Accessibility links

Ауғанстаннан бала-шағасымен «қашып шыққан» азамат пана сұрайды


Қазақстанға қашып келгенін айтатын Ауғанстан азаматы Мохаммад Парадистің отбасымен түскен суреті. Шымкент, 11 сәуір 2017 жыл.

Шымкентте тұратын Ауғанстан азаматы Мохаммад Парадис «Талибан» содырлары өлтіреміз деп қорқытқан соң Қазақстанға қашып келгенін» айтады. Ол Азаттыққа босқын мәртебесін ала алмай жүргенін айтып, шағымданды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы көші-қон полициясы оның келу мақсаты «босқын мәртебесіне сай келмейтінін» мәлімдеді.

«ӨЗ ЕЛІМНЕН ҚАШЫП ШЫҒУҒА МӘЖБҮР БОЛДЫМ»

Ауғанстан азаматы, 41 жастағы Мохаммад Парадистің айтуынша, «оның ұлты - тәжік. Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласында туған. Жоғары білімі бар. Мамандығы – еңбек пәнінің мұғалімі. Әйелі Мәриям - 30 жаста. Кәмелет жасқа толмаған үш баласы бар. Үлкені - жетіде, кенже қызы – бесте». Ол 2015 жылы Ауғанстаннан Өзбекстан арқылы Қазақстанға қашып келгенін айтады.

Шымкентте тұрып жатқан Ауғанстан азаматы Мохаммад Парадис. Шымкент, 11 сәуір 2017 жыл.

Шымкентте тұрып жатқан Ауғанстан азаматы Мохаммад Парадис. Шымкент, 11 сәуір 2017 жыл.

- Мектепте сабақ бердім. Бір күні ұялы телефоныма «Талибан» содырларынан «Бізге көмектесіңіз. Біз де, сіз де мұсылманбыз. Сауап болады» деген хат түсті. «Қандай көмек керек?» деп жауап жаздым. «Сізге у береміз. Оқушылар ішетін суға құясыз. Суды ішкен балалар өледі» деді. «Олардың қандай кінәсі бар?» дедім. «Балалардың өлгені жақсы. Өскенде кәпір болады» деген жауап келді. Мұны жергілікті әкімдікке хабарладым. Екі адам ұсталды. Көп уақыт өтпей олар телефоныма хабарласты. «Сен кәпірсің. Бізге көмектеспедің. Үкіметке айттың. Өлтіреміз» деді. Шын қауіп төнгеніне көзім жеткен соң, бала-шағамды туыстарымның үйіне тастап, виза алып, елден қашып шықтым. Өзбекстан арқылы Қазақстанға өттім, - дейді Парадис.

Мохаммад Парадис қазір Шымкент қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдегі бір бөлмелі пәтерді жалға алып тұрады. Оның сөзіне қарағанда, «Артынан келген балаларының екеуін жекеменшік балабақшаға орналастырған. Әйелі кішкентай қызымен үйде отыр. Өзі жиһаз жасайтын цехта жұмыс істейді». Мохаммад Парадис қазақ және орыс тілдерін араластырып, ежіктеп сөйлейді. Отбасында олар тәжік тілінде сөйлеседі.

- 2015 жылы Шымкентке келдім. Үш айдан соң босқын мәртебесін берді. Сегіз ай өткен соң әйелім мен бала-шағамды шақыруға рұқсат берулерін сұрадым. Бірнеше айдан кейін әйелім мен бала-шағамды шақыруға рұқсат қағазын алдым. Бірақ бір жылдан соң босқын мәртебесін қайтадан алып қойды. Енді ешқайсымызға босқын мәртебесін қайта бермей отыр. Неге, не үшін - оны ешкім түсіндірмеді. Шымкенттегі Әл-Фараби ауданы сотына жүгіндім. Олар істі кері қайтарды. Облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірдім. Енді солардың жауабын күтіп отырмын, - дейді Мохаммад Парадис.

Ауғанстан азаматы Мохаммад Парадистің қызы Сано Парадис. Шымкент, 11 сәуір 2017 жыл.

Ауғанстан азаматы Мохаммад Парадистің қызы Сано Парадис. Шымкент, 11 сәуір 2017 жыл.

Мохаммад Парадис Қазақстандағы халықтың Ауғанстаннан келген қазақтармен аралас-құралас өмір сүріп жатқанына ризашылығын айтады.

- Қазақтар - жақсы халық. Мазари Шарифте қазақтар көп. Көршім де қазақ болған. Білетін болғандықтан осында келдім. Мұнда тыныштық. Ауғанстанда күнде қорқыныш. Күндіз де, түнде де. Қашан жарылыс болады, кімді кім өлтіреді, қашан, қайда өлемін - күнде осындай ойлар мазалайды, - дейді Мохаммад Парадис.

КӨШІ-ҚОН ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ ТҮСІНІКТЕМЕСІ

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасы басшысы Нұрдәулет Төлегенұлы Мохаммад Парадиске босқын мәртебесі 2015 жылы шілденің 29-ы күні бір жылға берілгенін растады. Бірақ ол бір жыл мерзімі біткеннен кейін комиссияның екінші отырысында Парадистің «Қазақстанға келудегі басты мақсатыңыз не?» деген сұраққа «жұмыс бабымен» деп жауап бергенін айтады.

Осылайша [келу мақсаты] экономикалық жағынан болып шыққандықтан, Парадис босқын мәртебесін ала алмайды. Енді ол Қазақстанда жұмыс істеу үшін арнайы құжаттар дайындау керек, - дейді ол.

Көші-қон полициясы басқармасының 2016 жылы шілденің 27-сі шыққан Мохаммад Парадиске босқын мәртебесін бермеу туралы шешімінде оған мұндай мәртебенің «еліндегі азаматтық соғысқа байланысты» бір жылға ғана берілгені (2015 жылы – ред.) жазылған.

Шешімде оған босқын мәртебесінің берілмеу себебі «Бір жыл ішінде Қазақстан ықтиярхатымен құжаттандырылмағаны үшін және нәсілдік, ұлттық, діни сенімі, белгілі бір азаматтық топқа жататындығы немесе саяси позициясы бойынша қудалаудың құрбаны болу қаупі туып, елінен тыс жерде жүрген және өз елінің қорғауын пайдалана алмайтын немесе осындай қауіп салдарынан еліне орала алмайтын не оралғысы келмейтін азаматтығы жоқ адам қатарына жатпайтындығы ескеріліп, босқын мәртебесі берілмесін» деп жазылған.

Парадис өз мемлекетінде діни жағынан қудаланса не бөтен көзқараста болғаны үшін қысым көрсе, босқын мәртебесін беруге болатын еді. Бірақ оның келу себебі экономика жағынан болып тұр.

- Ол бұл шешімді сотқа берді. Сот шешімді дұрыс деп таныды. Парадис өз мемлекетінде діни жағынан қудаланса не бөтен көзқараста болғаны үшін қысым көрсе, босқын мәртебесін беруге болатын еді. Бірақ оның келу себебі экономика жағынан болып тұр. Қазақстанда жұмыс істегісі келсе виза алып, рұқсат алып жұмыс істеуіне болады, - дейді полиция подполковнигі.

Нұрдәулет Төлегенұлы «Парадис Қазақстанның ықтиярхатын (тұрақты тіркеу – ред.) алу үшін өтініш тастағанын, құжаттарды дайындауға полицейлер көмектесіп жатқанын, құжаттарды жинаса, тұрақты тіркелуге мүмкіндігі бар екені оған түсіндірілгенін» айтады.

- Енді оны Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеруі керек. Тексерусіз оның ісін қарай алмаймыз, -дейді департамент өкілі.

Ал Мохаммад Парадис өзінің «комиссия отырысында «Қазақстанда не істеп жүрсіз?» деген сұраққа «жұмыс істеп жүрмін» деп жауап бергенін, осы сөзге бола комиссияның теріс шешім шығарғанын, ал шын мәнінде Ауғанстанда өміріне қауіп төнгенін» айтады. Қазір Парадис облыстық сотқа берген апелляциялық шағымының нәтижесін күтіп жүр. Бірақ ол өзі қалаған нәтиже шықпайтынын сезетінін айтады.

Ауғанстанға қайта бармаймын. Ғұмыр бойы қорқынышпен өмір сүргім келмейді.

- Екінші сот арызымды кері қайтаратынына жүз пайыз сенімдімін. Көші-қон полициясы депортациялаймыз дейді. Мейлі, депортацияласын. Шықпаймын. Ауғанстанға қайта бармаймын. Ғұмыр бойы қорқынышпен өмір сүргім келмейді. Ақыры бір өлім, осында өлемін. Бірақ бала-шағама кім қарайды, кім оларға нан-су береді? Қазақстан президентіне, БҰҰ-ға хат жазамын,- дейді Мохаммад Парадис.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы дерегінше, өңірде босқын мәртебесін алған 197 азамат бар. Мамандар «олардың көбі босқын мәртебесін Совет Одағы кезінде алғанын» айтады.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG