Accessibility links

Жер субсидиясын жоюға мақташылар наразы


«Олжас Б» іріленген шаруа қожалығының басшысы Набатгүл Байтанаева. Шымкент, 23 желтоқсан 2015 жыл.

«Олжас Б» іріленген шаруа қожалығының басшысы Набатгүл Байтанаева. Шымкент, 23 желтоқсан 2015 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданының мақташылары үкіметтің жердің гектарына төленетін субсидияны алып тастауына наразы. Ал билік «тиімсіз субсидия» орнына «тиімді техника лизингі мен шаруа қожалықтарын ірілендіру» реформасын ұсынады.

Үкімет өкілдері желтоқсанның 23-і күні Шымкент фермерлерімен өткізген мәжілісте жариялаған «тиімсіз субсидияларды» өзгерту саясатына наразы болған диқандардың бірі - Набатгүл Байтанаева.

Набатгүл – Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданындағы құрамында 564 шаруа қожалығы бар «Олжас Б» іріленген шаруа қожалығының басшысы. Мақта шаруашылығымен айналысатын фермер биліктің жер субсидиясына бөлініп келген қаржыны бұдан былай ауыл шаруашылық техникасын лизингке беру бағдарламасына бұру туралы шешіміне қарсы. Ол мақташыларға жердің гектарына төленетін субсидиясы тиімді екенін айтады.

- Бүгінге дейін мемлекеттен субсидия алған шаруалар қиындыққа тап болмады. Енді көктемгі егіс басталғанда қайдан қаржы табамыз? Субсидияның орнына жеңілдетілген несие береміз дейді. Несие өте көп құжатты талап етеді. Біздің жеріміз – бар тіршілігіміз. Уақытында жыртып, егін екпесең болмайды, - дейді Набатгүл.

«КЕТПЕНМЕН ЕМЕС, ТЕХНИКАМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ КЕРЕК»

Шымкенттегі Көрме орталығында Қазақстан фермерлер одағының ұйымдастыруымен өткен мәжілісте ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі қолданыстағы «тиімсіз субсидияларды» өзгерту себептерін айтты. 500-ге жуық фермер қатысқан жиында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және субсидиялау жүйесін реформалау талқыланды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров Набатгүл сияқты фермерлердің күдігін сейілтуге тырысып бақты.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров (ортада). Шымкент, 23 желтоқсан 2015 жыл.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров (ортада). Шымкент, 23 желтоқсан 2015 жыл.

- Ауыл шаруашылығындағы субсидияның бәрі алынбайды. Бір ғана тиімсіз субсидия – жердің гектарына төленетін субсидия. Осы субсидияға бөлініп жатқан 41,1 миллиард теңге басқа субсидияларға беріледі. Мысалы, шаруалар лизингке техниканы 14 пайыздық үстеме ақымен алса, енді оның 7 пайызы субсидияланады, - деді Сапархан Омаров Азаттыққа.

Вице-министрдің сөзінше, қазір лизингке алынған техниканы субсидиялауға ақша жетпей жатыр. Ресми мәліметке сәйкес, былтыр ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алушыларды субсидиялауға 6 миллиард теңге қаралған болса, биыл 9 миллиард теңге бөлінген. Бірақ, техника лизингісін субсидиялауға түскен сұраныс былтырдан екі есе көп болып шыққан. Сапархан Омаров егістік жерден гөрі техниканы субсидиялаудың қисындылығын дәлелдеу үшін:

- Шаруалар кетпенмен емес, техниканы қолданып жұмыс істеу керек, - деген де уәж келтірді.

МАҚТАШЫЛАРДЫҢ ҚАУПІ

Бірақ мәжіліске қатысқан фермерлер ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға және субсидиялау жүйесін реформалауға диқандардың дайын емес екенін айтып бақты. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданының мақташылары әр гектар жерге мемлекет тарапынан берілетін субсидияның алынып тасталғанына наразылық танытты.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың ойынша, кейбір «өлместің күнін кешіп жүрген» мақташыларға субсидиядан гөрі несие жүйесі тиімдірек болмақ.

Мақта теріп жүрген жұмысшы. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Алғабас ауылы, 17 қыркүйек 2015 жыл.

Мақта теріп жүрген жұмысшы. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Алғабас ауылы, 17 қыркүйек 2015 жыл.

- Мақта егумен айналысатын шаруа бір гектар жерге 15 мың теңгеден артық субсидия алмайды. Бір гектар [жерге егілген] мақтаны дұрыс өсіру үшін 100 мың теңге шамасында ақша керек. Шаруаның негізгі мәселесі - айналым қаржысының жоқтығы. Айналым қаржысы арзандатылған үстемақысымен несиеге берілсе, бұдан шаруа ұтылмайды, - дейді әкімнің орынбасары.

Сапарбек Тұяқбаевтың есебі бойынша, субсидиялау жүйесіндегі реформадан шаруа әдеттегіден екі есе көп өнім алуы мүмкін. Ол мәжіліс кезінде шаруаларға айналымға қажетті қаражатты «10 пайыздық жеңілдетілген үстемақымен 100 пайыз жеткізіп береміз» деп уәде етті.

Бірақ мақташы Набатгүл Байтанаева министрлік пен әкімдік өкілдерінің фермерлер мәжілісінде айтқан уәждеріне көңілі толмағанын айтады. Ол мемлекеттен берілетін көмек қысқарғанда шаруалардың күні қараңғы болады деп алаңдайды.

- «10 пайыздық үстемақымен жеңілдетілген несие беруді қарастырып жатырмыз» дейді. Кез келген банк [несие бергені үшін] кепіл сұрайды. Қарапайым шаруада кепілге қоятын қандай мүлік бар дейсіз. Бұл жүйе өте тиімсіз, - деді шаруа.

ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТАРЫН ІРІЛЕНДІРУ САЯСАТЫ

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаровтың Азаттыққа айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысының ұсақ шаруа қожалықтары үшін «бірігу – үлкен проблема». Облыста бір гектардан бес гектарға дейін жері бар 39 мың шаруа қожалығы бар. Вице-министрдің сөзінше, ұсақ шаруа қожалықтары субсидия алу үшін облыс орталығына келуді де қиынсынады.

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Алғабас ауылындағы мақта алқабында жүрген техника. 2015 жылдың қыркүйегі.

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Алғабас ауылындағы мақта алқабында жүрген техника. 2015 жылдың қыркүйегі.

- Өйткені, алатын субсидиясы жол шығынымен кетіп қалады. Егер шаруалар біріксе, техниканы да, тұқымды да, тыңайтқышты да субсидиямен алады, -дейді Сапархан Омаров.

Ауыл шаруа­шы­лығын мемлекеттік қолдау бағдарламасы бойынша 2015 жылы Қазақстандағы фермер­лік шаруашылықтарды субсидиялауға 52,7 миллиард теңге бөлінген еді. Өсімдік шаруа­шы­лығын субсидиялау көлемі соңғы бес жыл ішінде 2,6 есеге өскен. Бірақ биыл күзде Қазақстанда валюталық және экономикалық дағдарыс анық байқалған тұста егіс алқаптарына берілетін «өсім­дік шаруашылығындағы гек­тарға бөлінетін субсидиялардың тиімсіз» екені айтыла бастаған. Сонымен бірге ауылшаруашылық министрлігі «шаруа қожалықтарының ұсақтығы жалпы саланың тиімді өндірісіне кедергі» деп мәлімдеген. Сол себепті кооперация арқылы шаруашылықтарды ірілендіру процесін ынталандыру үшін «Ауыл шаруашылығы коопера­циясы туралы» заң жобасы әзірленген. Ал қазанның 29-ы күні президент Нұрсұлтан Назарбаев қолданыстағы фермер­лер­дің кооперациясы туралы заң­на­малық актілерге өзгер­ту­лер мен қосымшалар енгізу туралы заңға қол қойған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG