Accessibility links

Экономист: «Бағаны күшпен ұстауға болмайды»


Девальвациядан кейін жаңа бағамен тұрған саудагерлер. Астана, 18 ақпан 2014 жыл.

Девальвациядан кейін жаңа бағамен тұрған саудагерлер. Астана, 18 ақпан 2014 жыл.

Девальвациядан кейін Қазақстан үкіметі «әлеуметтік маңызы бар» азық-түлік түрлерінің бағасын қымбаттатпауды тапсырды. Әкімдіктер мен министрліктердің бұған шамасы мен құзыреті жете ме?

Қазақстан үкіметі теңге девальвациясынан кейін әкімдіктерге жергілікті көтерме сауда реализаторларымен және кәсіпкерлермен бағаны қымбаттатпау туралы меморандумдарға қол қойып, тұрақтандыру қорларын пайдалану туралы нұсқау берді.

Азаттық сайтына сұхбат берген бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі, экономист Марат Толыбаев «егер үкімет девальвациядан кейін үш ай бойы бағаны тұрақты түрде ұстап тұра алса, соның өзі жетістік» екенін айтады. Ол үкімет қолданып отырған әкімшілік шаралар девальвациядан туатын қиындықты азайтқанымен, «ондай күштеу шаралары бизнестің дамуын тежейді, сондықтан одан аулақ болған абзал» деп есептейді.

Азаттық: - Девальвациядан кейін облыс әкімдіктері көтерме бағамен сауда жасаушы реализаторлармен меморандумға қол қойып, оларды азық-түлік тауарын неғұрлым арзан бағамен ішкі нарыққа сатуға міндеттеуге тырысып отыр. Бұл қаншалықты заңды, әрі тиімді әдіс? Реализаторлар мұндай міндеттеуге мойынұсына қоя ма?

Марат Толыбаев: - Егер әкім сауда нүктелерін, базар иелерін біржақты түрде міндеттеп, соны талап етсе, онда әрине, заңсыз болар еді. Бірақ егер жаңағы айтқан реализаторлар ерікті түрде меморандумға қол қойып, өзара келісім арқылы бағаны ұстап тұруға келіссе, заңдық тұрғыда ілік табу қиын. Сондықтан ешкім сотқа бере қояды деп ойламаймын. Бірақ шын мәнінде мұның бәрі -уақытша шаралар. Бәрібір баға уақыт өткен сайын ақырындап өсе береді.

Бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі, экономист Марат Толыбаев.

Бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі, экономист Марат Толыбаев.

​Менің ойымша, меморандумның рөлі, мәні де дәл сол «ақырындап» деген кілт сөзде жатқан сияқты. Себебі қазір бағаны күрт шарықтату саяси тұрғыда қолайлы емес. Жалпы алғанда, меморандум девальвациядан кейінгі «жұмсақ жастықтың» рөлін ойнап тұр, яғни, девальвацияға тікелей қатысы жоқ отандық тауарлар есебінен «жерге қатты түспей, жұмсақ құлау».

Азаттық: - Мұндай жағдайда меморандумға қол қойып отырған кәсіпкерлерде таңдау қалмай отырған сияқты. Себебі бағаны өсірмей ұстап тұру оларға тиімді емес қой?

Марат Толыбаев: - Меморандумның кәсіпкерлерге тиімсіз екені анық нәрсе. Олар «әкімшілікті құрметтегені» үшін ғана меморандумға қол қойып жатыр. Бірақ бастысы мұнда тым шектен шықпау керек. Сол маңызды. Егер кәсіпкерлерді ұзақ уақыт бағаны ұстап тұруға мәжбүрлесе, онда қақпанға түсіп қаласың. Мен жай ғана өзімді сол кәсіпкерлер мен саудагерлердің орнына қойып көріп отырмын. Егер маған өндірушілерден жаңа тауарлар жоғары бағамен келіп жатса, мен оларды бұрынғы бағамен сатсам, оданша сол дүкендерді жауап тастағаным дұрыс болады. Егер бірнеше кәсіпкер солай істесе, онда нарықта тауар тапшылығы туындап, жағдай бұрынғыдан ушығып кетеді. Әкімдіктердің барлығы мұны жақсы түсінеді және бағаны ұзақ уақыт ұстап тұруға мәжбүрлемейді деп сенем. Бағаны ақырын-ақырындап босату керек.

Азаттық: - Үкімет қашанға дейін осылайша бағаны ұстап тұра алады деп ойлайсыз?

Марат Толыбаев: - Менің ойымша, девальвацияның кесірінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері бәрібір қымбаттайды. Бұл өте анық нәрсе. Менің ойымша, ең көп дегенде екі-үш ай ғана бағаны ұстап тұра алады. Қазіргідей девальвация жағдайында егер баға бір түннің ішінде, бір апта, тіпті бір айдың ішінде өспей, үш айдан кейін өссе, соның өзі жетістік.

Менің ойымша, оған әкімшілік тәсілдермен қарсы тұру пайдасыз. Мұны әкімдер де, үкімет те түсініп отыр деп ойлаймын. Қазір қолданылып отырған «әкімшілік тетіктерде» саяси сипат басым. Экономикалық терминдерді жақсы біле бермейтін көптеген адамдар қазіргі кезде қандай да бір түсіндірмелерді қабылдауға әзір емес. Сондықтан олар үшін биліктің бағаны ауыздықтау талпынысы субъективті, моральдық, психологиялық тұрғыда белгілі бір рөл атқарады. Мен бұған түсіністікпен қараймын. Үкімет қолданып отырған әкімшілік шараларды тек осы қырынан ғана түсіндіруге болады.

Азаттық: - Кейбір әкімдіктер тұрақтандыру қорларын пайдалану арқылы бағаны бұрынғы қалпында ұстап тұратындарын хабарлады. Қазақстанның барлық облыстарында тұрақтандыру қорлары бар ма? Олардың девальвациядан кейінгі қымбаттау кезінде рөлі қандай болмақ?

Марат Толыбаев: - Тұрақтандыру қорлары Қазақстанның барлық облыстарында бар. Үш ай бұрын ауыл шаруашылығы министрлігінде істеген кезімде сондай болатын. Үш айдың ішінде жабылып қалды дегенге сенбеймін. Олардың функциясы – маусымаралық кездегі бағалардың ауытқуын қалпына келтіру.

Тұрақтандыру қоры деген не?

2011 жылы Қазақстан республикасының экономикасын модернизациялау мәселелері бойынша мемлекеттік комиссия аймақтық тұрақтандыру қорларын құрып, оларды әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы қаржыландыру туралы шешім қабылдады. Сол жылы 17 миллиард 105 миллион теңге көлеміндегі бюджеттік несие корпорацияларға «НУХ «ҚазАгро» акционерлік қоғамы арқылы бөлінді.

Барлық 7 аймақтық әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация құрған тұрақтандыру қорлары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын үкімет жыл сайын бекітетін тізім бойынша шаруалардан сатып алып отырады.
Күзде жиын-терін кезінде астық, жеміс-жидек пен көкөністің бағасы түседі. Бұл шаруаларға жаман. Сондықтан тұрақтандыру қорына азық-түлікті шаруалардан күзде сатып алады. Ал қыс пен көктемде қоймадағы қорлар таусылған кезде, баға керісінше шарықтай бастаған шақта оны қалыпқа түсіру үшін тұрақтандыру қорындағы азық-түлікті сатады.

Қазіргі жағдай туралы айтсақ, тұрақтандыру қорларында кейбір азық-түлік түрлерінің қоры шынымен де бар және олар бұрынғы бағамен сатып алынған. Сол азық-түлік қорын жағдайды жеңілдету үшін бір рет қолдануға болады. Яғни, азық-түлік қорын бұрынғы бағамен сата бастаса, ол нарықтағы бағадан арзанырақ болады. Ол тұтынушыларға қолайлылау көріне бастайды. Бұл тұрақтандыру қорларына да жақсы. Себебі олар азық түлікті өз бағасынан арзанға сатпайды. Ал мұндай нәрсе оларда жиі болып тұрады. Сондықтан бұл жағдайда тұрақтандыру қорларындағы азық-түлік қорын екі жаққа да пайдалы болатындай сатуға болады.

Азаттық: - Бағаны өсірмеу үшін жасалып жатқан әкімшілік шаралардың салдары қандай болмақ? Сіздің ойыңызша девальвациядан кейінгі қымбатшылықпен қалай күресуге болады?

Марат Толыбаев: - Мен либералмын, сондықтан бағаны күштеп ұстап тұру мүлдем қажет емес деп ойлаймын. Тауарлардың бағасын ұстап тұру саясаты қате. Мұнымен үкімет айналыспауы керек. Себебі бағаны ұстап тұру – сол саладағы нарық пен бизнестің дамуын тежейді. Егер айталық, нанның бағасын ұстап тұрсақ, біз осылайша астық өсіріп отыратын шаруаларды құртамыз. Бұл - нарықтың аксиомасы. Егер біз көкөністердің бағасын ұстап тұрсақ, онда сол бизнесті табыссыз бизнес түріне айналдырамыз, оған ешкім де бармайды, ақша салмайтын да болады. Келесі жылы ол көкөніс түрі азайып кетеді де, бағасы да шарықтап кетеді. Бағаны өсірмеу – бұл популистік және социалистік адасушылық.

Менің ойымша, ең тиімдісі мынау болар еді: жалпы бағаны ауыздықтаудың қажеті жоқ. Олардың өсуіне рұқсат ету керек. Бірақ күнкөрісі нашар халықтың бөлігіне баға қаншаға өссе, сонша пайызын өтеп беру керек. Біздің мемлекетте оның механизмі де бар. Ол мемлекеттік атаулы көмек деп аталады. Ол кірісі азық-түлік кәрзеңкесінің белгілі бір деңгейінен төмен отбасыларға беріледі. Егер азық-түлік бағасы өссе, онда көптеген отбасылар өздеріне қажет азық-түлік көлемін сатып ала алмай қалады. Мұндай жағдайда үкімет сол отбасыларға көбірек ақша беруі керек. Нанның бағасы кедей мен ауқаттыға бірдей арзан болмауы тиіс. Мысалы, менің тұрмысым орташадан жоғары. Мен нанды 70-80 емес, 200 теңгеден сатып ала алам. Маған бұл салмақ түсірмейді. Мемлекет өндірушілерге мен сияқты адамдардан 200 теңге алуына рұқсат етуі тиіс. Ал соған қатысты түскен салық пен табысты 70 пен 200 теңге аралығын толтыруға бағыттау керек.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет!
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG