Accessibility links

Оффшор туралы ақпаратта Әблязов аталды


Мұхтар Әблязов.
Мұхтар Әблязов.

Халықаралық ICIJ ұйымы «170 елдің 130 мың азаматы оффшорда қаржы жасырып отыруы мүмкін» деген ақпарат таратты.

Бұл мәліметтерді бас кеңсесі Вашингтонда (АҚШ – ред.) орналасқан, 60 елдің журналистері мен әлемдегі ірі БАҚ өкілдерін біріктіретін ICIJ ұйымы (International Consortium of Investigative Journalists - журналист-зерттеушілердің халықаралық консорциумы) жариялады. Алайда ұйым ақпараттарды әлі де нақтылау керегін, тізімнің толық емес екенін білдірген.

Ұлыбританиялық Виргин аралдарындағы оффшорлық есеп-шоттарға байланысты Қазақстаннан шыққан кәсіпкер Мұхтар Әблязовтың, Грузия премьер-министрі Бидзина Иванишвилидің, Ресей вице-премьері Игорь Шуваловтың, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің, т.б. адамдардың есімдері аталады.

РЕСЕЙ

Азаттыққа ICIJ ұйымының аға редакторы Майкл Хадсон:

Ресейдің бірінші вице-премьері Игорь Шувалов. Иркутск, 9 қыркүйек 2008 жыл.
Ресейдің бірінші вице-премьері Игорь Шувалов. Иркутск, 9 қыркүйек 2008 жыл.
- Ресей премьер-министрінің орынбасары Игорь Шуваловтың әйелінің Ұлыбританиялық Виргин аралдарында компаниялары бар. Ол ақпарат беруден бас тартты. Компанияның қай мақсатқа пайдаланылатынын анықтай алмадық. Оффшорға байланысы бар деген сөз ол адам жаман әрекет жасады дегенді білдірмейді, бірақ міндетті түрде оның әрекеттерінің жария немесе жасырын екені жөнінде сауалдар туындайды. Неге оффшорда компаниясы бар, ол қандай бизнес, оған өзге елден ақша аударылған ба? Бұл сауалдар – оффшорға қатысы бар адамға кез-келген салық немесе құқық қорғау органы қызметкерінің қоятын әдеттегі сұрақтары, - дейді ICIJ редакторы.

ӘЗЕРБАЙЖАН

Хадсон Азаттыққа Әзербайжан президенті Әлиевтің есеп-шоттары туралы біршама нақты ақпараттар берді.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен әйелі Мехрибан Әлиева.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен әйелі Мехрибан Әлиева.
​ ​- Бізге 2008 жылы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің өзі мен әйелі және қыздарының атынан ашылған үш компания бар екені мәлім болды. Әлиевтің қызы Арзу бұл компаниялар тіркелген кезде – 19, Лейла 23 жаста болған. Біз өзін компания директоры Хасан Гозал ретінде таныстырған адаммен де, президент отбасымен де байланысқа шығуға талпындық. Ешқайсысынан ақпарат алу мүмкін болмады, - дейді Майкл Хадсон.

ҚАЗАҚСТАН

Қазақстанға қатысты Мұхтар Әблязовтың есімі аталған.

Мұхтар Әблязов.
Мұхтар Әблязов.
«Әблязовқа Қазақстанның мемлекеттік банкінен «5 миллиард доллар ұрлады» деген айып тағылған. Ұлыбританиялық баспасөз мұны «тарихтағы ең ірі алаяқтық» деп атады. Оффшордағы бизнесі: Ұлыбританиядағы сотта Әблязовтың адамы ретінде аталған тұлға 2006, 2007 жылдары Виргин аралдарында 31 компания ашқан. Лондондағы адвокаты жауап бермеді. Өзі айыптарды жоққа шығарады» деп жазады ICIJ.

ГРУЗИЯ

Премьер-министр Бидзина Иванишвили.

Грузия премьер-министрі Бидзина Иванишвили мен оның әйелі Эка Хведелидзе. Тбилиси, 1 қазан 2012 жыл.
Грузия премьер-министрі Бидзина Иванишвили мен оның әйелі Эка Хведелидзе. Тбилиси, 1 қазан 2012 жыл.
«Иванишвили - Грузиядағы ең бай адам. Forbes журналының мәліметінше, 5 миллиард доллары бар. Оффшордағы бизнесі: Виргин аралындағы Bosherston Overseas корпорациясының директоры. Иванишвилидің өкілі «2011, 2012 жылдары премьер-министр бұл компаниялардың жұмысына араласпады. Сондықтан декларациясында оны көрсетуді міндетті деп санаған жоқ. Премьер-министр заң аясында әрекет етеді» деп жауап берген»

УКРАИНА

Оффшор жөніндегі ақпаратта украиналық кәсіпкер Дмитрий Фирташ аталады.

Украиналық кәсіпкер Дмитрий Фирташ. Киев, 16 қаңтар 2007 жыл.
Украиналық кәсіпкер Дмитрий Фирташ. Киев, 16 қаңтар 2007 жыл.
Фирташ туралы былай жазылған: «RosUkrEnergo компаниясы иелерінің бірі, Ресейдің «Газпром» компаниясымен әріптестік орнатқан кәсіпкер. АҚШ құқық қорғау органдары оны қару және есірткі саудасымен, орыс мафиясының жетекшісі аталып кеткен Семен Могилевичпен де байланыстырады. Оффшордағы бизнесі: 2007 жылдан бері Group DF Limited компаниясының акционері және директоры. Компания энергетика, химиялық заттар және жылжымайтын мүлік саласында жұмыс істейді. Фирташтан сұхбат алу мүмкін емес».

МОҢҒОЛИЯ

Ұйым оффшорлық есеп-шоты бар адам ретінде Сангажавын Баярцогты атаған.

Моңғолия парламентінің вице-спикері Сангажавын Баярцогт. Icij.org сайтынан алынған скриншот. 5 сәуір 2013 жыл.
Моңғолия парламентінің вице-спикері Сангажавын Баярцогт. Icij.org сайтынан алынған скриншот. 5 сәуір 2013 жыл.
ICIJ былай жазады: «2008 жылдан 2012 жылдың тамыз айына дейін елдің қаржы министрі, Азия банкі басшысы болды. Қазір Моңғолия парламентінің вице-спикері. Оффшордағы бизнесі: Legend Plus Capital Limited компаниясына қатысы бар. Құжаттарға қарағанда, бұл компания Баярцогтың қаржы министрі болуынан бірнеше ай бұрын Швейцария банкінен құпия шот ашуға пайдаланылған. Баярцогт «бұл компания мен есеп-шоттар өзім мен үш досымның акциялар саудасына қатысуымыз үшін ашылған. Екі есеп-шот та, компания да менің атымда қала береді, бірақ бұл ақпаратты кезінде парламенттен жасырдым. Ол қателік болды, парламенттегі қызметімнен сол үшін кетемін» деп хабарлады».

2 миллион 500 мыңға жуық құжаттарды шолып шыққан ICIJ ұйымы өкілдері «адамдардың байлықтарын салықтан жасыру тәсілдерінің бірімен танысқанын» айтады.

McKinsey & Company консалтинг фирмасының бұрынғы бас экономисі «оффшорларда жасырылған ақшаның көлемі - 21 триллион АҚШ доллары» дейді.
XS
SM
MD
LG