Accessibility links

Тәліптердің Қазақстан билігіне «жауабы»


Тәліптер жасағы. Ауғанстан, 5 мамыр 2011 жыл.

Тәліптер жасағы. Ауғанстан, 5 мамыр 2011 жыл.

Тәліптер НАТО-ны қолдамақ мақсатында Ауғанстанға әскер жібермек болып отырған Қазақстанның шешімін сынап, оның теріс салдары болуы мүмкін екенін ескертті. Кейбір сарапшылар Қазақстанда терроризм қаупі ұлғайғанын айтады.


«Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, «Талибан» қозғалысының сенбі күні таратқан мәлімдемесінде Қазақстан билігінің Ауғанстанға әскер аттандыру туралы шешімі аймақтағы барлық елдердің мүддесіне қайшы келетіні туралы айтылған.

ЕСКЕРТУ

«Қазақстан өзінің тұрғындары мен аймақтың мүддесін ескерудің орнына АҚШ мүддесін қорғауды мақсат етіп отыр. Қазақстан мұсылмандары басшыларының мұндай бұрыс саясатына қарсы тұруы керек... Бұл қадам Қазақстанның Ауғанстанмен және өзге де аймақ елдерімен ұзақ мерзімдегі
Ауғанстанның Бағлан провинциясында Талибан қозғалысының 14 мүшесі ел Конституциясына мойынсұнатындарын мәлімдеп, қаруларын тапсырды. 21 мамыр 2011 жыл.

қарым-қатынасқа кері әсер етеді» - делінген тәліптердің мәлімдемесінде.

Мамырдың 18-і күні Қазақстан парламенті Ауғанстанға әскер жіберу туралы арнайы заң жобасын («Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Атлант Шарты Ұйымы арасындағы Ауғанстандағы Қауіпсіздікке жәрдемдесу халықаралық күштерінің қызметіне қатысу туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы») мақұлдаған болатын.

Мәжіліс бекіткен заң жобасында қазақ сарбаздарының Ауғанстандағы халықаралық қауіпсіздік күштерінің қатарында алты айлық әскери қызметте болатыны жайлы айтылған. Бұл мерзім созылуы да мүмкін. Бірақ Қазақстанның Ауғанстанға қанша, қашан әскер жіберетіні әзірге белгісіз.

Мамырдың 23-і күні Қорғаныс министрлігінің баспасөз бөліміне хабарласқан кезде телефон тұтқасын алған қызметкер «мәселе 3-4 офицердің жіберілуі туралы болып отыр, бірақ мән-жайды бастықтардан толық біліңіздер» деп жауап берді. Ал «бастықтардан» жауап ала алмадық.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Асқар Әбдірахмановтың «Новости-Казахстан» агенттігіне берген мәлімдемесіне жүгінсек, Кабулдегі халықаралық күштер штабына «осы елдегі бейбіт тұрмысты қалпына келтіру мен қамтамасыз ету мақсатында» төрт офицер жіберілмек.

ТЕРРОРИЗМ ҚАУПІ

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, мұндай қоқан-лоққылар АҚШ Иракта әскери операцияларын жүргізген кезде де болған, «бірақ ол кезде АҚШ-қа одақтас елдердің бәріне жалпы бағытталған еді». Оның пікірінше, биліктің бұл шешімі Қазақстанда терроризм болуы қаупін еселей түспек.

Досым Сәтпаевтың "Талибан" мәлімдемесіне байланысты пікірі


- Қазақстан территориясында террорлық әрекетті «Талибанның» өзі де жүзеге асыра алады. Себебі Орталық Азияның өзінде «Талибанмен», «әл-Каида» ұйымымен тікелей немесе жанама түрде байланыста радикалды топтар бар. Мәселен, Өзбекстанның ислам қозғалысы. Бұл қозғалыс 2000-шы
Саясаттанушы Досым Сатпаев.

жылдардың басында Усама бин Ладенмен кездескен. Олардың тәліптермен де байланысы болған, - дейді Досым Сәтпаев.

Саясаттанушының пікірінше, сондықтан бұл мәселелерге билік салмақты қарауы тиіс. Әсіресе Ақтөбеде болған «оғаш» жағдайдан кейін бұл қауіп ұлғая түскен.

Билік мұны қылмыстық топтардың бірінің жанкешті әрекеті деп атағанмен, көптеген сарапшылар оны билік өкілдеріне қарсы бағытталған террорлық акт деп отыр. Оның үстіне осыған дейін Қазақстан территориясында экстремистік ұйымдардың мүшелері ұсталған болатын. Мұндай жағдай Ресей, Қытай, Өзбекстанда да болған.

- Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан тыныш ел деп айта алмаймыз. Мұнда көптеген шетелдік, жергілікті экстремистік ұйымдар қатысы бар әлеуетті жанжалды аймақтар бар. Осылардың барлығын есепке алғанда, Қазақстанның Ауғанстанға әскер жіберетіні елде террорлық әрекеттердің болу мүмкіндігін арттыра түседі, - дейді Досым Сәтпаев.

«ҚАЗАҚСТАН ӨЗ МҮДДЕСІНЕ ОРАЙ ӘРЕКЕТ ЖАСАУЫ ТИІС»

Қазақстан тұңғыш президентінің қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының директоры Сұлтан Әкімбековтің пікірінше, қандай жағдай болса да, Қазақстан ештеңеге алаңдамай өзінің мүддесіне сәйкес әрекет жасауы тиіс. Оның сөзінше, Қазақстан көпвекторлы саясатты жүзеге асыру мақсатында әріптестік орнатып отыр және «сол аймақта бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға септігін тигізбек».

Сұлтан Әкімбековтің "Талибан" мәлімдемесіне байланысты пікірі


- Бұл соншалықты жаһандық проблема емес. Себебі Ауғанстан территориясында өзге елдердің де, ТМД елдерінің де контингенті бар. Және бұл Американың емес, халықаралық коалицияның операциясы. Оның үстіне мәселе өте аз әскер туралы болып отыр. Бәлкім, взвод шығар. Тіпті, бірнеше офицер болуы да ғажап емес, - дейді Сұлтан Әкімбеков.

Оның пікірінше, бұдан кейін Қазақстанда терроризм болу қаупі артты деп айта алмаймыз. Себебі «тек қандай да бір саяси оқиғалардан
Запастағы генерал Айтқали Есенғұлов.

кейін ғана террорлық актілер жасалмайды, оның сан түрлі себебі болуы мүмкін».

- Бұл жерде тікелей байланыс, тікелей қауіп жоқ. Бұл Қазақстан азаматтарының «басын қатыруды» мақсат ететін саяси мәлімдеме, - дейді Сұлтан Әкімбеков.

Ал запастағы қазақ генералы Айтқали Есенқұлов Қазақстанның Ауғанстанға әскер жіберу туралы шешімін қолдамайтынын айтады.

- Орталық Азия елдерінің қай-қайсысы да Ауғанстанға әскерін жіберетін болса, олар оны дұшпан ел ретінде қабылдайды. Бізге мұның не керегі бар? Бірақ сонымен бірге Ауғанстан жақтан келетін есірткі трафигі Қазақстан үшін де қауіпті. Мұндайға тосқауыл қою керек. Мұны бәрі қолдайды деп есептеймін. «Талибан» мәлімдеме таратсын-таратпасын, осындай позицияда қаламын, - дейді Айтқали Есенқұлов.

Ал АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джон Ордвей ҚазТАГ тілшісінің «Талибан» мәлімдемесін анық қауіп деп санауға бола ма?» деген сауалына: «Тәліптердің дәл осы мәлімдемесіне байланысты қатер төнеді деп ойламаймын. Менің ойымша, Ауғанстанға тікелей қатысы болсын-болмасын, лаңкестікке қарсы күреске қатысқан елдердің бәріне қауіп бар», - деп жауап берді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG