Accessibility links

Ақтөбелік оқушы өз жауабы дұрыс екенін дәлелдеп, «Алтын белгісін» қайтарып алды


Әйгерім Асқарова мен анасы Қаламқас Кәшкімбаева, 2011 жыл.

Әйгерім Асқарова мен анасы Қаламқас Кәшкімбаева, 2011 жыл.

Ақтөбе облысы Алға ауданы №3 қазақ орта мектебінің түлегі Әйгерім Асқарова ұлттық бірыңғай тест барысында Қазақстан тарихы пәнінен бір ұпайды кем алған еді. Ол өз жауабы дұрыс екенін дәлелдеп, екі айдан соң «Алтын белгі» иегері атанды.


– Әйгерім, ұлттық бірыңғай тесті қашан тапсырдың? Даулы сұрақ қандай еді?

– Тест 6 маусым күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде өткен еді. Сұрақ мәтіні: «1870 жылғы Маңғыстаудағы көтеріліске түрткі болған оқиға». Мен «алым-салықтың артуы» деген жауап бердім. Ал ресми жауапта «Қоқандықтардың қысымы» болды. Бірақ ол мүлде дұрыс емес. Аппеляциядан кейін Астанадағы тест орталығынан мүлдем өзге – «Қазақ жерін меншіктеп жариялауы» деген жауап келді. Яғни бұл сұрақтың екі жауабы бар. Ал тестің ресми жауабы мүлдем дұрыс емес.

– «Алтын белгіңді» қалай қайтарып алдың?

– Мен ол үшін барлық құзырлы органдарға бардым. Ең бірінші Астанадағы тест орталығына осы сұрақ бойынша шағым бердім. Сосын Білім және ғылым министріне шағымдандым. Бірақ олардың барлығынан «қанағаттанарлықсыз» деген жауап қайтты. Алайда мен өзімнің жауабымның кітап және энциклопедия бойынша дұрыс екенін білгендіктен премьер министр Кәрім Мәсімовқа хат жібердім. Ол менің мәселемді Бас прокуратураға жолдапты. Сондықтан бас прокуратура және Алғадағы аудандық прокурор тексеріс жүргізді. 22 шілде күні Кәрім Мәсімовтен хат келді. Онда «Шағымды қарастырдық. Мәселе Бақытжан Жұмағұлов мырзаға жіберілді» деп жазылған. Содан кейін 28 шілдеде Білім және ғылым министрлігінің Бақылау жөніндегі комитетінен жауап келді. Онда «Бір балл қосылды. «Алтын белгіге» ие боласыз» деп жазылған.

– Шағымдануға біреу кеңес берді ме, әлде өзің сондай шешім қабылдадың ба?

– Бұл анамның арқасы. Ол барлық органдарға барып шағымданды. Ол – химия пәнінің мұғалімі. Өзінің білімі жеткеннен соң мені әрбір жерге апарып, түрлі есіктерді қақтық. Бұның бәрі – анамның арқасы.

– «Алтын белгіге» қалай үміткер болдың?

– 11 жыл бойы тек қана «бес» деген бағаға оқыдым. Сондықтан да менің құжаттарым «Алтын белгіге» үміткер ретінде кеткен. Оны жеңіп алу үшін математика пәнінен – 20 балл, қазақ тілі пәнінен – 21 балл, физикадан – 20 балл, орыс тілі пәнінен – 18 балл, ал Қазақстан тарихы пәнінен – 21 балл алу керек болдым. Тарихтан 20 балл алып қалдым. Мен тестен сол 13-сұраққа күмәнданып шыққан болатынмын. Себебі тест ережесі бойынша онда тек бір дұрыс жауап болуы керек. Сондықтан мен ертеңінде бірден облыстық аппеляциялық комиссияға шағымдандым.

– Сенің ойыңша, биылғы ұлттық бірыңғай тест қалай өтті?

– Тест баланың мүмкіндігін шектейтін сияқты. Өйткені біз үш жарым сағатта тек белгілеп шығамыз. Ол баланың ойы, білімі қаншалықты терең екендігін білдірмейді. Біз сөйлемейміз.

Биылғы тесті айтатын болсақ, тарихтан 1500 сұрақ бойынша дайындалдық. Оларды мамыр айының аяғында берді. Яғни біз бір жыл бойы басқа сұрақтармен дайындалдық, ал аз уақыт қалғанда басқа сұрақтарды қосып жіберді. Меніңше, бұл дұрыс емес. Биыл тест дұрыс өтті деп айта алмаймын.

– «Алтын белгіңді» алған соң қандай жоғарғы оқу орнына түспексің?

– Мен Л.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетінің автоматтандыру және басқару деген факультетіне грантқа түстім.

– Жеңісің құтты болсын, Әйгерім. Сұхбат бергеніңе рахмет.

Әйгерім Асқарова «Алтын белгісін» қайтарып алды

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG