Accessibility links

Жамбылдағы жол апаты: Астанада мүрделерді анықтау сараптамасы басталады


Жамбыл облысындағы жол апаты. 31 шілде 2010 жыл.

Жамбыл облысындағы жол апаты. 31 шілде 2010 жыл.

Cенбі күнгі Жамбыл облысындағы жол апатынан құрбан болғандар саны 21-ге жетті. Бес жасар сәбидің мәйітін апат орнында жұмыс істеп жатқан құтқарушылар тауып алған. Марқұмдардың денелері сот-медициналық сараптамаға жіберілді, екі көлікке де трассологиялық сараптама жүргізіліп жатыр.


Түрлі дене жарақатын алғандар Мерке аудандық ауруханасында жатыр. Құтқарушылар апат болған күні мұнда 23 адамды жеткізген болатын. Қазіргі таңда олардың үшеуі осы ауруханада ем қабылдауда.

Мерке аудандық ішкі істер бөлімі жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғады, қаза болғандардың тұлғаларын анықтау жөніндегі тексеру амалдары әлі де жалғасуда. Марқұм болғандардың мүрделерін тану мүлдем мүмкін болмай отыр.
Автобусқа соғылған жүк көлігі. Жамбыл облысы.
31 шілде 2010 жыл.


Бүгіннен бастап Астанадағы сот медицина орталығы олардың жеке тұлғаларын анықтауға кіріспек. Бұдан алдын тараздық мамандар мүрделердің сүйектерін астанадағы зертханаға жіберген болатын. Зерттеу-талдау жұмыстарын сот медицинасы орталығының мамандары жүргізетін болады.

Мамандардың молекулярлы-генетикалық сараптамасы кем дегенде екі аптаға созылатын түрі бар.

Мәйіттердің тұлғасын анықтамай тұрып оларды жер қойнына тапсыруға рұқсат берілмейді. .

Денсаулық сақтау министрлігі сот медицинасы орталығының маманы Жанаргүл Дүйсенова:

- Бұл - өте күрделі әрі қымбат, ұзаққа созылатын процесс. Олардың ДНК-сын анықтау да біраз уақыт алады, - дейді.

Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметінің бас маманы Меруерт Тәжібаева Азаттық радиосына былай деп түсінік берді:
Жүк көлігіне соғылған автобус. Жамбыл облысы.
31 шілде 2010 жыл.


- Автобус жүргізушісінің тірі қалған кезекші-алмастырушысының айтуынша, автобуста 49 жолаушы болған. Бұл дерек бойынша Меркі аудандық ІІБ Анықтау бөлімшесі қылмыстық іс қозғады, бүгінгі таңда жеке тұлғаларды анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Оңтүстік Қазақстан облысының баспасөз беттерінде қаза болғандардың туыстарына сұрау салынуда.

Еске сала кетсек, шілденің 31-і күні Жамбыл облысы аумағында ірі жол апаты болған еді. Автобус пен жүк көлігі соқтығысып, толығымен жанып кеткен. Автобус Оңтүстік Қазақстаннан Алматыға бара жатқан болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG