Accessibility links

«Әблязовтың экстрадицияланбау мүмкіндігі бар»


Қуғындағы олигарх, оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязов.
Қуғындағы олигарх, оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязов.

Қуғындағы олигарх Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы сот үкімі шыққан Франциядағы заңдар бойынша оқиға енді қалай өрбімек? Азаттық тәуелсіз француз заңгерімен сұхбаттасты.

Қазақстанның оппозициялық тұлғаларының бірі, қуғындағы олигарх Мұхтар Әблязовтың адвокаты осы аптада оны Украина мен Ресейге экстрадициялау туралы франциялық сот үкіміне қарсы апелляциялық шағым түсіргенін мәлімдеді. Әблязовтың ендігі тағдыры не болмақ? Францияда бұған ұқсас сот үкімдері қалай жүзеге асып еді? Азаттық тілшісі осы сұрақтарды босқындар ісімен айналысатын тәуелсіз француз заңгері Мэтью Оденге қойған еді.

«ЕНДІГІ ҮМІТ – МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕС»

Француз заңгері Мэтью Оденнің Азаттыққа айтуынша, сот шешімі шығысымен Мұхтар Әблязов бірден Ресейдің құқық қорғау органдарына тапсырылмайды.

«Ресей басшылығы күдіктіні экстрадициялау туралы өтінішті француз үкіметінің атына жолдаған. Қылмыстық істерді қарайтын тергеу палатасы бұл өтініштің заңдылығын тексеріп, Ресей үкіметінің сұрауы қаншалық орынды деген сұраққа жауап береді. Тергеу палатасы күдіктіні басқа елге тапсыруға рұқсат берген соң үкімет шетел азаматын экстрадициялау туралы өкім шығарады. Бұл өкімге қарсы жақ Францияның мемлекеттік кеңесіне шағымдана алады» дейді Оден.

Мұхтар Әблязовты экстрадицияламауды сұрап Франция консулдығына келген белсенділер. Алматы, 14 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Мұхтар Әблязовты экстрадицияламауды сұрап Франция консулдығына келген белсенділер. Алматы, 14 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Заңгердің пайымдауынша, Ұлыбританияда саяси босқын деп танылған Әблязов Францияның мемлекеттік кеңесіне Ресейге жіберілген жағдайда қандай қысым көретінін жан-жақты дәлелдеуге мүмкіндік табады.

«Оған саяси босқын мәртебесін берген басқа ел болғанымен, Франция Женева конвенциясына қол қойған. Конвенцияның өзі экстрадицияланудан қорғамайды, дегенмен, мемлекеттік кеңестің саяси босқындарды сырт елге бермеу туралы құқықтық құжаттары бар. Сондықтан мемлекеттік кеңес – оның (Әблязовтың – ред.) ең үлкен мүмкіндігі. Экстрадициялау туралы шешімге қол қоятын және оны жүзеге асыруды қадағалайтын – Францияның әділет министрі» дейді адвокат.

САЯСИ ШЕШІМНЕН ҚАШУ

Француз заңгері Ресейдің заң жүйесіндегі кемшіліктерге де назар аударады. Оның айтуынша, Путин билікке келгелі үкіметке жақпай қалған саяси белсенділерді қылмыстық жауапкершілікке тарту оқиғалары көбейген. Оның ойынша, Әблязовқа қатысты саяси шешім шығарылғанда осы жайттар да ескерілуі мүмкін. Оден Францияның апелляциялық соты істің саяси астарына мүлде назар салмау арқылы бұл жауапкершілікті үкіметтің мойнына арта салуы да мүмкін деп топшылайды.

«Апелляциялық сот тек құқықтық құжаттарды зерттей келе Ресей басшылығының Әблязовты экстрадициялау туралы өтініші орынды деп тапты. Олар саяси жағына қараудан бас тартты. Адвокаттардың Ресей мен Украинадағы сот жүйесі құрал ретінде пайдаланылып кетуі мүмкін деген уәждерін француз сотының ескермеуі таң қалдырады. Саяси тұрғыдан алып қарағанда апелляциялық сот өз жауапкершілігін үкіметке қарай ысыра салды. Меніңше, апелляциялық сот тым саясиланған шешім шығарды деген айыптаулардан қорықты» дейді Оден.

Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен қызы Мәдина Әблязова оны Ресейге не Украинаға экстрадициялау туралы шешім шығарылған күні сот залында отыр. Франция, 9 қаңтар 2014 жыл.
Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен қызы Мәдина Әблязова оны Ресейге не Украинаға экстрадициялау туралы шешім шығарылған күні сот залында отыр. Франция, 9 қаңтар 2014 жыл.
Және бір маңызды фактор – Францияның Қазақстандағы экономикалық мүддесі. Заңгердің пайымдауынша, бұл жайт та француз үкіметін тұйыққа тірейді.

«Үкімет келісім-шарттардың тағдырына, Қазақстандағы француз компаниялары салған инвестицияға, соның ішінде Total компаниясының жай-күйіне алаңдайды.

Франция басшылығының Қазақстанға қатысты ұстанымы оларды аса ыңғайсыз жағдайда қалдырады, себебі бұл өтініштің экономикалық тұрғыдағы құны тым жоғары» дейді заңгер.

«УКРАИНА ҚАУІПТІРЕК»

Заңгердің айтуынша, Франция үкіметі Мұхтар Әблязовты Ресейге, не Украинаға экстрадициялау жөнінде өкім еткен жағдайда, бұл екі елде де оның құқықтарының толық сақталуы екіталай. Оден Әблязовтың Украинадан гөрі Ресейдің заң органдарына табысталғаны дұрыс болады деп санайды.

«Украинамен салыстырғандағы жалғыз артықшылығы – Ресейде сот процесі туралы ақпарат таратуға тосқауыл қою қиындау. Украинада ақпарат құралдарын мемлекеттің бақылауы күштірек және Батыстың алдындағы геосаяси ставканың құны төменірек. Сондықтан Әблязов үшін Ресейден гөрі Украинаға экстрадициялану қауіптірек. Дегенмен Ресей билігі халықаралық қысымға көп иліге бермейтінін де байқатып жүр» дейді француз заңгері.

Бұған дейін Ұлыбритания сотының Мұхтар Әблязовты «сотты сыйламағаны үшін» 22 айға бас бостандығын айыру жазасына кескені белгілі. Заңгердің сөзінше, оның бұл «қарызы» Франциядағы құқықтық шешімге бәлендей ықпал ете қоймайды, бірақ жалпы бағалауға әсерін тигізуі мүмкін.

Мұхтар Әблязовтың Лондонда жүрген кезі. Қуғындағы саясаткер Әкежан Қажыгелдин екеуі "К-плюс" телеарнасына сұхбат беріп отыр. Ұлыбритания, 13 наурыз 2010 жыл.
Мұхтар Әблязовтың Лондонда жүрген кезі. Қуғындағы саясаткер Әкежан Қажыгелдин екеуі "К-плюс" телеарнасына сұхбат беріп отыр. Ұлыбритания, 13 наурыз 2010 жыл.
«Қылмыстық құқық бойынша, оған жазаға кесілмеген адамдікіндей кінәсіздік презумпциясы беріледі, себебі экстрадициялау туралы өтініште оған Англия соты жазаға кескен себептен басқа айып тағылып отыр. Мұның алдында дәл сол айып тағылған жағдайда ғана ол адамды басқа жаққа экстрадициялауға болмайды» дейді заңгер.

50 жастағы Әблязов 2013 жылы шілде айында Францияның Канн қаласына жақын Ривьера курорттық аймағында ұсталып, содан бері француз құқық қорғау орындарының қамауында отыр. Украина мен Ресей оны экстрадициялау туралы өтінішті қатар түсірген. Оны сотқа тартқысы келетін Қазақстан Франциямен тұтқындарды экстрадициялау туралы келісім-шарт жасаспаған.

Бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік, қуғындағы олигарх және оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты Қазақстан билігі БТА банкті басқарып тұрған кезде 6 миллиард АҚШ долларын қаржылық алаяқтық жасау арқылы жымқырды деп айыптайды. Әблязов бұл айыптарды жоққа шығарып, өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істің саяси астары бар деп мәлімдеп келеді.

(Сұхбатты француз тілінде Клэр Бигг алды)
XS
SM
MD
LG