Accessibility links

«Материалды бұғаттаумен экстремизм мәселесі шешілмейді»


Daily Mail басылымы жариялаған "Сириядағы жиһадшы қазақ балалар" туралы "Ислам мемлекеті" видеосының скриншоты

Daily Mail басылымы жариялаған "Сириядағы жиһадшы қазақ балалар" туралы "Ислам мемлекеті" видеосының скриншоты

Қазақстанда «Жиһадшы қазақ балалары» видеосы туралы интернет материалдары да бұғаттала бастады. Ал сарапшы «Қазақстан экстремизммен күрес тәсілін өзгертуі керек» дейді.

Өткен аптаның демалыс күндері (22-23 қараша) интернетте «Ислам мемлекеті» ультра-радикал діни ұйымы таратты» деп сипатталған, қазақша сөйлейтін кәмелетке толмаған жас балалар түскен видео тарады. Содырлардың «Әл-Хаят» атты медиа орталығы даярлаған сапалы видеоға түскен адамдар арабша және қазақша сөйлейді. Видео үзіндісінде өзі сияқты әскери форма киген балалардың арасындағы бастауыш сынып жасындағы ұл Калашников автоматын құрастырып, нысана көздейді. Аты Абдулла екенін, Қазақстаннан келгенін мәлім еткен бала өскенде «кәпірлерді бауыздайтын муджаһид болғысы келетінін» айтады.

Саясаттанушы Айдос Сарым Азаттыққа берген сұхбатында «Жиһадшы қазақ балалары» туралы видеоны түсірушілердің мақсаты – қоғамды шошыту» деп бағалады.

Азаттық: – Ұлыбританияның Daily Mail басылымы жоғарыдағы видеоның интернетте қарашаның 22-сі күні жарияланғанын айтты. Ол видеоның дәл демалыс күндері шығуы кездейсоқтық па, әлде ойластырылған амал ма?

Саясаттанушы Айдос Сарым. Алматы, 14 мамыр 2012 жыл.

Саясаттанушы Айдос Сарым. Алматы, 14 мамыр 2012 жыл.

Айдос Сарым: – Кездейсоқтық емес. Осы жұма, сенбі күндері маған бірнеше адам телефон соғып: «Қазір уахабшылар мәлімдеме жасайын деп жатыр, дайын отыр, қарап отыр» деген сияқты әңгімелер айтты. Бұл Қазақстанның өз ішінде бейресми тұрғыда жұмыс істеп жүрген, осындай хабарларды таратуға, қабылдауға бағытталған белгілі бір күштер бар деген сөз. Сенбі күні видео мен хабарламалар топ етіп интернетке түсті. Олар бәрін есептеп қойған сияқты. Себебі жұмыс күндері жарияласа, арнайы қызметтер оны бірден жауып тастайды ғой. Ал демалыс күндері дереу шешім қабылдана қоймайды. Мұны пайдаланып, екі күннің ішінде әлеуметтік желілердегі жұрттың бәрін шошытып, үркітіп жатыр.

Азаттық: – Демалыс күндері интернетте тарап кеткен бұл видео және ол туралы басқа да деректер дүйсенбіге қараған түні Қазақстанда бұғаттала бастады. Бұғатталған контенттер арасында Азаттықтың сол видео жайлы жазған мақаласы да болды. Экстремизммен күрестің бұл тәсіліне қалай қарайсыз?

Daily Mail басылымы жариялаған "Сириядағы жиһадшы қазақ балалар" туралы "Ислам мемлекеті" видеосының скриншоты

Daily Mail басылымы жариялаған "Сириядағы жиһадшы қазақ балалар" туралы "Ислам мемлекеті" видеосының скриншоты

Айдос Сарым: – Меніңше, мәселе [интернеттегі материалды] бұғаттау арқылы шешілмейді. Біздің билік осындай дүниемен тек бұғаттап, жауып қана үйреніп қалған ғой. Әрине, видеоның көп таралуына да жағдай жасамау керек. Бәлкім, видеоны психологиялық тұрғыдан зерттеп, теледидардан көрсету керек шығар. «Міне, жиһадқа кеткен азаматтардың күні осындай болады, балаларыңды, немерелеріңді аяңдар» деген сияқты.

Тағы бір мәселе – бізде шын мәнінде радикализмге, фанатизмге төтеп бере алатын жақсы мәдениет жоқ. Жаңағыдай дүние көрсетілсе, ойбайлап шығамыз не артынан еріп кетуіміз мүмкін. Ішкі қарсыласуымыз, ішкі дайындығымыз жоқ. Сондықтан мұның бәрі мұқият түрде зерттеуді қажет етеді. Психологиялық тұрғыдан, әлеуметтік тұрғыдан, басқа тұрғыдан зерттеу керек. Осымен ғана айналысатын арнайы институттар керек.

Азаттық: – Сирия мен Ирактағы радикал исламшыл қарулы топтардың сапында соғысып жүрген қазақстандықтар елдеріне оралса, биліктің әрекеті қандай болмақ?

Былтыр жарияланған "Сирияға жиһадқа барған қазақстандықтар" жайлы YouTube видеосында көрінген балалар. 21 қазан 2013 жыл.

Былтыр жарияланған "Сирияға жиһадқа барған қазақстандықтар" жайлы YouTube видеосында көрінген балалар. 21 қазан 2013 жыл.

Айдос Сарым: – «Жиһадқа» кеткен азаматтар елге қайтып келетін болса, ұзақ мерзімді түрмеге отыру тиіс. Жақында бас прокуратура да «ол жаққа кеткен азаматтардың барлығын қылмыстық іс күтіп тұр» деп арнайы мәлімдеме таратқан. Әрине, бірнеше жыл автомат ұстап соғысуды үйренген адам елге келгенде егін екпейтіні анық. Олар білетінін басқа біреуге үйретуі мүмкін.

Азаттық: – Қазақстандық қауіпсіздік орындарының экстремизммен бұлайша күресі азаматтарды діни тұрғыда қуғындауға ұласып кетпей ме?

Айдос Сарым: – Қолына қару алып соғысып жүрген адам мен мешітке барып намаз оқып жүрген адамды шатастырудың қажеті жоқ. Бұл үлкен қателік болар еді. Адамнің діни сеніміне ешқандай шектеу жоқ. Бірақ бір адам қолына қару алып, басқа адамдарды өлтіріп, жарылыс жасап жатса, ол – діндар емес, террорист.

«Жиһадшы қазақ балалары» туралы видеоны көріп жүрегің ауырады екен. Өйткені ересек адамдар өздері жауап бере алатын жағдайда. Ал кіп-кішкентай, қабырғасы да қатпаған, ақыл-ойы да толыспаған балаларды шетелге әкетіп, күні-түні миын айналдырып, соғысқа араластыру, ертеңгі күні тірі бомба қылу – оңбағандықтың, шектен шыққан фанатизмнің шарықтау шегі.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG