Accessibility links

Белсенділер кішкентай қызды емдеуге ақша жинауға шақырады


Төрт жасар Шахназ Сансызбай. Сурет отбасы архивінен алынды.

Төрт жасар Шахназ Сансызбай. Сурет отбасы архивінен алынды.

Орал қаласында тұратын төрт жасар Шахназ Сансызбай жүре алмайды, қиналып әрең отырады. Әке-шешесі «баламыз аяғын басып кететін күн туар» деп үміттенеді. Бірақ оны емдету үшін ақшалай көмек қажет.

Анар Сариева мен Қазыбек Қайырғалиевтердің көптен күткен қызы жүрек қағысы әлсіз әрі тыныстай алмайтын халде туған. Дәрігерлер «баланың халі ауыр, жүрегі кез келген сәтте тоқтап қалуы мүмкін» деген қауіпті болжам айтқан.

Шахназды анасы Анар Сариева көтеріп тұр.

Шахназды анасы Анар Сариева көтеріп тұр.

- Шахназ он күн реанимация бөлімінде жатты. Кейін балалар ауруханасына ауыстырып, онда бір ай болдық. Алты айлық кезінде қызымызға «церебралды сал ауруы (ДЦП), бұлшық ет спастика-гиперкинетикасының ауыр түрі» деген диагноз қойды, - дейді Шахназдың анасы Анар Сариева.

Диагнозы анықталғаннан кейін Шахназды емдетуге әке-шешесі ақша іздеген. Науқас баланы Қазақстанның талай клиникасына апарып емдегенімен, нәтиже болмаған.

Анасының айтуынша, Ресейдегі «Самара» оңалту орталығында үш айлық емдік курсынан өтіп келгеннен кейін ғана Шахназ денесін тіктеп ұстайтын, тамақ шайнай алатын және стаканнан сусын ішетін халге жеткен. Қазір үйге келетін педагог Шахназды үйретіп жүр, әке-шешесі оның сөйлей бастағанына қуанады.

Кейін Шахназды үш айға Қытайға апарып, емдеу курсынан тағы өткізген. Бұл курстың ақшасын Алматыда тұратын азаматтық белсенді және тележүргізуші Аружан Саин басқаратын «Мейірім» қоры төлеген. Бірақ Шахназдың анасы «мұқтаж балалар өте көп болғандықтан, бұл қайырымдылық қоры науқас балаға бір-ақ рет көмектесе алады» дейді.

- Қытайда емделіп келген соң Шахназ өздігінен отыра алатын халге жетті, қазір бұлшық еттерінің спастикасы («шашыраңқы» склероз синдромы) азайып, демесең төрт тағандап тұра алады (еңбектейді). Қытай дәрігерлерінің айтуынша, қызымыздың ақыл-есі дұрыс, аяғын басып кету мүмкіндігі бар. Тек уақытында емдеу керек. Бірақ мұндай үш айлық оңалту курсынан өту үшін 13 мың 200 доллар қажет, - дейді Анар Сариева.

Шахназдың әке-шешесінің шамасы мұнша соманы жинауға келмейді. 17 жыл мектепте істеген Анар Сариева науқас баласына күтім жасау үшін жұмыстан шығып кеткен. Шахназдың әкесі Қазыбек Қайырғалиевтің мамандығы - газбен дәнекерлеуші. Бірақ былтыр дәрігерлер С гепатиті мен асқазан жарасы диагнозын қойғаннан бері жұмыс істемейді. Қазір емделіп жүр, ал бұрынғы жұмысында істеуге денсаулығы жарамайды.

Отбасында төрт жасар Шахназдан бөлек екі жасар Бекарыс есімді ұл өсіп келеді. Бүкіл отбасы Шахназдың 44 мың теңге әлеуметтік жәрдемақысына күнелтеді. Ал емдеуге төлейтін қосымша ақша алатын жер жоқ.

Шахназ Сансызбай.

Шахназ Сансызбай.

​- Реабилитацияның екінші курсынан 2014 жылдың сәуір-мамыр айларында өтуге тиіспіз. Сондықтан қызым Шахназ Сансызбайды емдету үшін жұрттан көмек сұраймын. Құжаттарының бәрі дайын. Емдеуге қажет соманың тым болмаса жартысын жинауға көмектессеңіздер екен, - дейді Анар Сариева.

Аяқ бұлшық еттерінің спастикасын азайту үшін ресейлік дәрігерлер наурыздың 13-і күні Ақтөбе қаласында төрт жасар Шахназға Ульзибат әдісімен операция жасаған.

Ал отбасының операцияға төлеген 1 мың 400 долларды жинауына науқас балаларды емдету үшін қайырымдылық акцияларын өткізетін Chocolife.me компаниясы көмектескен. Бұл ұйым Шахназға MacLaren фирмасы шығаратын ыңғайлы, қымбат арбаны да сыйлаған.

Анар Сариеваның айтуынша, науқас баланы емдеуге осы уақытқа дейін қайырымды жандар мен азаматтық белсенділер көмектескен. Оның сөзінше, үкімет тегін емделу квотасын жылына бір рет қана бөледі. Бірақ сауығып кету үшін бұл квота аздық етеді. Азаматтық белсенділер «жұрт қолдау танытып, ақша жинауға көмектессе, Шахназ сауығып кетер еді» деп үміттенеді.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG