Accessibility links

Журнал редакциясы айыппұл салған үкімге шағымданбақ


Атыраудағы «Иманғали» мешіті.

Атыраудағы «Иманғали» мешіті.

Adam bol журналының редакциясы Атырау қаласындағы «Иманғали» мешіті имамы орынбасарының пайдасына 2 миллион 500 мың теңге өндіру туралы сот шешіміне қатысты шағым бермекші.

ТАЛАП-АРЫЗ

Атырау қаласындағы «Иманғали» мешіті имамының орынбасары Әміре Ерсін Алматы қаласы Медеу аудандық сотына Adam bol журналының қожайыны ADAMDAR компаниясының үстінен талап-арыз берген. Ол редакцияны журналдың биылғы 21 ақпанда шыққан 21-санындағы «Сирия соғысындағы қазақстандық майдан» («Казахстанский фронт сирийской войны») атты мақаласында «жалған мәліметтер жариялады» деп айыптайды.

Әміре Ерсін арызында «мақалада мені Қазақстандағы хабашиттер қолшоқпарларының бірі деп атаған әрі шетелден құнды нұсқаулар алып тұрады деп көрсеткен» деп жазған.

Талапкер «іскерлік беделіме нұқсан келді, ар-намысым қорланды» деп есептейді. Наиб-имамның жазуынша, ол деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге қолдау көрсететін «Шапағат» орталығын да басқарады.

Әміре Ерсін «менің рұқсатымсыз мақалада пайдаланылған әр фотосуреттің астындағы сөздер де ар-намысымды қорлап, беделімді түсірді» деп мәлімдейді.

«Иманғали» мешіті имамының орынбасары мақаладан келген моральдық шығынды бес миллион теңгеге (27 мың 500 долларға жуық) бағалаған. Бірақ қыркүйектің 5-і күні оның пайдасына жауапкерден 2 миллион 500 мың теңге (13 мың 700 долларға жуық) өндіру туралы қаулы шығарған сот шешіміне ризашылығын білдірді.

СОТТАН КЕЙІН

Adam bol журналы бас редакторы Гүлжан Ерғалиева Алматы қаласы Медеу аудандық сотының шешіміне қатысты шағымданбақшы.

Ол талапкермен бейбіт келісімге келуге тырысқан. Әміре Ерсін адвокаты арқылы «журнал мен туралы ақпарат берген адамды көрсетсін» деген шарт қойған. Ал редактор Гүлжан Ерғалиева «бұл талап-арыздың артында кім тұрғанын» атауды талап етіп, оған қарсы шарт қойған. Бір-бірінің шартына көнбеген соттасушы тараптар ақыры бейбіт келісімге келе алмаған.

Adam bol журналының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева.

Adam bol журналының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева.

Қыркүйектің 8-і күні Гүлжан Ерғалиева редакциядан үш ноутбуктің ұрланғанын, оның бірі құпия ақпарат сақталатын өзінің жеке ноутбугы екенін мәлімдеді. Adam bol журналының редакторы бұл «Сирия соғысындағы қазақстандық майдан» мақаласының дереккөзін анықтауға тырысқандардың әрекеті деп есептейді. Ол Әміре Ерсін мен оның талап-арызының артында әлдебір күштер бар деген санайды.

Әміре Ерсін Азаттық тілшісіне «редакцияның бұл шарты қисынсыз, менің де, арызымның артында да ешкім жоқ» дейді.

ЖАНЖАЛДЫҢ СЕБЕБІ

«Сирия соғысындағы қазақстандық майдан» – исламның негізгі екі ағымы – сүнниттер мен шииттердің қақтығысы туралы мақала. Наиб-имамның сотқа жүгінуіне мақала авторының Атырау облысындағы «Иманғали» мешіті имамының орынбасары Әміре Ерсін «хабашит қолшоқпарларының бірі әрі шетелден құнды нұсқаулар алып тұрады» деген сөздері себеп болған. Автор ешкімге сілтеме жасамай «Қазақстанда күш ала бастаған хабашиттер жобасының негізгі мақсаты – салафиттермен күресу» деп жазған.

«Әділ сөз» қорының басшысы Тамара Калеева.

«Әділ сөз» қорының басшысы Тамара Калеева.

Баспасөз еркіндігін қорғаушы «Әділ сөз» қоғамдық қорының жетекшісі Тамара Калееваның айтуынша, ақпарат құралдары әлдебір тұжырымды, әсіресе нақты тұлғаға қатысты тұжырымды дәлелдер келтіріп жариялауы тиіс.

Саясаттанушы Расул Жұмалы Adam bol журналын «оқырмандарына ешқашан тексерілмеген ақпаратты ұсынбайтын беделді басылым» дейді. Оның айтуынша, кейде журнал ақпарат көзінің қауіпсіздігін ойлап, оны атамауы мүмкін.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG