Accessibility links

Ұшақтан ақау шыққаны бірер күннен соң хабарланды


Әуежайға қонуға келе жатқан ұшақ. (Көрнекі сурет)

Әуежайға қонуға келе жатқан ұшақ. (Көрнекі сурет)

«Эйр Астана» әуе компаниясының Астанадан Алматыға бет алған ұшағы техникалық себептен қайта қонуға мәжбүр болған. Бұл – компанияның бір айда ақау шыққан төртінші ұшағы.

2013 жылы 1 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 22.35-те Астана қаласының әуежайынан ұшып шыққан Airbus A321 ұшағы сағат 23.30-да сол әуежайға қайта қонған. Ұшақтың сол жақ қозғалтқышының температурасы жоғарылап кеткен. Ұшақ ақауы жөнделген соң, 2 желтоқсан күні түнгі сағат 1.55-те ғана Алматыға ұшып шыққан.

Ұшақ бортында 85 жолаушы мен 10 экипаж мүшесінің ешбірі зардап шекпеген. Қазір тергеуге дейінгі тексеру жүргізіліп жатыр.

Бұл туралы сәрсенбі, желтоқсанның 3-і күні Қазақстан ішкі істер министрлігі көліктегі ішкі істер департаментінің ресми сайты хабарлады.

«Эйр Астана» компаниясының ұшақтарынан соңғы бір айда бірнеше мәрте техникалық ақау шықты.

Қарашаның 29-ы күні Ақтөбеден Астанаға ұшуы тиіс ұшақ бірнеше сағаттан аса уақыт кешігіп барып әуеге көтерілген. Ақпараттарға қарағанда, ұшақ турбинасына құстың кіріп кетуі кешігуге себеп болған.

Одан бұрын қарашаның 21-і күні «Эйр Астананың» Алматыдан Бангкокке ұшып шыққан Boeing 767-300 ұшағы «техникалық себептерге байланысты» қайта қонуға мәжбүр болған. Ұшақ бортында 95 жолаушы мен 10 экипаж мүшесі болған.

Ал қарашаның 9-ы күні осы компанияның Airbus A321 ұшағы шұғыл түрде қайта қонуға мәжбүр болды. Алматыдан Абу-Дабиге ұшып шыққан ұшақ сол жақ қозғалтқышының ақауы кесірінен әуежайға оралған.

2001 жылы құрылған «Эйр Астана» компаниясы акциясының 51 пайызы – мемлекеттік «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына, 49 пайызы ұлыбританиялық BAE Systems PLC компаниясына тиесілі. Компанияның 60-тан астам ішкі және сыртқы рейстерге ұшатын 28 ұшағы бар. Ол ұшақтардың орташа қолданылу мерзімі 6 жылдан асқан.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG