Accessibility links

СПИД дертіне шалдыққандарды қоғам құбыжық сияқты қабылдайды дейді науқас баланың анасы


2006 жылы Шымкентте қан құю кезінде ғасыр індетін жұқтырған жүзден аса бүлдіршіннің анықталғаны белгілі. Науқас балалардың кейбірінің ата-аналары басқа ауылға қоныс аударуға мәжбүр болса, енді біреулерінің әкелері ауру баладан бас тартып, шешелері дертке ұшыраған баламен жалғыз қалған.


Гүлжанат үшінші баласына босанғанда отбасының қуанышында шек болмаған, екі қыздан кейін дүниеге келген ұлдары Арманның әр қылығы тәп-тәтті болып өсіп келе жатты.

- Ұлым 2006 жылы суық тиіп ауырып қалды. Арманымызды дереу дәрігерге алып барып, 1 аптадай ауруханаға жатып шықтық. Алайда тағы 1 аптадан кейін қайта жатуға тура келді, дәрігерлер «пневмония» деген диагноз қойып, «дереу қан құю керектігін» айтты. Біз ойымызда ешнәрсе жоқ, қан құйып, біраз уақыттан кейін емделіп шықтық, – деп еске алады Гүлжанат.

Алайда бірнеше айдан кейін Гүлжанаттың үйіне дәрігерлер қайта келген.

- Олар «қан құйылған балаларды тексеріп жатырмыз» деді, көп ұзамай менің ұлымның СПИД-ке шалдыққандардың бірі екендігі анықталды... Көптен күткен ұлымыздың айықпас ауруға шалдыққандығын өзге тұрмақ өзіміз, тіпті туған әкесі мен ата-әжелері де қабылдай алған жоқ. «Балаң ауру, ол тер арқылы, көзінің жасы арқылы жұғады, бізге жақындатпа» деген түрлі сөздерден кейін, күйеуіммен ажырасуға тура келді, - деп көзіне жас алды сұхбаттасымыз.
«Балаң ауру, ол тер арқылы, көзінің жасы арқылы жұғады, бізге жақындатпа» деген түрлі сөздерден кейін, күйеуіммен ажырасуға тура келді...


АЙЫҚПАС ДЕРТТІҢ АЗАБЫ -АНАНЫҢ МОЙНЫНДА

Бүгінде Гүлжанат 3 баламен жалғыз. Алайда, Арман ай сайын дәрігерлер келіп укол еккен кезде «әке!» деп шақыратын әдетті шығарған. Баласы айықпас дертке шалдыққалы бері мұғалімдік қызметін де тастап, Арманының денсаулығы мен көңіл-күйін аулаумен болады. Қорқынышты түс сияқты болған сол бір кездер әлі күнге дейін есімде дейді ана.

- Таныстарымыз, туған-туыстарымыз, жалпы қоғам менің ұлымды құбыжық ретінде қабылдайды. Ал Арманымның бар өмірі алда, ол бұл дертпен қалай өмір сүреді, ол оны қалай қабылдайды деген ойлар маған маза бермейді. Сондықтан мен ұлымды өз ауданымда емес басқа бір ауданның мектебіне бердім. Қазір Арманым мектептегі апайының мақтаған сөзі мен сабақтан алған жақсы бағасына басқа да бүлдіршіндер сияқты мәз-мәйрам болады. Ол да басқа балалар сияқты ғой, еш айырмашылығы жоқ. Оны мен түсінгеніммен көпшілік түсінбейтіні жанымды жаралайды, - дейді Гүлжанат.

Мектепке барып, сабағын жақсы оқып жүрген Арман Азаттық радиосының тілшісіне өзі жаттаған сүйікті тақпағын да мәнерлеп оқып беріп, тағы сондай көп өлеңді жатқа білетінін мақтанышпен айтып берді.

Биыл Оңтүстік Қазақстандағы ВИЧ дертін жұқтырған Арман секілді 25 бүлдіршін бірінші сыныпқа барды. Ал өткен жылы осындай науқасы бар алғашқы 4 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттаған еді.

Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтырған 149 бала диспансерлік есепте тұр. Олардың 134-і үш пен жеті жас аралығындағы бүлдіршіндер.

Осы індетті жұқтырғандар арасында 2008 жылдың соңында және биыл туған нәрестелер де бар екен. Олар – ВИЧ-ке шалдыққан анадан туған балалар. Олардың барлығының ата-анасы өз балаларының қас-қабағына қарап, ешкімнен қысым көрмесе екен деген үмітпен өмір сүруде.

ҚАЗАҚСТАНДА БІР ЖЫЛДА СПИДКЕ ШАЛДЫҚҚАНДАР САНЫ 2000 АДАМҒА АРТҚАН...

Қараша айының 24-і күні Павлодар облысында ВИЧ-инфекциясын жаппай жұқтыру дерегі тіркелді. Ап 162/ 3 қатаң тәртіптегі қоныстану колониясында жазасын өтеп жатқан 11 адамға осындай диагноз қойылған. Қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері түрмеде отырғандардың барлығы ерлер екеніне қарамастан, айықпас дерттің жыныстық жолмен жұғуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Нақты диагноз қоюға облыстық СПИД орталығының ескі қондырғысы мүмкіндік бермей отыр. Қазір қауіпті кеселге ұшырағандардың қандары Астана зертханаларына жіберіліп, тексеріліп жатыр.

Республикалық СПИД орталығы директорының орынбасары Гүлнар Талғатқызының айтуынша, бірден 11 адамнан қауіпті ауру инфекцияларының табылу фактілері бұрындары сирек кездескен.

- Түрмеде есірткі, әйтеуір қандай да болсын жолдармен тарайды. Меніңше мұндай жағдайлардың алдын алу үшін арнайы бағдарлама қажет. Көптеген елдерде героиннің орнына методонды қолдану әдісі қолданылады. Бұл есірткіге тәуелді адамдарға шынымен көмектеседі. Қауіпті ауруларды жұқтырып алу сияқты жағдайлар да болмайды. Бұдан басқа инелерді тегін ауыстыру сияқты жобалар шетелде кеңінен қолданылады, - дейді Азаттық радиосына сұхбат берген Г.Талғатқызы.

Республикалық телеарналардың біріне берген сұхбатында Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Павлодар облыстық басқармасы бастығының міндетін атқарушы Виктор Жамылдинов қатаң тәртіптегі түзету мекемесінің өзінде кейде тәртіп тиісті дәрежеде сақтала бермейтіндігін айтқан еді.

- Ол жерге есірткіден басқа да тыйым салынған заттарды да алып кіру деректері кездеседі. Олардың арасында ұялы телефондар мен ақша да бар, -деді В.Жамылдинов.
Соңғы 10 айда аталған түзеу мекемесінде ВИЧ инфекциясын 3 адам жұқтырса, қараша айының небәрі 3 аптасында 11 адам ғасыр індетіне шалдыққаны анықталған...


Соңғы 10 айда аталған түзеу мекемесінде ВИЧ инфекциясын 3 адам жұқтырса, қараша айының небәрі 3 аптасында 11 адам ғасыр індетіне шалдыққаны анықталған. Мекемедегі бас бостандығынан айырылғандар соңғы рет жарты жыл бұрын тексерілген екен.

Тек биылдың өзінде Қазақстанда 2 мыңға жуық адам ВИЧ инфекциясын жұқтырған. Олардың басым көпшілігі жастар. Індетке шалдыққандардың дені Алматы қаласы мен Павлодар, Қарағанды облыстарында тұрады.

ҚАТЕРЛІ ДЕРТ "ЖАСАРЫП" БАРАДЫ

Қазақстанда бұл індетті жұқтырғандардың саны 13 500 адам оның, 78 пайызы отыз жасқа дейінгі жастар.

Сарапшылардың есебінше, Қазақстан ВИЧ-СПИД-ке шалдыққандар саны бойынша ТМД-да Ресей, Украина мен Беларустан кейінгі төртінші орында тұр. Ел үкіметі қазынадан 4 млрд. теңге қаржы бөліп, індетпен күресудің арнайы бағдарламасын бекітті. Елде науқастарды емдеуге қажетті дәрі-дәрмек жетерлік. Дегенмен, азаматтардың ауруын жасырып, асқындырып алуы эпидемиялық ахуалдың нашарлауына себеп болып отыр дейді дәрігерлер.

Мамандардың айтуынша, түзету мекемелерінде дәрігерлер жетіспейді. Сондай ақ, арнайы алдын алу шаралары ойдағыдай жүргізілмейді. ВИЧ инфекциясына шалдығу фактілерінің жиі кездесуіне де осы факторлар әсер етіп отырған көрінеді.

Қатерлі індетпен күреске әлемде млрд-таған қаржы жұмсалғанымен, әлі күнге дейін оның емі табылмай келеді. Кей деректерге қарағанда, қазір қатерлі дерттен айықтыратын вакцина Тайландта жасалып жатқан көрінеді.

Дегенмен ауруды алғашқы сатысында емдесе, науқастың сауығып кетуі ықтимал. Бірақ СПИД-тің белгілері кей жағдайда бірнеше жылдан кейін ғана анықталуы мүмкін. Сондықтан мамандар күмәні бар адамдарға дер кезінде дәрігерге қаралып отыру керектігін ескертеді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG