Accessibility links

ҰҚК төрағасы апатқа қатысты брифинг өткізді


Нұртай Әбіқаев, ҰҚК төрағасы. Шымкент, 26 желтоқсан 2012 жыл.

Нұртай Әбіқаев, ҰҚК төрағасы. Шымкент, 26 желтоқсан 2012 жыл.

Ұшақ апатына қатысты бірнеше болжам айтқан Нұртай Әбіқаев журналистердің шекара қызметіндегі төтенше оқиғалардың жиілеп кетуіне орай "отставкаға кету" туралы сұрағына да жауап берді.

ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев Ан-72 әскери-көлік ұшағының құлауына қатысты брифингті Шымкент қаласында өткізді.

Оның алғашқы айтқан мәліметі - "Ұшақ жерге тік құлаған". ҰҚК төрағасы ұшақ апатының себептері анықталып жатқанын хабарлап, өз болжамдарын мәлімдеді. Нұртай Әбіқаевтың айтуынша, апатқа "дауылды жел мен жаңбырдың қарға ұласуы әсер етуі мүмкін", екінші себеп "адам факторы болуы ықтимал". Ол "техникалық себеп" де бар болуы мүмкін деп санайды.

Журналистердің "Сіздерге ұшуға қолайсыз ауа-райы туралы ақпарат алдын ала түскен жоқ па?" деген сауалына ҰҚК төрағасы "Ондай ақпарат болды" деп жауап берді.

"МӘЙІТТЕРДІ ТАНУ МҮМКІН ЕМЕС"

Әбіқаев Ан-72 ұшағының 1990 жылы жасалғанын, 2012 жылы қарашаның 2-сі күні Украина ұшақ жөндеу зауытынан толық жөндеуден өтіп келгенін, содан кейін небәрі 40 сағат ұшқанын айтты. Осы брифингте ҰҚК төрағасы шекара қызметіне уақытша директор міндетін атқарушы етіп Абай Брекешевті тағайындағанын да хабарлады.

ҰҚК төрағасы қаза тапқан әскери қызметкерлердің туыстарымен жолыққан. Сол кездесуде марқұмдардың жақындарына мәйіттерді анықтау үшін генетикалық сараптама тағайындалғанын хабарлаған.
ҰҚК шекара қызметінің Сайрам ауданында апатқа ұшыраған АН-72 әскери-жүк ұшағы. Бұл суретті ұшақ Алматыға келіп қонған сәтте 2012 жылғы 25 қараша күні журналист Григорий Беденко түсірген. Автордың рұқсаты бойынша жарияланып отыр.

ҰҚК шекара қызметінің Сайрам ауданында апатқа ұшыраған АН-72 әскери-жүк ұшағы. Бұл суретті ұшақ Алматыға келіп қонған сәтте 2012 жылғы 25 қараша күні журналист Григорий Беденко түсірген. Автордың рұқсаты бойынша жарияланып отыр.


- Адамдардың сүйектерінің кімдікі екенін тану мүмкін емес. Генетикалық сараптама Шымкент қаласында жасалмақ, - деді Әбіқаев.

Нұртай Әбіқаевтың мәліметі бойынша, Ан-72 ұшағымен әскери қызметкерлер Астанада ҰҚК төрағасы өткізген салалық жиыннан қайтып келе жатқан. Ұшақ Шымкентке қонуға тиіс еді. Әбіқаевтың айтуынша, ҰҚК жиынының қорытындысын әскери шенеуніктер осы оңтүстік өлкеде желтоқсанның 26-сы күні талқылаулары қажет болған.

"ҚАНДАЙ ОТСТАВКА?"

Бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев желтоқсанның 27-сін аза тұту күні деп жариялады. Бұл - Қазақстанда 2012 жылы жарияланған екінші қаралы күн.

Азаттықтың Шымкенттегі тілшісінің хабарлауынша, "Брифингте журналистер ҰҚК шекара қызметінде төтенше оқиғалардың жиілеп кеткенін айта келіп, ҰҚК-нің жоғары шенді шенеуніктерінің отставкасы туралы сауал қойған. Бұл сұраққа Әбіқаев: "Қандай отставка?" деп таңырқай жауап берген".
АН-72 ұшағы құлаған жердегі шашылып жатқан бөлшектің бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы, 25 желтоқсан 2012 жыл.

АН-72 ұшағы құлаған жердегі шашылып жатқан бөлшектің бірі. Оңтүстік Қазақстан облысы, 25 желтоқсан 2012 жыл.


Брифингте Нұртай Әбіқаев ҰҚК шекара қызметіндегі қайғылы оқиғалардың өзінің де қабырғасына бататынын, "өздерінің де мұны қайғы ретінде қабылдайтындарын" айтты.

Желтоқсанның 25-і күні ҰҚК шекара қызметіне қарасты Ан-72 әскери-жүк ұшағы Шымкент қаласының маңында апатқа ұшырап, бортындағы 27 адам түгел қаза тапқан еді. Іле-шала апат құрбандарының арасында шекара қызметінің директоры міндетін атқарушы Тұрғанбек Стамбеков пен "Оңтүстік" аймақтық басқарма бөлімдерінің бастықтары бар екені белгілі болған. Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімі бойынша желтоқсанның 27-сі ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG