Accessibility links

Жала жабу туралы бапты «ізгілендіргенмен», қауіп бұлты сейілген жоқ


«Әділ сөз» ұйымының президенті Тамара Калеева демократиялық күштер форумында сөйлеп тұр. Алматы, 29 қаңтар 2011 жыл.

«Әділ сөз» ұйымының президенті Тамара Калеева демократиялық күштер форумында сөйлеп тұр. Алматы, 29 қаңтар 2011 жыл.

Баспасөз құқын қорғаушы Тамара Калеева «қылмыстық заңнаманы ізгілендіру мәселелері жөніндегі жаңа заң журналистерге жасалар қысымды күшейтеді» дейді. Оның айтуынша, қабылданған түзетулер осыған заңдық негіз жасап бермек.


Ақпанның 4-інен бастап «Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнаманы одан ары ізгілендіру мен қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілдігін күшейту мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне түзетулер мен қосымшалар енгізу туралы» заңы күшіне енеді. Осы заң бойынша Қазақстанда әкімшілік преюдиция институтын енгізілмек.

Баспасөзді қорғау жөніндегі «Әділ сөз» ұйымының президенті Тамара Калеева Азаттық радиосына берген сұқбатында енгізіліп отырған түзетулердің мағынасы мен олардың жекелеген ережелерін түсіндіріп берді.

«ЖУРНАЛИСТІҢ АУЗЫНА БІР ЖЫЛҒА ҚАҚПАҚ ҚОЮ»

Тамара ханым, алдымен мынаны түсіндіріңізші, неге бұл заң дәл сол 4 ақпан күні күшіне енуі керек?

– Бұл заңның баспасөзде ресми түрде жарияланғаннан кейін он күннен соң күшіне енетіндігі анық жазылған. Заң «Казахстанская правда» газетінде 25 қаңтарда жарияланды, біз осыдан былайғы он күнді есептедік.

Ал енді әкімшілік преюдиция институты дегеніміздің өзі не?

– Бұл – қылмыстық кодекстегі жаңа бап. Ол «әкімшілік преюдиция» деп аталады. Онда: «Осы кодекстің Ерекше бөлімінде қарастырылған жағдайларда, қоғамға үлкен қауіп тудырмайтын қылмыстар үшін, егер бұл іс-әрекет дәл осындай әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жаза тағайындалған соң бір жылдың бедерінде жасалған жағдайда ғана қылмыстық жауапкершілік басталады», – деп айтылған.
«Полицияға бағынбады және сотты құрметтемеді» деген айыппен 4 жылға сотталған Ермек Нарымбаев («Арман» қозғалысының жетекшісі). Алматы, 14 мамыр 2010 жыл.

Бұл нені білдіреді? Егер сіз бірінші жолы біреуге жала жапсаңыз, онда сізге әкімшілік жаза қолданылады. Ал егер сіз бұл әрекетті бір жылдың ішінде тағы да қайталасаңыз, онда қылмыстық жауапкершілікке тартыласыз.

Бұл ізгілендіру қылмыстық қана емес, сонымен бірге әкімшілік заңнамаға да қатысты болып тұрғаны ғой?

– Міне, дәл айтасыз. Алайда әкімшілік заңнамада мұндай түзетулер жасалған жоқ...

Сонда қылмыстық кодекске мұндай түзетулер енгізіліп, ал әкімшілік кодекске әлі енгізілмегендіктен, бұл «жеңілдеу қылмыс жасаған адам қылмыстық та, әкімшілік те заңнамалар бойынша жауапқа тартылмайды» деген сөз емес пе?

– Егер сізге қатысты мұндай іс қозғалса, онда судья бірінші жолы бұл үшін әлдебір әкімшілік бапты табады. Оның үстіне, мұндай жағдайда, керісінше, судья үшін әкімшілік кодекстің қандай бабын қолданамын десе де кеңірек мүмкіндік пайда болады. Әкімшілік кодексте журналистер мен БАҚ редакцияларын жазалауға мүмкіндік беретін толып жатқан баптар бар.

Егер мұндай құқық бұзу бір жылдың ішінде екінші рет жасалса, онда судья үшін тиісті қылмыстық бапты табудың ешқандай қиындығы болмайды.

Қылмыстық кодексте «аса ауыр емес қылмыс» деген түсінік бар. 4 ақпаннан бастап күшіне енетін түзетулерде «аса үлкен қоғамдық қауіп тудырмайтын» қылмыстар жайында айтылады. Бұл түсініктерді логикалық және заңдық тұрғыда тепе-тең деп есептеуге бола ма?

– Логикалық көзқарас тұрғысынан қарағанда бұл екі түсініктің тепе-теңдігі анық көрініп тұрған жоқ. Ал заңдық көзқарас тұрғысынан келгенде заң шығарушылар оларды тепе-тең деп есептесе керек. Қалай болғанда да қылмыстық кодексте тек «аса ауыр емес қылмыс» деген түсінік келтіріледі. Қылмыстық кодекстің 10-бабына сәйкес, «аса ауыр емес қылмыстар деп жаза мерзімі екі жыл бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекеттер танылады».

Егер «аса ауыр емес қылмыс» бір жылдың бедерінде емес, одан кейін қайталанса, онда қабылданған жаңа түзетулер бойынша айыпталушы қандай жауапкершілікке тартылады?

– Дәл сондай әкімшілік жазаға тартылады. Дәл осы сияқты журналист те бір жылдың бедерінде әрі-сәрі күйде жүреді. Қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қауіптенген ол «әлдебір артық немесе батыл сөз айтып қоймайын» деп қорқумен болады. Яғни бұл журнналистің аузына қақпақ қоюмен тең. Оның үстіне мұндай сот шешімдерінің негізсіз шығарылатын кезі де аз емес.


«КУРАМШИН БЕКЕРГЕ СОТТАЛЫП КЕЛДІ...»

Жаңадан әкімшілік преюдицияға түсетін «Жала жабу» бабы бойынша бұрын сотталған журналистер бар ма?

– Осыдан төрт жыл бұрын «Эпоха» газетінің қызметкері Вадим Курамшин осындай қылмыстық бап бойынша сотталды. Қазір ол бостандықта, құқық қорғау жұмысымен айналысады. Егер әкімшілік преюдиция институты сол кезде күшінде болса, онда ол өзінің мақаласы үшін әкімшілік жаза ғана алар еді.
Құқыққорғаушы Вадим Курамшин баспасөз-мәслихатында. Астана, 24 қыркүйек 2010 жыл.


Сіздің ұйымның сайтында бір жағдайларда әкімшілік преюдицияға жататын қылмыстық кодекстің нақты тармақтары келтіріледі, екінші бір жағдайларда бап түгелімен әкімшілік преюдицияға тиісті болады. Бұл нені білдіреді?

– Бұның мәні былай. Дәл сол «Жала жабу» бабының алғашқы екі тармағы ғана әкімшілік преюдицияға жатады. Өйткені, ол тармақтарда қарастырылған жаза мерзімі екі жылдан аспайды. Ал осы баптың үшінші тармағында үш жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Егер «Жала жабу» бабының үшінші тармағына сәйкес келіп қалсаңыз, онда сізге ешқандай да әкімшілік преюдиция көмектесе алмайды. Сізді қылмыстық баппен соттайды.

Ал енді «Жәбірлеу», «Билік өкіліне тіл тигізу», «Жиылыстарды, митингілерді, ереуілдерді, наразылық шерулерін ұйымдастыру мен өткізу тәртіптерін бұзу» және «Сотты сыйламау» баптарының барлық тармақтары әкімшілік преюдицияға жатады. Өйткені, бұл баптар бойынша тек екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Егер сол кезде әкімшілік преюдиция институты жұмыс істеген болса, «Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов әкімшілік преюдицияға ілігуі мүмкін бе еді?

– «Иә» деп айтқым келсе де, «жоқ» деп жауап беремін. Оны үш жылға абақтыға кесті. Осыған байланысты оған қолданған қылмыстық кодекс бабын іздеп жатудың да қажеті жоқ. Өйткені үш жыл дегенің – үш жыл, екі жыл емес. Тиісінше, оған «аса ауыр емес» деген түсінікке жатпайтын бапты қолданған.

«Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов өзіне шыққан үкімді естуге бара жатыр. Тараз, 8 тамыз 2009 жыл.
Ал енді біз, құқық қорғаушылар «Рамазан Есіргепов бекерден-бекер, нақтылай айтсақ, өзінің кәсіби міндетін, журналистік міндетін атқарғаны үшін сотталды» десек, ол - екінші әңгіме.

Оның бұнысы қылмыстық әрекет емес. Керісінше, журналистің кәсіби қызметіне кедергі жасау - қылмыс болып табылады.


ТӨБЕДЕН ТӨНГЕН ҚАУІП БҰЛТЫ

Қылмыстық кодекстің «әкімшілік преюдиция» деп есептелетін қандай баптары көбіне-көп журналистер мен БАҚ-тарға қатысты?

– Журналистерді көбінесе жала жапқаны және жәбірлегені үшін айыптайды. Қабылданған заң бұл проблеманы шешкен жоқ деп есептейміз. Ол тек журналистерге жасалатын қысымды қиындатып жіберді. Өйткені, бірінші әкімшілік шешімнен соң журналист өзінің кәсіби жұмысын атқаруға қабілетсіз болып қалады. Біз мәселені принципті, адал түрде шешіп, қылмыстық кодекстен бұл баптарды мүлдем алып тастау керек деп есептейміз.

Лауазымды адамдарды барынша қорғауды қарастыратын баптардың барлығын жиып, жалғыз-ақ бап жасаса – жеткілікті. Яғни, бұл жерде субьективизмге әу бастан-ақ жол берілген: егер белгілі бір адам қаласа – азаматтық шағым береді, басқаша қаласа – қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шағым береді.

Міне, осы субьективизмдердің барлығын жойып, бұның бәрін азаматтық таластар қатарына жатқызу керек. Абыройы мен қадір-қасиетін төмендету жағдайы болды ма, жоқ па – адамдар тең дәрежеде шешулері қажет. Егер бола қалса, «қасақана ма, әлде байқамай болды ма?» дегенді анықтап, осыған байланысты бас бостандығынан айырмайтын шешім шығарылуы керек.

Жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту дегеніміз – сөз бостандығының конституциялық принципін әлсірететін, бүкіл журналистердің төбесінен төнген қауіп бұлты. Осының барлығын алып тастау керек.

Біз өткен жылы өзіміздің заңнамалық ұсыныстарымызды парламентке жіберіп, БАҚ-тарда, конференцияларда сөйледік. Бірақ, өкінішке қарай, заңнаманы реформалауда принципті мәселелерді шешетін адамдар (мен бұлардың тек депутаттар ғана екендігіне сенімді емеспін) журналистерге шығармашылық еркіндік бергісі келмейді. Олар кез-келген журналисті түрмеге жауып қою мүмкіндігімен қорқытқысы келеді. Әрине, бұл біздің қоғамның мүддесіне, Қазақстанның халықаралық аренада алған жағдайларына қайшы келеді.


ҚЫЛМЫСТЫҚ КОДЕКСТІҢ АРТЫҚ БАБЫ БАР МА?

Сіз қалай ойлайсыз, қылмыстық кодекстегі президенттің абыройы мен қадір-қасиеті туралы бап артық емес пе?

– Біз бүгінгі қалыптасқан жағдайды жақсы түсінеміз. Бүгінгі жағдайда халықаралық қадірлі ұйымдардан соң іле-шала қылмыстық кодекстен президенттің абыройы мен қадір-қасиетін түсіргені үшін душар болатын қылмыстық жауапкершілікті алып тастау туралы мәселе қою – ағысқа қарсы жүзгенмен тең. Бұдан «наразылық» толқыны мен айыптаулардан өзге ешнәрсе ұтпаймыз. Ендеше бізге бұл мәселені қозғаудың қажеті не?

Бұл мәселе бойынша халықаралық ұйымдар не дейді?

– Бізде халықаралық стандарттар, оның ішінде Қазақстанның заңнамаларының талдамалары өте көп, сонымен бірге ЕҚЫҰ сарапшылары жасаған талдамалар да бар. Оларға қатысты ЕҚЫҰ, БҰҰ және өзге де халықаралық ұйымдардың ұсыныстары бар. Олардың барлығында «елдің жоғары лауазымды тұлғаларын қорғау жөніндегі айырықша шаралар барлық адамдардың заң алдындағы теңдігі туралы принциптерге қайшы келеді, елдегі сөз бостандығының дамуына негізсіз шектеу қояды және демократиялық зайырлы мемлекеттерде мүлдем болмауы керек» деп анық айтылған.

Сіз пессимист болып қаламын деп қорықпайсыз ба?

– Жоқ, қорықпаймын. Оның үстіне мен пессимист емеспін. Алайда дәл қазір оптимизмге де аса көп негіз көрініп тұрған жоқ. Ал енді өмірге шынайы көзқараспен қарап, өзімнің пікірімді білдіруім – екінші мәселе. Бұның барлығын қысқаша айтқанда – сөз бостандығының қиындайтынын жоққа шығармаймын, бірақ жақсарар деп үміттенемін.

Сұқбатыңызға рақмет.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG