Accessibility links

Белсенділердің ынтасы неліктен кемігені айтылды


Полиция теңгенің девальвацияға ұшырауына наразылық білдірген белсенділерді ұстап әкетіп барады. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Полиция теңгенің девальвацияға ұшырауына наразылық білдірген белсенділерді ұстап әкетіп барады. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаматтық белсенді қысым күшейіп бара жатқанына наразы. Елдегі белсенділердің қауіпсіздігі мәселесін шолған мамандар олардың қоғамдық жұмыстарға ынтасы төмендегенін айтады.

Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағынан ресейлік зымырандар ұшыруға қарсы шаралар өткізіп жүрген «Антигептил» ұйымының белсендісі Ұлан Шамшет ұйым мүшелеріне қысым күшейіп келе жатқанын мәлімдеді.

Оның сөзінше, ұйымның бірнеше мүшесі азаматтық белсенділігі үшін жұмыстарынан қуылған, кейбірін әлдекімдер қорқытпақ не арандатпақ болған.

– Бірақ біз әрекеттерімізді тоқтатпаймыз. Жазаға тартыламыз деп тартынсақ, онда ешқандай қозғалыс, қимыл болмайды ғой, – дейді Ұлан Шамшет.

«ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР БАСҚА САЛАЛАРҒА КЕТІП ЖАТЫР»

Ұлан Шамшет сияқты азаматтық белсенділердің және құқық қорғаушылар қауіпсіздігі «Қадір-қасиет» қоғамдық ұйымы қарашаның 13-і күні жариялаған мониторингте сөз болған. Елдегі қазан айындағы ахуалды бақылаған ұйымның есебіне журналистер, адвокаттар мен саясаткерлер жайлы мәліметтер де енген.

Заңгер Евгений Танков сотта тұр. Қарағанды, 23 шілде 2014 жыл.

Заңгер Евгений Танков сотта тұр. Қарағанды, 23 шілде 2014 жыл.

Мониторинг елдегі интернет-ресурстар мен әлеуметтік желідегі хабарламалар негізінде түзілген. Есепте «сотты сыйламады» деген айыппен түрмеде отырған заңгер Евгений Танковтың ісі, видеоға түсіргені үшін әкімшілік сотқа тартылған белсенді Андрей Цукановтың жағдайы, пастор Қашқымбаевтың адвокаты Нұрлан Бейсекеевке «қысым жасау» оқиғасы, Жезқазған мыс қорыту зауытының жұмысшысы әрі кәсіподақ белсендісі Мақсат Есенбаевты «арандату» әрекеті, «Қазақмыстың» белсенді жұмысшысы Ерлан Табыновтың жұмыстан қуылуы сияқты оқиғалар тіркелген.

«Қадір-қасиет» ұйымының бақылаушысы Махамбет Әбжан белсенділерге қарсы жасалған осындай әрекеттер олардың қоғамдық шараларға ынтасын кеміткенін айтады.

– Қоғамдық және саяси белсенділер белсенділіктерін төмендеткеннен кейін оларға қысым жасау да азайды. Анда-санда қандай да бір әрекет жасай қалса, қысым да байқала қалады, – дейді Махамбет Әбжан.

Ал құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев әріптестерінің өзге салаларға жиі кетіп жатқанын айтады. Оның сөзінше, бұл құбылыстың бірнеше себебі бар.

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев. Алматы, 27 тамыз 2014 жыл.

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев. Алматы, 27 тамыз 2014 жыл.

– Біріншісі – қудалау көруі, екіншісі – қаражат мәселесі. Гранттар азайып, ақша бөлінбегендіктен құқық қорғаушылар бизнеске кетіп, заңдық және адвокаттық қызметпен айналысып жатыр. Егер құқық қорғаушылар азайса, елдегі адам құқықтары мәселесінде жағдай күрделене бастайды, – дейді Амангелді Шорманбаев.

Қазақстандық белсенділердің қудалау көретініне, «сөздерінің тыңдалатынына және үнемі бақыланатынына сенімді» екені Вашингтон университетінің (АҚШ) биыл жазда олардың арасында жүргізген зерттеу қорытындысында да айтылған еді. Зерттеу қорытындысына сәйкес, сұралған белсенділердің шамамен 83 пайызы бақылауды Қазақстанның арнайы қызмет өкілдері жүргізеді деп санаса, 9 пайызға жуығы шетелден тыңдалады деп есептейді. 6 пайызға жуық сұралғандар бизнес құрылымның қауіпсіздік қызметі құпия түрде бақылайды деп санаса, 6 пайызы интернет провайдерлерден күдіктенеді.

Қазақстан билігі халықаралық ұйымдардың тарабынан онлайн цензура мен белсенділерді қудалауға қатысты тұрақты түрде сын-ескертпе естіп келеді. «Шекарасыз тілшілер» ұйымы соңғы есебінде Қазақстанның әлі де «интернет жаулары» тізімінде тұрғанын мәлімдеген.

Ал БҰҰ-ның Женевадағы адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүше елдер қазанның 30-ы күні адам құқықтары жөнінде есеп берген Қазақстанды белсенділер құқығын шектеген шараларын – БАҚ туралы және бейбіт жиын өткізуге қатысты заңнамаларын қайта қарауға шақырған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG