Accessibility links

«Сараптамадан өткен діни әдебиеттерді сату да шектелмесін» дейді баспагерлер


Алматы қаласының орталық мешіті жанындағы діни заттар мен әдебиеттер сатылатын жайма сөрелер. Алматы, 14 қазан 2012 жыл.
Алматы қаласының орталық мешіті жанындағы діни заттар мен әдебиеттер сатылатын жайма сөрелер. Алматы, 14 қазан 2012 жыл.

Қазақстанның дін істері жөніндегі агенттігі «Діни әдебиеттер арнаулы орындарда ғана сатылатынын» хабарлады. Ал баспа өкілдері «сараптамадан өткен кітаптар еркін сатылуы тиіс» дейді.

2012 жылы қазан айының 4-і күні ақпарат құралдары арқылы тараған Астана қалалық прокуратурасының үндеуінде «Дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» заңның 9-бабына сәйкес, Астана қаласында діни әдебиетті таратуға арналған сегіз арнайы үй-жай орны көрсетіліп, басқа жерлерде таратып, сатуға тыйым салынатыны ескертілді.

Ал қазанның 10-ы күні дін істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин «Қазақстанның көпшілік облыстары діни әдебиеттер сатылатын арнаулы орындарды әзірлеп қойғанын, діни әдебиетті заңсыз сатушылардың жазаға тартылатынын» құлағдар етті.

Азаттық радиосы осы мәселе бойынша бірқатар облыстардағы тиісті орындарға хабарласып, республика бойынша діни әдебиеттер сатылатын орындардың белгіленіп жатқанын анықтап көрген еді. Астана қаласынан өзгелері әзірге тек дайындық жұмыстарымен шұғылданып жатқан болып шықты.

Мәселен Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының бөлім бастығы Шегебек Қауынбаев «арнаулы орындарды анықтау мәселесі Алматыда әзір аяқталған жоқ, бірақ осы айдың соңына дейін шешіліп қалуы мүмкін» екенін айтты.

«БАСҚА ПӘЛЕ ТІЛЕП ҚАЙТЕДІ?»

Діни әдебиеттер шығарумен шұғылданатын баспалармен хабарласқанымызда олар дін істері жөніндегі агенттіктің сараптамасынан өткен әдебиеттерді арнайы дүкенде ғана сатқызу нарық заңына сай келмейтінін, бұл шешім діни әдебиеттер шығаратын баспаларды тұралатып кететінін айтты.
Діни әдебиеттер сатылып жатқан сөре. Алматы, 14 қазан 2012 жыл.
Діни әдебиеттер сатылып жатқан сөре. Алматы, 14 қазан 2012 жыл.

«Шапағат-Нұр» баспасының бас редакторы Нұртай Ерназаровтың ойынша дін істері жөніндегі агенттіктің сараптамасынан өткен әдебиеттердің еркін сатылуына шектеу қоюға болмайды.

- Агенттік сараптамадан өткізіп жатыр. Енді не керек? Тыйым салу арқылы ештеңе шешілмейді. Діни кітап шығарып жүрген үлкен баспалардың ешқайсысы теріс ағымдағы әдебиеттер шығармайды. Басына пәле тілеп қайтеді? Жұрттың көзқарасымен санаспай жеке дүкендерге тығатын болса, олар монополияға айналдырады бұл саланы, - деді ол.
Жұрттың көзқарасымен санаспай жеке дүкендерге тығатын болса, олар монополияға айналдырады бұл саланы.

«Мұсылман» баспа үйінің» директоры әрі «Мұсылман» журналының бас редакторы Қайрат Иса «дінге байланысты жасалып жатқан нәрселер дүкендердің басшыларын үрейлендіріп отырғанын» хабарлады.

- Бұған дейін «Меломан», «Алматыкітап», «Гүләнда», «Атамұра» сияқты белгілі кітап дүкендері арқылы кітаптарымызды сатып жүргенбіз. Қазір солардың бәрі бас тартып отыр. Әдебиеттеріміздің сараптамадан өткенін де тыңдағысы келмейді. Кітап шығаруды, сатуды тоқтатқанымызға бір жарым жыл болды. Соның кесірінен банкроттық жағдайда отырмыз. Бұрын 15-20 қызметкерім бар еді, қазір екі-үшеуі-ақ қалды. Басқа баспалардың да жағдайы бізбен шамалас. Халық діни әдебиеттерден де шошып қалды, алмайтын болды, - дейді Қайрат Иса.

Аталған баспагерлер «діни әдебиеттер саудасы - көптеген адамдардың күнкөріс көзі. Қай жерде өтімді, қай жерде сұраныс бар, сол жерде сата береді. Мешіттерің маңайында, Алматының «барахолкасында» мұсылман заттарын сататын көтерме базарлар бар. Оларға да тыйым салынатын болса көптеген адам жұмыссыз қалары анық» дегенді айтты.

«ҚУЫП ЖАТСА, КӨРЕЙІК...»

Алматыдағы Орталық мешіт төңірегінде тұрған діни әдебиеттер мен діни заттар сататын жайма базарға барғанымызда, сатушылардың көпшілігі «жаңа тәртіптен» бейхабар болып шықты.
Алматы қаласының Орталық мешітінің жанында діни кітаптар сатып тұрған Қайырбек Төлегенұлы. Алматы, 14 қазан 2012 жыл.
Алматы қаласының Орталық мешітінің жанында діни кітаптар сатып тұрған Қайырбек Төлегенұлы. Алматы, 14 қазан 2012 жыл.

Өзін оралман ретінде таныстырған Қайырбек Төлегенұлы төрт баласын осы діни заттар саудалаумен асырап отырғанын айтты.

- Бізді полиция да, ҰҚК-да ұдайы тексереді» деді ол. Бірақ тексеріс кезінде қандай талаптар қойлатынын айта алмады. Тыйым салынған кітап сатсақ бір сәтте тұрғызбайды мұнда. Бұл саудамызды тоқтатса онда бізге дүкен ашып берсін, деді ол.

Жайма базарда діни тауар сатушылардың бірі Ағзамбек деген кісі ғана «жаңа тәртіп бойынша діни әдебиеттерді мешіт аумағында сатуға болатынын, бірақ Орталық мешіттің аумағынан бас мүфти Әбсаттар Дербісәлі орын бермейтініне сенімді» екенін жеткізді.

- Рәтбек қажының кезінде мәзхабтар көп болмаған еді. Теріс ағымдардың қаптап келуіне Әбсаттар Дербісәлінің бақылау жасамауы да себеп болды. «Сен тимесең мен тимен» деп отырды. Оны бас мүфти еткен - Нұрсұлтан. Енді Әбсаттардың қолынан іс келе ме, келмей ме - оны тек Нұрсұлтан ғана біледі. Нұрсұлтан қойды, Нұрсұлтан алады. Бұрын көбіне діни картиналар, көзмоншақ, тұмар тағысын тағы вахабистер «ширк» деп жүрген заттар сататын едім. Енді әдейі діни әдебиеттерді де сатуға кірістім. Осы жерден қуып жатса, көрейік, - деді ол.
лматы қаласының Орталық мешітінің жанында діни кітаптар сатып тұрған Ағзамбек. Алматы, 14 қазан 2012 жыл.
лматы қаласының Орталық мешітінің жанында діни кітаптар сатып тұрған Ағзамбек. Алматы, 14 қазан 2012 жыл.

Қазақстанда 2011 жылы 15 қазанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданған еді.

Аталған заңның 9-бабында «Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі» деп көрсетілді. Алайда бұл заңға байланысты қоғамда қарама-қайшы түрліше пікірлер айтылған болатын.
XS
SM
MD
LG