Accessibility links

Facebook-тегі "тыныштық күні"


Ұшақ апатынан 27 адамның қаза болуына байланысты Фейсбук қолданушылары жазбасының скирн-шоты. 26 желтоқсан 2012 ж.

Ұшақ апатынан 27 адамның қаза болуына байланысты Фейсбук қолданушылары жазбасының скирн-шоты. 26 желтоқсан 2012 ж.

Ұшақ апатынан 27 адамның қаза болғаны туралы суыт хабар қазнетті дүр сілкіндірді. Twitter және Facebook қолданушылары қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, оқиғаға қатысты ой-пікірлерін жазып жатыр.

Интернеттегі әлеуметтік желілерді қолданушылардың көпшілігі Шымкент қаласының түбінде болған қайғылы оқиғаға аза тұтудың белгісі ретінде аватарларын Қазақстан шекара қызметінің белгісімен ауыстырып қойған.

ТЫНЫШТЫҚ КҮНІ

Сейсенбі күні Шымкент маңында болған ұшақ апатына байланысты бүгін Facebook әлеуметтік желісінде тыныштық күні жарияланды. Бастаманы көтергендердің бірі Жомарт Ертаев кеше түнде:

«Бауырлар! Бүгін ұшақта апат болған шекарашылар мен экипаж мүшелерінің трагедиялық өліміне байланысты ертеңгі сағат 18.00-ге дейін «тыныштық күні» деп жариялаймын. Достарыма осыны қолдап, мерекелік сипаттағы ақпараттарды таратпауды ұсынамын. Өзге адамның қайғысына ортақтаса білейік. Талап көп те емес. Бар болғаны тек үндемейміз. Иманды болсын» деп жазған еді.

Бұл пост 158 рет қайталанып, оған шамамен 200-ден астам адам "ұнату" белгісін қойған.

Интернет қолданушылар аза тұтудың белгісі ретінде аватарларын Қазақстан шекара қызметінің белгісімен ауыстырды. Cурет Twitter-ден алынды

Интернет қолданушылар аза тұтудың белгісі ретінде аватарларын Қазақстан шекара қызметінің белгісімен ауыстырды. Cурет Twitter-ден алынды

Кешеден бері әлеуметтік желіде қолданушылар қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып жатыр. Солардың бірі айтыскер ақын Балғынбек Имаш таңертең Twitter-де: "Ескі ұшақтар еліме зауал болды, Қанша көңіл қайғылы, алаңдаулы. Өркениет жөн шығар, дегенменен, Адамды темір "жеген" заман болды....Әкең шөгіп, аңырап анаң қалды. Маңырап төл, қаңырап қалаң қалды. 27 азамат бейбіт күнде, ажал құшып, тағдыры тәмамдалды" деп жазыпты.


"ҚАРАЛЫ КҮН ЖАРИЯЛАНУЫ ТИІС"

Көптеген қолданушылар қайғылы оқиғаға қатысты елде қаралы күн жариялау керек деген пікір білдіріп жатыр.

«Тулар төмен түсіріліп, үш күн жалпыұлттық қаралы күн жариялануы тиіс. Қазақстандағы телеарналар ойын-сауық бағдарламаларын тоқтатуы тиіс. Басымызға қайғы келді» деп жазады @СагитБалдар есімді қолданушы Twitter желісінде.

Қазақстанда ресми дерек бойынша 16 адам қаза тапқан Жаңаөзен оқиғасы кезінде, 37 адам мерт болған Қызылағаш оқиғасы кезінде де қаралы күн жарияланбаған еді. Кейбір азаматтар бұл жолы аза тұту күні жарияланатынына сеніңкіремейтінін айтады.

Facebook қолданушы Құралай Құдайберген: «Америкада бір аптадан астам уақыт бұрын 22 адам Адам Ленздың қолынан қаза тапқан кезде олардың мемлекеттік тулары түсіріліп, президенттері оқиға орнына барып, өмірден өткендердің отбасыларына көңіл айтқан болатын... Ал біздің ел тізгінін ұстап отырған халық қалаулыларымыз ұшақ апатынан қаза тапқан ағаларымызды ертең қалай жоқтайтынын білмеймін де... Жандары жәннатта болсын» деп жазды.

"АРЗАН", БІРАҚ "ҚАУІПТІ" ҰШАҚ

Төтенше оқиғаның себеп-салдары туралы пікірлерімен бөліскен қолданушылар соңғы үш ай ішінде екі рет қайталанған әуе апатының екеуінде де ресейлік техника құлағанын жазады.

Facebook желісінде Gaziz Tortbayev есімді қолданушы: «..Шейіт болған әскерлеріміз иманды болсын! Ресей әскери және азаматтық ұшақтардың ұшуын тоқтату керек. Солардың әуеде іске аспайтын кездері тым көбейіп кетті» деген пікір айтады.

АН-72 ұшағы құлаған жерде жүрген полиция қызметкерлері. 24.kz телеарнасының апат туралы сюжетінен алынған скриншот. ОҚО, 25 желтоқсан 2012 жыл

АН-72 ұшағы құлаған жерде жүрген полиция қызметкерлері. 24.kz телеарнасының апат туралы сюжетінен алынған скриншот. ОҚО, 25 желтоқсан 2012 жыл

Дәл осы желіде Асқар Құмыран есімді азамат: «Ресейлік авиатехника салдарынан бір жылдың ішінде қаншама адамымыздан айрылдық? Әзірбайжанның адам өміріне қауіпті деп ресейлік көліктерге тыйым салғаны секілді бәлкім, біз де тыйым салуымыз керек шығар? Қазір тендер өткізіп отырған мемлекеттік органдар арзанырақ бірақ қауіпсіз емес ресейлік техниканы сатып алуға мәжбүр» деп жазған.

Nurgissa Assylbekov есімді қолданушы: «Качинскийдің нөмір бірінші борты қона алмай опат болған кезде поляктар Ресейдің алқымынан алды. Себебі оны ресейлік зауыт дайындаған еді. Сол сияқты мұнда да сұрақ көп. Неге ұшақ 20 шақырымға жетпей қалды, әуеде ұшқыш басқарып отырған аппараттың ұшуына ауа райы жағдайы әсер ете қоймаған шығар. Ұшақ қону алаңына құлаған жоқ қой. Дайындаушы зауыт өкілдері шұғыл түрде алғашқы себептерін анықтауы тиіс» деп санайды.

Ал «ұшақтың ұшуы мен қонуы ең қауіпті сәттері» екенін жазған Anarbek Abdullin есімді қолданушы: «Егер ұшақтың кепілдігі болса, мәселе басқа. Қалай болса да авиация, оның ішінде әскери техник-механиктер ақымақ емес, егер ақаулар болса, ұшақты бортқа жібермес еді. Ал жалпы ұшақ құлаған кезде ең бірінші ойға диверсия түседі. Егер диверсия болмаса, онда біздің әскери авиацияда проблема болғаны...» деген түйін жасайды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG