Accessibility links

«Беловежьеден» соң Назарбаев Қазақстан президенті бола салды»


Беловежьедегі келісімге қол қоюшылар - Украина президенті Леонид Кравчук, Беларусь жоғарғы кеңесінің төрағасы Станислав Шушкевич және РСФСР президенті Борис Ельцин. Минск, 8 желтоқсан 1991 жыл.

Беловежьедегі келісімге қол қоюшылар - Украина президенті Леонид Кравчук, Беларусь жоғарғы кеңесінің төрағасы Станислав Шушкевич және РСФСР президенті Борис Ельцин. Минск, 8 желтоқсан 1991 жыл.

23 жыл бұрын Совет Одағын таратқан Беловежье келісіміне қол қойылды. Осы оқиға тұсында Қазақстан басшыларының бірі болған Серікболсын Әбділдин бұл шешім ел атын асығыс өзгертуге әсер еткенін айтады.

1991 жылы желтоқсанның 8-і күні Беларусьтің Брест қаласы маңайындағы Беловежье тоғайында РСФСР президенті Борис Ельцин, Украина президенті Леонид Кравчук және Беларусь жоғарғы кеңесінің төрағасы Станислав Шушкевич Совет Одағын таратып, ТМД-ны құрған келісімге қол қойды.

Беловежье келісімі кезінде Қазақ ССР жоғарғы кеңесі төрағасы міндетін атқарған Серікболсын Әбділдин Азаттыққа берген сұхбатында ол оқиғаның Қазақстан тарихына қандай әсері болғанын айтып берді.

Азаттық: – Беловежье келісімі тұсында Қазақстанның саяси ахуалы қандай еді?

Серікболсын Әбділдин, оппозициялық саясаткер. Алматы, 10 шілде 2012 жыл.

Серікболсын Әбділдин, оппозициялық саясаткер. Алматы, 10 шілде 2012 жыл.

Серікболсын Әбділдин: – 1991 жылы желтоқсанның 1-інде Қазақ ССР-інің конституциясы бойынша Нұрсұлтан Назарбаевты советтік Қазақстанның президенті етіп сайладық. Сөйтіп салтанатты ант қабылдау рәсімі, яғни инаугурациясы желтоқсанның 10-ына белгіленді. Сол екі ортада Беловежье оқиғасы араласып, СССР-дің таратылғанын жариялады.

Ол кезде жоғарғы кеңес төрағасы болған Ерік Асанбаев вице-президенттікке сайланып, төраға міндетін мен атқарып отырғанмын. Беловежье келісімінен соң біздің алдымызда «Жаңадан сайланған президентті қандай елдің президенті деп атау керек?» деген мәселе тұрды. Сол себепті желтоқсанның 10-ы күні таңертең инаугурациядан бұрын республиканың атын Қазақстан Республикасы деп асығыс өзгертуге тура келді. Түстен кейін сағат 15.00-де қазіргі Республика сарайында салтанатты жиналыс өткізіп, Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің атынан қаулыға қол қойып, Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан Республикасының президенті» деген куәлік тапсырдым. Назарбаев осылайша Қазақ ССР-інің президенті болып сайланып, Қазақстан Республикасының президенті болып шыға келді.

Азаттық: – 1991 жылғы Беловежье кездесуіне Қазақ ССР басшысы Нұрсұлтан Назарбаев неге бармады? Украинаның бұрынғы президенті Леонид Кравчук Азаттыққа берген сұхбатында «Горбачев СССР премьер-министрі қызметіне ұсынатынын айтып, Назарбаевты Беловежье орманына бармауға көндіргені» жайлы мәлімдеген. Бұған қатысты не дейсіз?

Серікболсын Әбділдин: – Ол күндері мен Нұрсұлтан Назарбаевпен күнбе-күн кездесіп тұрдым. Басқаны айтпағанда түскі асты күнде бірге ішетіндей жағдайда жұмыс істедік. Беловежье келісіміне Нұрсұлтан Назарбаевты ешкім шақырған жоқ, сол себепті бармады.

Беловежье келісіміне қол қойғандардың бірі Станислав Шушкевичпен кейін бір жылға жетпей Түркияда кездескенімде бұл жөнінде егжей-тегжейлі сұрадым. Ол өздерінің бұл келісімге алдын-ала дайындықсыз, аяқ астынан Ельциннің екпінімен жиналғанын айтқан еді. «Совет өкіметін әу баста құрған елдер Ресей, Украина, Беларусь, Закавказье болғандықтан келісімді құқықтық тұрғыдан осы аталған елдер ғана бұза алады, қалған республикалардың оған қатысы жоқ деп есептедік» деді Шушкевич. Шушкевичтің «келісімде тек славян елдері болмасын деп Назарбаевты да шақырдық» деп кейін айтып жүргені – славян елдерінің басшылары жиналып, мәселені шешіп қойғаннан кейін айтылған сөз. Шындығында да СССР-ді құрған мемлекеттер арасында Қазақстан болған жоқ қой.

Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен СССР президенті Михаил Горбачев. 1990 жыл.

Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен СССР президенті Михаил Горбачев. 1990 жыл.

Бәлкім, Горбачев Назарбаевтың жеке өзіне уәде берсе берген шығар, онысын білмеймін. Бірақ ресми түрде саяси бюрода немесе басқа орындарда Назарбаевты орталыққа жұмысқа шақырамыз деген сөз болған жоқ. Оны кейін Мәскеудегі хатшылардан да сұрадым. Саяси бюрода «СССР министрлер советінің төрағасы Рыжковтың орнына Назарбаевты қояйық» деген сөз болмаған. Ал министрлер кеңесі төрағасының қатардағы орынбасарлығы қызметіне шеттегі республикалардан адам шақыру керек деген кезде Назарбаевтың аты-жөні аталғаны – анық жайт. Бірақ ресми сөз болған жоқ.

Беловежье келісімі жарияланған соң Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге барғаны рас. Бірақ үш мемлекет басшысы ол кезде әлі Беларусьте болатын. Ол кезде жаңа одақтық келісім жасау мәселесі бір жылдан бері талқыланып келе жатқан. Дәл сол кездегі саяси жағдай турасынан келсек, жаңарған одақ құрылса Горбачевті қолдайтын адамның бірі Назарбаев болатыны анық еді. Жаңа одақтық келісім жөнінде Назарбаев жиі айтып жүрді. Ол жаңа одақтық келісімді соңына дейін күтті. Бұл жоғарғы кеңесте тәуелсіздік туралы заң жобасы дайындалған кезде де аңғарылды.

Азаттық: – Сіз Қазақ ССР жоғарғы кеңесі төрағасының міндетін атқарушы ретінде желтоқсанның 8-інде СССР таратылатынын білдіңіз бе?

Серікболсын Әбділдин: – Біз ол туралы шешім қабылданғаннан кейін бір-ақ білдік. Совет Одағының тарағанына қатты қуанғандар да, «заңсыз» деп қарсылық танытқандар да болды. Ал халықта «ендігі жағдайымыз не болады» деген уайым басымырақ болды. Жоғарғы кеңес іле-шала республиканың атын өзгертті және тездетіп тәуелсіздік туралы заң қабылдау мәселесі алға шықты.

Бұрын СССР құрамында болған елдер басшылары ТМД декларациясына қол қойғаннан соңғы сәт. Алматы, 21 желтоқсан 1991 жыл.

Бұрын СССР құрамында болған елдер басшылары ТМД декларациясына қол қойғаннан соңғы сәт. Алматы, 21 желтоқсан 1991 жыл.

Азаттық: – Қазақстанның тәуелсіздігін басқа республикалардан кешірек жариялауына не себеп болды?

Серікболсын Әбділдин: – Ол кезде Ресей мен Қазақстанның басқасының бәрі тәуелсіздігін жариялап қойған. Сол себепті тәуелсіздік жарияланатыны айдан анық еді. Ол кезде жоғарғы кеңес жылына екі-ақ рет жиналатын. Тұрақты жұмыс істейтін парламент болған жоқ. Ол жолы күзгі жиын-терім аяқталған соң ғана жоғарғы кеңес отырысы шақырылды. Сөйтіп тәуелсіздік жариялау 1991 жылғы желтоқсанға сәйкес келді. Оның үстіне Беловежье келісімі тездетіп жіберді. Нұрсұлтан Назарбаев жаңарған одақ болады деп үміттенді. Тәуелсіздік туралы заңды қабылдауды тек желтоқсанның 14-інде бастадық.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG