Accessibility links

Мүгедек «ауған» ардагерінің зейнетақысы - 160 доллар


Совет-ауған соғысынның ардагері Бауыржан Жасымбеков. Алматы, 18 ақпан 2014 жыл.

Совет-ауған соғысынның ардагері Бауыржан Жасымбеков. Алматы, 18 ақпан 2014 жыл.

Ауған соғысында екі аяғынан, кейін отбасы мен пәтерінен айырылған Бауыржан Жасымбеков ардагерлер үйінде тұрады. Девальвациядан кейін зейнетақысы теңгеге шаққанда 40 долларға азайған.

Совет-ауған соғысының 50 жастағы мүгедек-ардагері Бауыржан Жасымбеков 30 мың теңге зейнетақы алады. Теңге девальвациясына дейін 200 доллардай болған оның зейнетақысы қазір 160 доллар болып қалды. Ауған соғысының ардагері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев уәдесін орындап, сәуірдің 1-інен бастап зейнетақы мен жалақыны 14 пайызға өсіреді деп үміттенеді.

Мүгедектігі үшін жәрдемақы алмайтын Бауыржан Жасымбеков Алматының батыс жағындағы Мамыр ықшам ауданындағы ардагерлер үйінің бір кісілік бөлмесінде тегін тұрады. 350 кісілік ардагерлер үйі мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады.

№8 БӨЛМЕ

Ардагерлер үйінің екінші блогындағы №8 бөлменің көлемі - 9 шаршы метрге жуық. Бөлмеге шағын дәліз арқылы кіресің. Дәліздің сол жағындағы қабырғаға шкаф орнатылған, оң жағында ішінде унитазы, қол жуғышы және су құйынатын орны бар әжетхана тұр.

Бауыржан Жасымбеков тесігі бар креслоны көрсетіп жатыр.

Бауыржан Жасымбеков тесігі бар креслоны көрсетіп жатыр.

Бауыржан Жасымбеков соғыста екі аяғынан бірдей айырылған. 1999 жылы инсульт алғаннан кейін тілі күрмеліп, анық сөйлей алмайды, ал денесінің сол жағы қолымен бірге жансызданып, сал болып қалған. Бауыржанға денсаулығына байлынсты әжетханаға бару да оңай емес.

Ол әуелі денесін тіктеп, төсекке отыруы тиіс. Бұл үшін Бауыржан бір ұшы кереуеттің арқалығына байланған ұзын белдіктің екінші ұшындағы тұтқаға жармасады. Белдікті бар күшімен серпе тартып, кереуетіне отырады. Сосын кішкентай мотор орнатылған арбаға сүйретіліп түседі. Арбасына отырып алған соң ардагерлер үйі мен ауласын еркін аралап жүруіне болады. Ол осындай амалмен әжетханаға барып келді.

Бауыржан Жасымбековтің ардагерлер үйіндегі бөлмесі:


Әжетханадағы үлкен айнаға Азаттық тілшісінің назары ауғанын байқаған ауған соғысы ардагері мақтанышпен «айнаны өзім сатып алдым» деді.

Ол әжетханада беті-қолын жуып, қырынуға ғана шамасы келеді. Унитазға отыра алмайды, өздігінен душқа да түсе алмайды.

- Кіші дәретке «уткаға» отырамын, ал үлкен дәретке отыру үшін сіз отырған креслоны пайдаланамын. Сіз тұрыңыз, мен оның қалай жасалғанын көрсетейін, - дейді «ауғандық» ардагер.

Бұдан кейін ол креслоның ортасындағы Азаттық тілшісі байқамаған дөңгелек ойықты көрсетті. Ойықты матамен тысталған қамыс тақтаймен жауып қойған екен.

Бөлмеде пультпен басқарылатын теледидар тұр, бірақ қарапайым телефон жоқ. «Ауған» ардагері шұғыл бірдеңе қажет болса, ұялы телефонға жүгінеді, кейде сырттағыларды айғайлап шақырады. Ол «дауысымды айқара ашық есіктен еститін шығар» деп үміттенеді. Есікті жапса, бөлме іші қапырық болып кетеді. Сондықтан терезе форточкасын да жартылай ашып қояды.

«МЕРСЕДЕС» БЕЛГІСІ БАР АРБА

Бауыржан Жасымбековтың мүгедектерге арналған екі арбасы бар. Моторы жоқ арбамен оны әдетте қалаға шығарады. Ол бөлменің балконында тұрады. Екіншісінің кішкентай моторы бар. Есігі тар балконға онымен шыға алмайды. Моторы бар арбаны екі мың долларға, ал моторсыз арбасын 50 мың теңгеге (девальвацияға дейінгі курспен 330 долларға жуық) сатып алыпты.

Бауыржан Жасымбеков моторлы арбасын мақтан тұтады. Арбаның төменгі жағына «Мерседес» белгісі орнатылған.

- Қалғандары сияқты бұл да - «Made in China». Ал «Мерседес» белгісін скотчпен өзім тақтым. Енді автомобильдікі сияқты нөмірін жазып қоямын, - дейді ол күлімсіреп.

Ардагерлер үйінің қызметкері Бауыржан Жасымбековтің бөлмесінде шай құйып жатыр. Алматы, 18 ақпан 2014 жыл.

Ардагерлер үйінің қызметкері Бауыржан Жасымбековтің бөлмесінде шай құйып жатыр. Алматы, 18 ақпан 2014 жыл.

Бұл арбамен ол ардагерлер үйінен алысқа ұзай алмайды. Қан қысымын түсіретін дәрі алу үшін жақын маңдағы дәріханаға жетсе де, ішке кіре алмайды. Қала іші арбалы мүгедектердің жүріп-тұруына бейімделмегендіктен, ол өздігінен «Мерседес» белгісі бар арбасымен де жүре алмайды.

Жасы небәрі 50-де болса да аузында тіс қалмаған Бауыржан Жасымбеков алмалы-салмалы протез жасатсам деп армандайды. Бірақ оны қорғаныс министрлігіне қарасты стоматологиялық емханада тегін емдемейді.

«Жауынгерлік бауырластық» ардагерлер одағының жетекшісі, запастағы полковник Сергей Пашевичтің Азаттық тілшісіне айтуынша, қорғаныс министрлігі егер ауған ардагері офицер болмаса және 20 жыл «стажы» болмаса стоматологиялық емханада тегін емделе алмайды деген ішкі ереже шығарып қойған.

"Ақылы емханаға барып қана тіс салдыра алады. Оған ақшасы жоқ болса, осылай тіссіз жүреді" дейді Сергей Пашевич.

1999 жылы инсульттан кейін Бауыржан Жасымбековтің басы жиі ауырады. Қан қысымы көтерілмес үшін оны түсіретін, қан сұйылтатын дәрі ішеді.

АУҒАН КҮНТІЗБЕСІ

Бауыржан Жасымбеков «әскерден келгенше күтемін» деп қалған алғашқы махаббаты жайлы да әңгімелеп берді. Қыздың шешесі Ауғанстанда екі аяғын бірдей мина жұлып кетіп оралған жігітке «тіпті көз салушы болма» деп қызына тыйым салған.

«Белое платье — будь оно проклято» деген ән тура мен туралы жазылған сияқты. Осы әнді әрі жақсы, әрі жек көремін" дейді Бауыржан Жасымбеков.

Ауған соғысына арналған күнтізбенің Бауыржан Жасымбековтің суреті басылған беті. Алматы, 18 ақпан 2014 жыл.

Ауған соғысына арналған күнтізбенің Бауыржан Жасымбековтің суреті басылған беті. Алматы, 18 ақпан 2014 жыл.

Ол кейін басқа қызға үйленіп, балалы болған. Қазір ұлының жасы 24-ке келді. Совет-ауған соғысы ардагері «инсульт алып, есімді білмей жатқанда әйелім пәтерімді сатып, кетіп қалыпты. Ал балам жасөспірім кезінде жиі келіп тұрушы еді» дейді.

Бауыржанның бөлмесінде совет-ауған соғысына арналған, бірақ 2012 жылы шыққан күнтізбе ілулі тұр. Күнтізбенің бірінші бетіндегі фотосуретте бұрынғы Совет Одағы мен Ауғанстанды бөліп жатқан Әмудария өзені үстіндегі көпірмен өтіп бара жатқан совет техникасының колоннасы бейнеленген.

Күнтізбе беттерінің бірінде арасында Бауыржан Жасымбековтің бір топ «ауған» ардагерлерімен түскен фотосуреті те бар екен. Ол «Биыл совет әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 25 жыл толады. 2014 жылы мұндай күнтізбе шықты ма білмеймін» дейді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG