Accessibility links

Депутаттардың бестен екісі – зейнет жасындағылар


Қазақстан парламенті депутаттары. Астана, 18 ақпан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан парламенті депутаттары. Астана, 18 ақпан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Төрт жыл жыл бұрын, 2012 жылы 15 қаңтарда парламент мәжілісіне сайланған депутаттардың 40 пайызы – қазір зейнет жасына жеткен адамдар. Сенат депутаттарының да осынша бөлігі 63 жастан асқан.

1995-2011 жылдары парламент депутаты болған Тасбай Симамбаев қазір мәжіліс пен сенатта отырған заң шығарушылардың біразы зейнет жасына тақаған не одан асқан адамдар екенін айтып қынжылады.

- Қазіргідей дағдарыс кезінде жаңаша ойлайтын жастарға жол беру керек. Егде депутаттар бұрынғы советтік ойлау жүйесінен алыстаған жоқ. Қайта олар Қазақстанның болашағына бөгет боп тұр. Немерелеріне тәрбие беріп, демалғаны өздеріне де, қоғамға да пайдалырақ болады, - дейді өзі зейнет жасына толған соң қайта сайлануға ұмтылмағанын айтқан Тасбай Симамбаев.

40 ПАЙЫЗЫ – 63-ТЕН АСҚАН

Владислав Косарев.
Владислав Косарев.

Азаттық тілшісі әуелі парламент мәжілісіндегі 107 депутаттың жас ерекшелігін шолып шығып, олардың 43-і (яғни 40 пайызы) – зейнет демалысына шығатын жасқа – 63-ке толған азаматтар екенін байқады.

Мәжіліс депутаттарының ең егдесі – Қазақстан халықтық коммунистік партиясынан сайланған Владислав Косарев (79 жаста). Одан жастау депутаттар – 75 жастағы Розақұл Халмұрадов, 72 жастағы Қуаныш Сұлтанов, биыл 70-ке толатын Уәлихан Бишімбаев, Төлеш Кенжин, Шалатай Мырзахметов, Қанат Саудабаев пен Алдан Смайыл.

Мәжілістегі 107 адамның 25-і – кемінде екі рет мәжіліс депутаты болып сайланғандар. Олардың ең «тәжірибелісі» Қуаныш Сұлтанов совет заманында Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болған, кейін біраз жыл дипломатиялық қызмет атқарып, 2001 жылдан бері қайтадан бірде сенат, бірде мәжіліс депутаты болып келе жатыр.

Мәжіліс депутаттарының, әсіресе «Нұр Отан» билік партиясының тізімі бойынша өткендердің көпшілігі – совет билігі тұсында комсомол не партия қызметін атқарып, кейін жоғары мансап иеленген адамдар.

Нұртай Әбіқаев.
Нұртай Әбіқаев.

Жасы 63-тен кеткен азаматтар парламент сенатында да аз емес. Ондағы 47 сенатордың 19-ы (яғни 40 пайызы) зейнет жасынан асқан. Мәселен, бұрынғы қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев – 71 жаста, Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Елеусін Сағындықов пен жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин және ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Нұртай Әбіқаев – 69 жаста.

Сенат депутаттарының 19-ы – бұрын облыс, қала, аудан әкімдері немесе әкім орынбасары болған, өзгесінің көбі – министр, департамент бастықтары не олардың орынбасарлары болған адамдар.

«ДЕПУТАТТЫҢ БІЛІКТІЛІГІ ЖАСЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ЕМЕС»

Парламенттің бұрынғы депутаты Тасбай Симамбаев заң шығарушы органдағы азаматтардың жартысына жуығы зейнет жасына жеткен адамдар болуын партиялық тізім бойынша сайлау жүйесін енгізгеннен көреді.

- Партиялық тізім тұрғанда жастарға жол берілмейді. Өйткені депутаттыққа көбіне қаржысы мол адамдар өтеді. Қайтадан мажоритарлық сайлау жүйесіне ауысқанда ғана белсенді жастар мәжіліс депутаты бола алады, – дейді ол.

Қазақстан парламенті. (Көрнекі сурет)
Қазақстан парламенті. (Көрнекі сурет)

Тасбай Симамбаевтың айтуынша, партиялық тізім бойынша сайлау жүйесі енгелі депутаттардың белсенділігі күрт азайған.

- Депутат болғысы келетін адам бұрын халық алдында танылуға күш салатын, ел аралайтын, қарапайым азаматтармен кездесетін. Сайлау жүйесі өзгергеннен кейін оның қажеттілігі болмай қалды, диванда жатып та депутат болуға мүмкіндік туды, – дейді экс-депутат.

Парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты Серікбай Әлібаев «жан-жақты тексерістен өтіп, биліктің сенімін иеленгендер ғана парламент депутаты бола алатынын» айтады.

- Ондай депутаттардың туған-туыстары мен балалары лауазымды қызметтерде отырады. Ал жастарға сенбейді, өйткені олар қаншалықты билікшіл болса да уақыт өте өзгеруі, билік күтпеген сөздер айта бастауы мүмкін, – дейді Серікбай Әлібаев.

Қазақстандағы парламент сайлауынан көрініс. Теміртау, 15 қаңтар 2012 жыл.
Қазақстандағы парламент сайлауынан көрініс. Теміртау, 15 қаңтар 2012 жыл.

Азаттық тілшісі парламент депутаттарының бірнешеуіне хабарласқанымен, ешбірімен тілдесе алмады. Тек мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақовпен ғана сөйлесудің сәті түсті. Ол бұрынғы депутаттардың пікірлерімен келіспейді.

- Депутаттың біліктілігі жасына байланысты емес, – дейді Тұрсынбек Өмірзақов.

Ол қазіргі депутаттардың бұрынғылардан өзгешелігі жастарында емес, істерінде деп біледі. Мәжіліске Қазақстан коммунистік халық партиясы тізімі бойынша сайланған депутаттың сөзінше, ол жерде бәсеке бар.

- Мәжілістегі үш партияның екеуі – Қазақстан халық комммунистік партиясы да, «Ақ жол» да биліктің айтқанына шыға алмайды деген сөздер бар. «Нұр Отан» партиясы небәрі 15 депутаттан құралатын екі партияның кейбір қарсылықтарын көпшілік дауыспен еңсере береді. Сөйте тұра осы екі партияның жеке бастамасымен бірнеше заң қабылданды. Келесі сайлауларда басқа да партиялар мәжіліске өтсе, бәсекені күшейтер еді, - дейді мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов.

Келесі сайлауларда басқа да партиялар мәжіліске өтсе, бәсекені күшейтер еді.

Қазақстан қоғамы билік өкілдерінің жасын ел президентінің бірнеше ай бұрынғы сөзінен кейін қызу талқылай бастаған. Былтыр қарашада үкіметтің кеңейтілген отырысында «зейнет жасына жеткен жоғары лауазымды қызметкерлер қызметінен кетулері тиіс» екенін айтқан президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл пікірінің «сайланбалы органдарға қатысы жоғын» ескерткен.

Қазақстан парламенті – елдің заң шығару қызметiн жүзеге асыратын ең жоғарғы өкiлдiктi сайланбалы орган.

Парламент сенатындағы 47 депутатының 15-ін ел президенті тағайындайды, 32-сін (ел астанасы мен республикалық маңызы бар қаладан және әр облыстан екі-екі адамнан) мәслихаттар 6 жылға сайлайды. Депутаттардың жартысы үш жыл сайын жаңарып тұрады. Соңғы рет сенат сайлауы 2014 жылы қазанда өткен.

Парламент мәжілісіндегі 107 депутаттың 98-і жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады, ал 9 депутатты Қазақстан халқы ассемблеясы сайлайды (5 жылға). Елде мәжіліс сайлауы соңғы рет 2012 жылы қаңтарда өткен.

XS
SM
MD
LG