Accessibility links

ADAM журналына «моральдық өтем» төлету үкімі шықты


Аян Шәріпбаев ADAM журналының алғашқы нөмірін ұстап тұр. Алматы, 13 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Аян Шәріпбаев ADAM журналының алғашқы нөмірін ұстап тұр. Алматы, 13 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

ADAM журналы бас редакторының айтуынша, «сот 50 миллион теңге моральдық шығын төлету және меншік иесі мүлкін тұтқындау туралы шешім шығарған». Редактор апелляциялық шағым түсірмек.

ADAM журналының үстінен Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) төраға орынбасары генерал-майор Қабдылкәрім Әбдіқазымов Алматының Бостандық ауданы сотына арыз түсірген. ADAM журналы өкілдерінің хабарлауынша, «Генерал-майор журналда шыққан мақаланың «абыройы мен ар намысына нұқсан келтіретініне» арызданып, басылым мүлкін тұтқынға алуды және моральдық өтемақы ретінде 50 миллион теңге талап еткен».

ADAM журналы бас редакторы Аян Шәріпбаевтың хабарлауынша, арыз сотқа тамыз айының 27-сі күні түскен, ал қыркүйектің 8-і күні Бостандық аудандық соты шағымды толығымен қанағаттандыру туралы шешім шығарған.

- Тамыз айында журналымызға фабула жанрындағы шағын мақала шықты. Онда «ҰҚК төрағасы орынбасары Қ. Әбдіқазымовтың мемлекеттік құпияларды сатуға қатысы болуы мүмкін» деген болжам айтылған. Бір аптадан соң ҰҚК баспасөз қызметі ақпаратына сүйеніп, «Әбдіқазымовтың бұл іске еш қатысы жоқ» екенін атап, мақала бердік. Соған қарамастан, тамыздың 27-сі күні Бостандық ауданы сотынан Әбдіқазымовтың шағымы туралы қағаз алдық. Онда шағымданушының «ADAM журналы тіркелген ЖШС пен журналдың меншік иесі – менің барлық жылжымалы және жылжымайтын мүліктерімді арестке алуды, моральдық өтемақы ретінде 50 миллион теңге талап еткені» көрсетілген, - деді Аян Шәріпбаев.

Оның сөзінше, кешегі сотта шағым беруші жақпен ортақ мәмілеге келеміз бе деп үміттенгендіктен, бұл іске қатысты ақпаратты журнал осы күнге дейін жария етпей келген.

Біріншіден, баспасөз мәжілісін өткізіп, көпшілік алдында кешірім сұрауға дайын екенімді айттым... Екіншісі, шағым берушімен бірге отырып, ортақ мақала жазып, жариялайық деген ұсыныс айттым. Үшіншісі, менің атымда менің автокөлігімнен өзге ешнәрсе болмағандықтан, соны берейін дедім, бұл ұсыныстарымның бірде-бірін сот қарауға келіспеді.

- Қыркүйектің 8-і күні Бостандық аудандық сотында шағым берушінің өкіліне бірнеше ұсынысымды айттым. Біріншіден, баспасөз мәжілісін өткізіп, көпшілік алдында кешірім сұрауға дайын екенімді айттым. Себебі редакцияны сақтап қалу маңызды. Одан бөлек, 50 миллион теңге мені ұзақ жылдарға қарызға батыратыны сөзсіз. Екіншісі, шағым берушімен бірге отырып, ортақ мақала жазып, журналға басып шығарайық деген ұсыныс айттым. Үшіншісі, менің атымда менің автокөлігімнен өзге ешнәрсе болмағандықтан, соны берейін деп едім, бұл ұсыныстарымның бірде-бірін сот қарауға келіспеді, - дейді бас редактор.

Аян Шәріпбаев Алматы қаласының Бостандық ауданы сотының шешімін қолға алған соң, 15 күннің ішінде Алматы қалалық сотына апелляциялық шағым түсіретінін айтады.

Іске қатысты шағымберуші Қабдылкәрім Әбдіқазымовтың өзімен хабарласу мүмкін болмады. Оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов Азаттық тілшісіне «өз клиентінің рұқсатынсыз ешқандай комментарий бермейтінін» жеткізді.

Алматы қаласы Бостандық ауданы сотының баспасөз хатшысы Жәнібек Серікбаев та телефон арқылы қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.

Сот шешімімен жабылып қалған ADAM bol журналының бас редакторы болған Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 26 ақпан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Сот шешімімен жабылып қалған ADAM bol журналының бас редакторы болған Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 26 ақпан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Бұл ADAM журналы үстінен шығарылған жалғыз сот үкімі емес. Тамыз айының 27-сі күні Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты «БАҚ туралы» заңды бұзды» деген негізбен ADAM журналының шығуын үш айға тоқтату және журналға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу туралы шешім шығарған.

ADAM журналы сот шешімімен жабылған ADAM bol журналының жалғасы ретінде шыққан. ADAM bol журналының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева 2015 жылы ақпанның 26-сы күні Алматы қалалық соты басылымды жабу туралы аудандық сот шешімін күшінде қалдырған соң, жаңадан ADAM журналы шығатыны туралы мәлімдеген. Ерғалиева жаңа журнал бұған дейін қызметі тоқтатылған ADAM rider's және ADAM bol журналдарының «саясатын ұстанатынын» айтқан.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG