мансабы Назарбаевтың қолын сүюмен аяқталды


 Астанадағы «Бәйтерек» монументіндегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алақанының таңбасы.

Астанадағы «Бәйтерек» монументіндегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алақанының таңбасы.

15 жыл бұрын қазанның 30-ында Әбіш Кекілбаев Қазақстанның мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды. Жазушы-интеллигенция өкілдерінің арасынан алғаш болып биік лауазымға жеткенімен оның бүгінгі саяси жүйемен бірге құбыла отырып, мансап жолын қол сүюмен тәмамдауы жұртшылыққа түсініксіз күйде қалды.


1960 жылдардың бас кезінде әдеби шығармашылығымен таныла бастаған Әбіш Кекілбаев туралы естеліктердің барлығында да оның жас кезінен-ақ аса білімді және өрелі жан ретінде көрінгені айтылады.

«ӘБІШ – ФЕНОМЕН»

«Кейбір өрекпіме тұрғыластарымыз өзгені тыңдаудан гөрі өзінің ішіне сыймай жүрген ойларын жариялауға асығып жар салып жатса, ол ерекше байсалды мінезбен бұрын біз естіп-білмеген кейбір кітаптар мен авторларды алдымызға көлденең тарта бастаушы еді, сонда біздің арамыздағы небір даукес-білгіштеріміз де бәсеңсіп қалатын» деп жазады Герольд Бельгер Әбіш Кекілбаев шығармалары туралы әдеби-сын мақаласында.

3-курста оқып жүргенде жазушы Мұхтар Әуезовтен сұқбат алып, «Лениншіл жас» газетінде жариялаған Әбіш Кекілбаевтың кейінгі «Үркер», «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры» романдары, «Шыңырау», «Күй», «Ханша-дария хикаясы», «Бәсеке», «Бір шоқ жиде» «Шеткері үй», «Құс қанаты» повестері мен басқа да әдеби шығармаларына советтік кезеңде де, кейін де әдебиет сыншылары тарапынан жоғары баға берілді.

Қазіргі уақытта жиі қолданылатын «мәңгүрт» ұғымы да алғаш рет Әбіш Кекілбаев шығармасында пайда болды.

Сыншы, ақын Темірхан Медетбек 2009 жылы «Әбіш Кекілбайұлы - еліміздің рухани тіршілігінде болсын, саяси-әлеуметтік өмірінде болсын қайталанбас құбылыс. Ол – феномен. Ол – тұтас әлем. Ол айтқан сайын, қадалған сайын тереңдей түсетін шыңырау әлем. Ол шыңыраудан әлі талай ұрпақ сусындап, талай ұрпақ қуаттанары сөзсіз.Ол – рухани ұлы тұлға» деп жазды.

«ӘДЕБИЕТШІ БОЛМАСАМ, САЯСАТҚА КЕЛМЕС ЕМ»

Әбіш Кекілбаев өзінің қоғамдық қызмет пен саясатқа қалай келгені туралы 1995 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында: «...Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Суреткер болмасам, күрескер де болмас ем. Бұрын суреткер ретінде толғандырған мәселелер – мені азамат ретінде де толғандырып жүрген мәселелер еді. Қиял арқылы шешіп келген мәселелерге нақты өмірде тікелей атсалысуға мүмкіндік туып тұрса, одан қалайша бой тартамын?» деген еді.

1975 жылы Қазақстан компартиясы орталық комитетіне қызметке келген ол
Қазақ мәдениеті интернационалистік те, ұлттық та құбылыс ретінде тек совет заманында ғана қалыптаса алды.

публицистика жанрын да өрістетіп, уақыт талабына сай коммунистік рухтағы бірқатар толғауларын жариялады.

1977 жылы СССР-дің жаңа конституциясын талқылаған кезде оны «Адам бақытының хартиясы» деп атап, АҚШ-ты сынға алды. Бұл публицистикалық толғауын «совет адамдары СССР-дің жаңа конституциясының жобасын әділет жолында табандылықпен күресіп келе жатқан адамзат-ақыл ойының жаңа табысы, адам бақыты туралы бірден бір дәйекті ілім – марксизм-ленинизмге қосылған келелі үлесі деп біледі» деп аяқтады «Социалистік Қазақстандағы» мақаласын.

1985 жылы Лениннің «Партиялық ұйым және партиялық әдебиет» атты еңбегінің шыққанына 80 жыл толуына орай «Айқын да сара жол» деп аталатын көлемді мақала жазып, «соғысқұмар» Батыс әдебиетін айыптады.

«Социалистік қоғамды бұдан да жедел, бұдан да қарқынды дамытуды көздеген жаңа программалық документтер лениндік, халықтық, таптық, партиялық принциптер тұрғысынан көркем творчество алдына асқаралы міндеттер қойып отыр. Бүкіл қоғамдық тіршілігімізге жаңа революциялық қарқын беріп отырған соны өрелі өзгерістер мен өзекті мәселелер совет әдебиетшілерінің творчестволық еңбегіне де соны серпін берері сөзсіз» деп жазған кезде ол Қазақ ССР мәдениет министрінің орынбасары болатын.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан соң көптеген адамдар ресми түрде ұлтшыл деп танылған кезде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы Әбіш Кекілбаев «Ірі мұрат-мүдделерді көздейік» дейтін ой тастады.

«...Қазақ мәдениеті интернационалистік те, ұлттық та құбылыс ретінде тек совет заманында ғана қалыптаса алды. Егер біз мемлекеттік, ұлттық, территориялық бірыңғайлылыққа тек сонау жиырмасыншы жылдары бұрын әр қиыры әр тарапқа шашырап кеткен ұлан-байтақ қазақ жерінің әуелі автономиялық, ізінше одақтық республиканың құрамына қайта бірігуінің арқасында ғана қолымыз жеткен болса, оған дейін біртұтас ұлттық мәдениетіміз болды деп қалай айта аламыз?!» деген пікірлерді осы сөзінде айтты.

Айтып қана қоймай «...біздің бүгінгі мызғымас достығымыздың тарихи төркінін терең ашып беретін Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылуын, Ұлы Октябрьді, жаңа тарихи дәуірлерімізді, халықтарымыздың бірге күресіп, білек сыбанып бірге еңбек еткен тұстарын бейнелейтін тақырыптарға айрықша маңыз берілгені жөн» деп қазақ әдебиетінің келешек бағыт-бағдарына да жол сілтеді.

Жазушы еңбегіне шолу жасаған Қуаныш Сұлтанов 2009 жылы жазған «Кекілбаев кеңістігі» деген мақаласында бұл кезең туралы өзгешелеу, пост-советтік жаңа заман лебіне сәйкес лебіз білдіреді. «Кекілбаев өткен заманда да партия қызметіне шақырылды. Бірақ, партияның солақай қолшоқпарына ешқашан айналған емес. Керісінше, әсіресе әдебиет, мәдениетке партия саясатының әділ қалыптасуына оң ықпалын тигізді» деп жазады Сұлтанов.

ТҰЯҚ СЕРІППЕГЕН ЖОҒАРЫ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ

Қазақстан тәуелсіздігі қарсаңында Әбіш Кекілбаевтың қоғамдық-саяси белсенділігі өзгеше қырынан көрінді. Қазақ тілі мен жер-су аттарының мәселелері, ұлттық тарих, мәдениет-әлеумет жайы, ұлтаралық, халықаралық қатынас істеріне араласты.

Нұрсұлтан Назарбаев алғаш президенттік қызметке кіріскен салтанатта: «Сізге тарихтың артып отырған жүгі орасан ауыр. Сіз жаңа мемлекеттің тек іргесін ғана қалап қоймайсыз, оның күллі сәулет-бітімінің дұрыс пішімделіп, дұрыс қалыптасуына келешек алдында Сіз жауап бересіз. Барлық алғашқылардың тағдыр-талайы солай болған. Сізге де солай етуге тура келеді» деген де Әбіш Кекілбаев болатын.

Ол 1994 жылы сәуірдің 20-сында Қазақстанның тұңғыш рет көппартиялық кәсіби парламенті – Жоғары кеңестің төрағасы болып сайланды.

176 депутат қатысқан дауыс берудің алғашқы турында Әбіш Кекілбаев – 65, Ғазиз Алдамжаров – 62, Қуаныш Сұлтанов – 39, Сұлтан Сартаев – 5 дауыс алды. Неғұрлым көп дауыс жинаған екі кандидат келесі турға өтіп, Әбіш
...бар гәптің сайлауды өткізгендегі ағаттықтардан кеткендігін басы ашық мәселе деп қарастырғанымыз жөн.

Кекілбаевқа - 92 депутат, Ғазиз Алдамжаровқа 69 депутат дауыс берді.

Бұл парламент арада 2 ай өткенде, 1994 жылы 6 шілдеде Ақмола қаласын Қазақстанның астанасына айналдыру жөнінде қаулы қабылдап, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне сый жасады.

Алайда бір жыл толмай-ақ, 1995 жылы наурыздың 6-сында Конституциялық сот Татьяна Квятковскаяның арыз-шағымына орай «Жоғары Кеңес заңсыз сайланды» деген шешім шығарды. Жоғары кеңес төрағасы Әбіш Кекілбаев конституциялық соттың қаулысына қарсылық енгізумен ғана шектелді. Республика заңының 131-бабына сәйкес Конституциялық соттың бұл қаулысы тоқтатылуы тиіс еді.

Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев алдымен «Соттың шешімі, бәріміз үшін күтпеген оқиға, «төбеден жай түскендей» болды», «өзіме Конституция берген құқықты пайдаланып, наурыздың 8-інде Конституциялық соттың қаулысына қарсылық білдірдім» деп мәлімдеме жасап, ізінше «Конституциялық сот шешімін құрметтеп», Жоғары кеңесті таратып жіберді.

Бір жарым айдан кейін, яғни 1995 жылы сәуірдің 29-ына бүкілхалықтық референдум өткізіп, президент өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды. Осыдан кейін бір топ депутат Нұрсұлтан Назарбаевтың «билікті басып алуына» қарсы аштық жариялап, «Халықтық парламент» құруға әрекеттенді.

Ал «...Депутаттық қауымның басына тап болған тоқырауға ойсырай қиналғаным рас. Оны адамнан да, құдайдан да жасыра алмаймын, - деген Әбіш Кекілбаев, - Бар гәптің сайлауды өткізгендегі ағаттықтардан кеткендігін басы ашық мәселе деп қарастырғанымыз жөн» деді «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында.

Сонымен қатар, өкілеттігін референдум арқылы ұзартқалы отырған Нұрсұлтан Назарбаевты «Келешек қамын кемеңгерлікпен ойлай алатын кемел шағындағы саясатшы» деп бағалады.

Қазақстанның саяси-оппозициялық өкілдері президент Нұрсұлтан Назарбаевты «Жоғары кеңесті таратып жіберіп, заң шығару билігінің өкілеттіктерін «уақытша өзіне алып», конституциялық төңкеріс жасады» деп санаған еді. 1995 жылы 30 тамызда Қазақстан президентінің өкілеттігін күшейткен жаңа конституция қабылданған болатын.

«АСАРДАҒЫ» МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫ

Жоғары кеңес таратылған соң жұмыссыз қалған депутаттар Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен «жұмысқа орналастырылды». Сол жылы, яғни 1995 жылы 19 қазанда Әбіш Кекілбаев Қазақстан президентінің «Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығымен» марапатталып, 1996 жылы 30 қазанда Қазақстан республикасының мемлекеттік хатшысы қызметіне тағайындалды.

«Өзіме тапсырылған қай істе де, шамам жеткенше іріткі болуға емес, ұйытқы болуға тырысып келемін», «елге не айтсам, билікке де соны айтып келемін» деген мемлекеттік хатшы 2001 жылы республикада болған саяси дүмпулер кезінде үнсіз қалды.

2002 жылы мемлекеттік хатшылықтан босап, парламент сенатының депутаттығына сайланған соң да президент саясатына адалдығын сақтап
Данышпан халқымыз өз тағдырын кімге сеніп тапсыруды білді. Тұңғыш президент – ерекше президент.

қалды. 2004 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева құрған «Асар» партиясының парламенттегі фракциясына мүше болды.

Ол бұл әрекетін: «Мен «Асар» партиясына емес, оның фракциясына мүше болдым. Ондағы мақсатым – заң шығару қызметі арқылы өмірге, қоғамға қандай нақты пайда тигізу мақсатын ойласам, соған «Асар» жүргізіп отырған бағыт көбіне ыңғайласады деп білемін» деп түсіндірді.

2006 жылы премьер-министр Даниал Ахметовке мемлекеттік тіл мәселесі жөнінде депутаттық сұрау салғанда Қазақстан президентінен «Бұлай мәселе қоюға болмайды. Құрып бара жатқан тіл жоқ. Ұлттар арасына жік салмау керек» деген сөз естіді.

2009 жылы қазан айында Астана төріндегі Тәуелсіздік сарайының алдында «Қазақ елі» атты монументі ашылғанда депутат Әбіш Кекілбаев: «...Данышпан халқымыз өз тағдырын кімге сеніп тапсыруды білді. Тұңғыш президент – ерекше президент. ...Қаһармандыққа толы өткенімізді, жасампаздыққа толы бүгінімізді, батыл бастамашылыққа толы ертеңімізді белгілейтін ақ мәрмәр монументтің ортақ тұлғасы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың болуы әбден орынды» деген еді.

АЛТЫН ЖҰЛДЫЗДЫҢ БУЫ

Әбіш Кекілбаев 2004 жылы 15 желтоқсанда бірінші нөмірлі «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды.

2009 жылы желтоқсанның 5-інде Астана қаласындағы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрында Әбіш Кекілбаевтың 70 жасқа толған мерейтойы аталып өтті.

Құттықтау сөзінде «Мен осынау жылдарда талай азаматтарды жаныма тарттым, жақсы қызмет беріп, мәртебелерін өсірдім. Олардың елге танылуына жағдай жасадым. ...Бізде қызметтен кеткенде ғана «білгір де іскер» болып көрінетіндер де бар. Әбекең ондай осалдық көрсеткен жоқ. Әрқашан азаматтық биіктен көрінді» деген президент Нұрсұлтан Назарбаев Әбіш Кекілбаевқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп, «Алтын жұлдыз» белгісін тақты.

Осынау құрметке қатты толқыған Әбіш Кекілбаев: «Жер бетінде қаламгер еңбегінің қадірі азайып, қасиеті кеміп жатқанда біздің елімізде ол бұрынғысынша ардақталып, бұрынғысынша ұлықталуда» деп жауап қайтарып, еңкейіп президенттің қолынан сүйді.

Парламент депутатының президент қолынан сүюі - қоғамда әртүрлі пікір туғызды. Мәселен, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы
Жер бетінде қаламгер еңбегінің қадірі азайып, қасиеті кеміп жатқанда біздің елімізде ол бұрынғысынша ардақталып, бұрынғысынша ұлықталуда.

Нұрлан Оразалин «Өз басым еңбек ерінің Алтын жұлдызын тағып тұрған сәтін теледидар арқылы көргенде толқу мен тебіреніске толы сәтті бастан кештім» дейді.

Әбіш Кекілбаевты бірінші болып құттықтаған Мырзатай Жолдасбеков: «Қай елдің президенті жазушысын ұлықтап, ағасын ардақтап, тойымен құттықтап, дәл бүгінгідей ағынан жарылып жатыр дейсің. Осының да қадірін біле білгеніміз жөн» деді.

Республика көлемінде аталып өткен мерейтойынан кейін көп өтпей өкілеттік мерзімі аяқталмаса да, Әбіш Кекілбаев күтпеген жерден сенат депутаты мәртебесінен айрылып, қоғамдық-саяси қызметтен шеттетіліп қалды.

«Республика» газеті «президенттің қолынан сүйгеннен кейін Әбіш Кекілбаев өзін мемлекет басшысының сенімді адамы және кіші жүздің беделді адамы деп санаса керек. Иманғали Тасмағамбетов пен Аслан Мусиннің басын қосып, батыстың саяси кланын күшейтуді ойластырғанын президент біліп қойып, депутаттық өкілеттігін дереу тоқтату жөнінде бұйрық беріпті» деген ұзынқұлақ әңгімелерді таратты.

Қалай болғанда да, билікке келу мен «қол сүйіп» кетудің арасы - соңғы жиырма жылда өзінің терең шығармашылық әлеуетін саяси карьера үшін құрбандыққа шалған Әбіш Кекілбаевтың өзі ғана жаза алатын трагедиялық драманың дайын сценариіне айналды.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG