Accessibility links

Мұхтар Әблязов Құлыбаевқа қарсы вебсайт ашып, соғыс қимылын қыздыра түсті


Батыс Қазақстанның мұнай бұрғылау орынында.

Батыс Қазақстанның мұнай бұрғылау орынында.

Мұхтар Әблязов Қазақстан президентінің ортаншы күйеу баласы, топ менеджер Тимур Құлыбаевқа қарсы ақпараттық соғысын тағы жалғастырып, интернет арқылы жаңа мәлімдеме жолдады. Азаттық радиосы топ-менеджерге жақын бұлақ көздері арқылы бұл мәлімдемені расында Әблязовтің жолдағанын анықтады.

ӨКІЛ КҮЙЕУ БАЛАМЕН АЙҚАС

«БТА Банктің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов дүйсенбі күні өзінің интернет поштасы арқылы «Нұр Отан» партиясының төрағасына, бас прокурорға, ҰҚК-нің төрағасына, қаржы полициясының басшысына, ішкі істер министріне, парламент басшылары мен депутаттарына, сондай-ақ саяси партиялардың басшыларына хат жазды.


Онда Мұхтар Әблязов Тимур Құлыбаевты «аса ірі көлемде мемлекет қаржысын талан-таражға салды», «қызмет бабын асыра пайдаланды», «салықтан жалтарды», «өзгенің мүлкін заңсыз иемденді» деп айыптап, ақпараттық соғысын одан әрі жалғастырған.


Әбзялов өзінің хатында «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының активтерін реструктуризациялау бағдарламасы және соны жүзеге асыру барысында жеті компания «тиімсіз» активтер тізіміне өткендігін баяндаған.


Әблязовтың есеп-қисабы бойынша, осындай алып-сатарлық әрекеттердің арқасында ұйымдасқан қылмыстық топ жүздеген миллион АҚШ доллары көлемінде табысқа ие болған.


Сонымен бірге, халықаралық іздеудегі топ-менеджер өз хатында «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының тағы бірнеше компаниясы басқа бір оффшорлық фирмаларға өтті деп атап көрсеткен. Бұл жолы Әблязов хатында тек екі компанияға қатысты құжаттарды көпшілік назарына ұсынып отыр.

ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫ ҚАРАП ЖАТЫР


Бұл уақытта қаржы полициясы Мұхтар Әбзяловтың бұған дейінгі хатын, атап айтқанда «Қазмұнайгаз» АҚ және «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның бірқатар активтерінің заңсыз келісімшарттарына қатысты өтінішін өндіріске алды» деп хабарланды. Онда Мұхтар Әблязов президенттің ортаншы күйеу баласы Құлыбаевты "Ақтөбемұнайгаздың" 25,12 пайыз акциясын Қытайдың мемлекеттік компаниясына сату барысында 165,9 миллион долларды пара ретінде алған болуы керек деп айыптаған болатын.


Қаржы полициясының баспасөз хатшысы Дәмежан Есімбекованың дүйсенбі күні Азаттық радиосына хабарлауынша, Алматы қаласы Медеу аудандық соты Тимур Құлыбаевтың арыз-шағымы бойынша істі қарап жатқандықтан, Әблязовтың өтінішіне қатысты түпкілікті шешім сол процестің нәтижесіне орай шығарылады.


Алайда қаржы полициясының өкілі Әблязовтың дүйсенбі күні таратқан жолдауы өз мекемесіне жеткендігіне күмән келтіріп отыр.


- Алған күннің өзінде олар қолда бар материалдарға қосылатын болады, - деп түсіндірді подполковник.

Бұл айыптауларға қатысты Тимур Құлыбаевтың өзінің пікірін білу мүмкін болмай отыр. Азаттық радиосы дүйсенбі күні Құлыбаевтың хатшылығына хабарласты, кеңседегілер Тимур Асқарұлының жиналыс өткізіп жатқандығын, ал сауалдар тек қана жазбаша түрде қабылданатындығын ескертті.

Ал қаңтар айының соңында сотқа түсірген талап-арыздарында Тимур Құлыбаевтың адвокаттары Құлыбаевқа бұған дейін жемқорлық айыбы тағылған емес, ал Әблязовтың жазып отырғандары жала деп атап көрсеткен болатын.

Тимур Құлыбаев «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасының орынбасары, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, «Қазақстан темір жолы», «Самұрық Энерго», сондай-ақ KazEnergy коммерциялық емес ұйымының басшысы қызметін атқарады.


Өткен жылы ақпан айының басында «БТА Банкі» директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен алынғаннан кейін Мұхтар Әблязовке қылмыстық іс қозғалды. Артынша-ақ Қазақстаннан кетіп қалған Әблязовқа Қазақстанның өтініші бойынша іздеу жарияланды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG