Accessibility links

«Жиһадшы балалар» видеосына бола бірнеше сайт бұғатталды


Daily Mail басылымы жариялаған "Сириядағы жиһадшы қазақ балалар" туралы "Ислам мемлекеті" видеосының скриншоты.

Daily Mail басылымы жариялаған "Сириядағы жиһадшы қазақ балалар" туралы "Ислам мемлекеті" видеосының скриншоты.

Видео туралы материалдары бұғатталған қазақстандық сайттар арнайы мекемелерден ескерту алмағанын айтады. Ал қырғыз сайты Қазақстан билігінің «өтінішін» елемеді.

Қазақстандық Vlast.kz порталының бас редакторы Вячеслав Абрамов интернетте қарашаның 22-сі күні пайда болған «Сирияда соғысып жүрген қазақстандықтардың балалары» деп сипатталған видео жайлы материалдары ашылмай қалғанын хабарлады.

– Біз ол видеоны жариялаған жоқпыз. Әншейін видеоның шыққаны жөнінде жаңалық жаздық. Бірақ ол материал бұғатталып қалды. Қазір сол мәселеге байланысты жұмыс істеп жатырмыз, сауал жібердік, – деді Вячеслав Абрамов.

Ол мемлекеттік ресми орындардың ешбірінен «жаңалықты алып тастау» жөнінде ешқандай ұсыныс немесе ескерту алмағандарын айтады.

«АҚПАРАТ БЕРУ – ТЕРРОРИЗММЕН КҮРЕСТІҢ ҮЗДІК БІР ТӘСІЛІ»

Мұндай кедергіге Қазақстандағы Tengrinews, Zonakz.net сияқты сайттар да жолыққан. Олардың бірінің «жиһадшы балалар» видеосы жайлы жаңалығы әлі ашылмай тұр, енді бірі ол туралы деректі алып тастаған. Сайт өкілдері «материалдың ашылмай тұрғанын» ғана айтумен шектелді.

Қырғызстандағы kloop.kg порталының авторы әрі журналист-блогшы Бектұр Ескендір.

Қырғызстандағы kloop.kg порталының авторы әрі журналист-блогшы Бектұр Ескендір.

«Сириядағы «жиһадшы балалар» видеосына байланысты бұғаттауға тек қазақстандық сайттар ғана емес, Қырғызстандағы kloop.kg блог-платформасы да ұшырады. Ол сайт материалында «жиһадшылар» видеосының үзіндісін және скриншотын пайдаланған еді. Сайтқа хат жазған Қазақстан байланыс және ақпарат министрлігі жанындағы компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметі «БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің терроризмге қарсы тұру туралы резолюциясына, Қазақстанның терроризм және экстремизммен күрес туралы заңнамаларына» жүгініп, ол материалды өшіруді сұраған. Астананың өтінішін орындамаған kloop.kg сайты қарашаның 26-сынан бастап Қазақстанда ашылмай қалды.

– Ендігі қалған жалғыз амал – бізге қатысты қолданып отырған заңсыз шаралармен күресу. Қандай жағдай болса да материалды өшірмейміз. Ақпарат беру – терроризммен күрестің ең үздік тәсілдерінің бірі деп санаймыз. Біз Қазақстан билігінің әрекеттерін шын мәнінде түсінбейміз, – деді kloop.kg блог-платформасының негізін қалаушы блогер Бектұр Ескендір Азаттыққа.

«ҚАНША САЙТТЫҢ БҰҒАТТАЛҒАНЫ – ҚЫЗМЕТТІК АҚПАРАТ»

Азаттық тілшісі «Сириядағы жиһадшы қазақ балалары» видеосына байланысты тағы қанша сайттың бұғатталғанын білмекке Қазақстан байланыс және ақпарат министрлігі жанындағы компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметіне хабарласқан еді.

– Кешіріңіз, мен сізге мұны айта алмаймын. Бұл – қызметтік пайдалануға арналған ақпарат. Бізден хабарлама алғаны жөнінде ақпаратты, мүмкін, интернет ресурс иелерінің өздері айтып қалар, – деп жауап берді мекеме өкілі Жанат Жакупов.

Daily Mail басылымы жариялаған "Сириядағы жиһадшы қазақ балалар" туралы "Ислам мемлекеті" видеосының скриншоты.

Daily Mail басылымы жариялаған "Сириядағы жиһадшы қазақ балалар" туралы "Ислам мемлекеті" видеосының скриншоты.

«Ислам мемлекеті» ультра-радикал діни ұйымы таратты» деп сипатталған, қазақша сөйлейтін кәмелетке толмаған жас балалар түскен видео интернетте өткен аптаның соңында (22-23 қараша күндері) тараған. Содырлардың «Әл-Хаят» атты медиа орталығы даярлаған видеоға түскен адамдар арабша және қазақша сөйлейді. Видео үзіндісінде өзі сияқты әскери форма киген балалардың арасындағы бастауыш сынып жасындағы ұл Калашников автоматын құрастырып, нысана көздейді. Аты Абдулла екенін, Қазақстаннан келгенін мәлім еткен бала өскенде «кәпірлерді бауыздайтын муджаһид болғысы келетінін» айтады.

Қарашаның 24-і күні Қазақстан бас прокуратурасы бұл роликтің мазмұны «терроризмді насихаттау және ақтау» деп танылғанын мәлімдеп, роликті және оның жекелеген эпизодтарын Қазақстан территориясында таратудан бас тартуды ұсынған. Сол күннен бастап елде бұл видео ғана емес, ол туралы жазылған интернет материалдары да бұғаттала бастаған. Азаттық сайты қарашаның 23-і күні жариялаған, «Ислам мемлекеті» ұйымының «жиһадшы қазақ балалар» туралы видео таратқаны жөніндегі қазақ және орыс тіліндегі материалдары – Қазақстан аумағында ашылмай қалған сондай контенттің бірі.

Биліктің экстремизм және терроризммен күресте «жиһадшылар» видеосын ғана емес, ол туралы хабардар еткен басқа сайттардың материалын да жаппай бұғаттауын сарапшылар қолдамайды. «Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Калеева Азаттыққа берген сұхбатында «Жиһадшы балалар» видеосы жайлы жазған сайттарды бұғаттау кесірі оқырманға дұрыс бағыт беретін материалдарға да тиіп жатқанын айтады. Ал саясаттанушы Айдос Сарымның пікірінше, экстремизммен күресте ол жайлы жазған материалды бұғаттаумен мәселе шешілмейді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG