Accessibility links

SCAT-қа қатысты арыз-шағым тексеріліп жатыр


Алматы маңында болған ұшақ апаты орнынан мәйіттерді жинастырып жүрген құтқарушылар. Алматы маңы, 29 қаңтар 2013 жыл.

Алматы маңында болған ұшақ апаты орнынан мәйіттерді жинастырып жүрген құтқарушылар. Алматы маңы, 29 қаңтар 2013 жыл.

Көлік және коммуникация министрі әуе компаниясының бұрынғы қызметкері жазған «заңсыздықтардың» кейбірі расталғанын мәлімдеді.

SCAT әуе компаниясында жұмыс істеген борттағы жолсерік Айгүл Бейсенбаева компанияда жұмыс тәртібі бұзылғанын, бір ұшқыштың ауыр жағдайда қайтыс болғанын айтып, көлік және коммуникация министрлігіне шағым түсірген еді.

Екі апта бойы SCAT компаниясына тексеріс жүргізген көлік және коммуникация министрлігі «кей фактілерді растады».

Ал өскемендік Гүлімжан Серік SCAT компаниясының ұшақтарымен ұшқысы келмейтінін айтады.

- Ұшақтардағы қызмет сапасы төмен. Ұшақтар ескі. Апат бола қалған жағдайда не істеу керектігін көрсететін нұсқаулық жоқ. Ұшақ салонында арнайы жилет те болмады. Мен Алматыдан Өскеменге ұшқан кезде ұшақ бір мәрте тіпті қона алмай қалды. Ауа райы ашық болатын. Жерге түсіп бара жатып, қайта көтерілді. Жиырма минут айналып келіп қайта қонды. Осыдан кейін қорқып қалдым, - дейді ол.

«БОРТПРОВОДНИКТІҢ ЖҰМЫСЫ ҚИЫН»

Жарты жыл бұрын SCAT әуе компаниясында қызмет еткен борттағы жолсерік Айгүл Бейсенбаева да компанияның қызметіне қатысты наразы пікір айтады.
Scat компаниясының жарнамасы. Алматы, 21 ақпан 2013 жыл.

Scat компаниясының жарнамасы. Алматы, 21 ақпан 2013 жыл.


- Жұмыстың ауырлығынан, демалыстың жоқтығынан көп бортпроводник ауруханаға түсті. Менің өзімнің 19 сағат бойы жұмыс істеген күндерім де болды. Бірақ басшылық бұған еш мән бермеді. Біз өз құқымызды айтсақ, басшылық «жұмыстан кете беріңдер, боссыңдар» деп қорқытады. Менің қызметім бортпроводниктен төмендетіліп, еңбекақым қысқартылды. 2012 жылы қарашаның 29-ы күні жұмыстан кеттім. SCAT басшылығы менің айтқандарымды мойындамайды, - дейді стюардесса.

Айгүл Бейсенбаева компания басшылығына қатысты арыз-шағымын көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевтің жеке блогына жазып қалдырғанын айтты.

«ЭКИПАЖ МҮШЕЛЕРІНІҢ ЖҰМЫС УАҚЫТЫ БҰЗЫЛҒАНЫ РАСТАЛДЫ»

Айгүл Бейсенбаеваның шағымынан кейін көлік және коммуникация министрлігі мен азаматтық авиация комитеті тексеру жүргізді. Оның қорытындысын көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев өз блогында жариялады.
Жұмыс уақыты мен экипаж мүшелерінің демалыс уақыттары бұзылған. Ережені бұзған SCAT компаниясының қызметкерлері жауапқа тартылып, айыппұл салынды.

Министрдің ресми жауабында: «Бұл шағым бойынша кешенді тексеріс жұмыстары жүргізіліп, кей фактілер расталды. Жұмыс уақыты мен экипаж мүшелерінің демалыс уақыттары бұзылған. Ережені бұзған SCAT компаниясының қызметкерлері жауапқа тартылып, оларға айыппұл салынды. Ал еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі бортпроводниктің (Айгүл Бейсенбаеваның – ред) себепсіз қызметінің төмендетіліп, еңбекақысын уақытында төлемеу фактілеріне байланысты тексеріс жүргізіп жатыр. Көлік және коммуникация министрі жүргізген тексеріс қорытындысы еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен көлік прокуратурасына жіберілді. Осы екі ұйым бұл істі заң шеңберінде қарастырады» деп жазылған.

Ал SCAT компаниясының Азаттыққа берген жазбаша жауабында:
«Хатта айтылған көп фактілер шындыққа жанаспайды. Көбі дәлелсіз айтылған. Тексеріс кезінде көп жайттар дәлелденген жоқ. Министрлік тексеріс кезінде жұмыс уақытының 16 сағатқа емес, бар болғаны 53 минутқа созылғанын анықтады. Және осы жағдайларға байланысты жауапты адамдар айыппұл төледі» деп көрсетілген.
Хатта айтылған көп фактілер шындыққа жанаспайды. Көбі дәлелсіз айтылған. Тексеріс кезінде көп жайттар дәлелденген жоқ.

2013 жылғы қаңтардың 29-ы күні Алматы маңында SCAT компаниясына тиесілі Көкшетау-Алматы бағытымен ұшып келе жатқан Challenger-200 ұшағы құлап, борттағы 5 экипаж мүшесі және 16 жолаушы қайтыс болған еді.

Ал ақпанның 7-інде осы компанияға тиесілі DV 766 рейсімен Тараздан Алматыға ұшып келген Ан-24РВ ұшағы әуежайдағы қону алаңынан басқа жерге апатты жағдайда қонған еді. Ұшақтағы 20 адам бұл жолы зардап шекпеген.

Екі оқиғаға қатысты да тексеру әлі жүріп жатыр.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG