Accessibility links

Әсем мен Дидардың айтысы


«Тәуелсіздік тағылымы» айтысына қатысқан ақындар. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл.
«Тәуелсіздік тағылымы» айтысына қатысқан ақындар. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл.

Былтыры желтоқсан айында Астанада «Тәуелсіздік тағылымы» деген атпен өткен айтыстың екінші күні семейлік Әсем Ережеқызы мен қарағандылық Дидар Хамиев сөз сайысына түсті.


Бұған дейін айтысқан ақындар сияқты бұл жұп та президент Нұрсұлтан Назарбаевқа, 2010 жылы Астанада өткен ЕҚЫҰ саммитіне, Астана қаласына мадақтар айтты.

Әсем Ережеқызы діни мәселені жырға қосты.

– Ағайын, талабымды оң дестің бе,
Аты озсын демейміз бе жерлестің де.
Мен біраз қиғашты істі қырыма алдым,
Тоғышар бейқамдықпен белдестім де.
Санасын сектанттар жаулап алған,
Жастарың ақша берсе ермес кімге?!
Құдайды, Құран сөзін мүлде ұмытып,
Батыстың дәстүрімен елесті ме?
Әкесі евангелист, шеше – кришнаит,
Баласы баптист болды кер кескінде.
Осындай азғындаған кей қазақтың,
Шаңырағын бүтіндеу де келмес мүлде.
Осының бәрі заңның әлсіздігі,
Түрленткен жамандықты мол кескінде.
Ақ сүйек аштықты да көрген елім,
Ар сақтап жетпеп пе едің өлмес күнге.
Иіліп барып қайта бой түзедің,
Тағдырдың талайымен белдестің де.
«Оңалар орнында бар» дейді қазақ.
Өкпе артып неғыламыз келмес күнге.
Кешегі ер түріктен қалған ұрпақ,
Иманын сатпаса екен енді ешкімге, – деп жырлады Әсем Ережеқызы.

Әсемнің қарсыласы Дидар Хамиев те қоғамдағы түйткілді мәселелерді шетпұшпақтап жырлап өтті.

– ...Ақиқаттан алшақтап кет демеймін,
Шындықты да төбеңе шатыр ғып қайт.
Өзіміздің жерасты қазбамыздан,
Өзгелер пайда көрген пақырлықты айт.
Бүгінгі кей адамның тілдері де,
Кәлимаға келмейтін кәпірлікті айт.
Сенат пен мәжілісті дүрліктірген,
Мектептегі сапасыз оқулықты айт.
Қызылағашта боп өткен қан қырғынға,
Кінәлі кәсіпкер мен әкімдікті айт.
Бүгінде қылмыскерлер бостандықта,
Адвокатың ақтаса, сот құптайды.
Осыларды көрмеген алдын-ала,
Көзі ашық қоғамдағы соқырлықты айт, – деді Дидар Хамиев.

Әсем Ережеқызы мен Дидар Хамиевтің айтысын мына жерден тыңдай аласыздар:

XS
SM
MD
LG