Accessibility links

Астанадағы айтыс: Айнұр мен Аалы


Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева. Қарауыл ауылы, Шығыс Қазақстан облысы, 15 қыркүйек 2011 жыл.

Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева. Қарауыл ауылы, Шығыс Қазақстан облысы, 15 қыркүйек 2011 жыл.

Желтоқсаннның 2-сі мен 4-і аралығында Астанада Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Тәуелсіз елдің таңы жарық» деген атпен ақындар айтысы өтті.


Айтыскер Айнұр Тұрсынбаева айтыстың үшінші күні Қырғызстаннан келген ақын Аалы Тутқычевпен ақырғы жұп болып сахнаға шықты.

Айтыстың алғашқы күні Ринатпен айтысқан Аалы ақын қазақтың домбырасын әжуа еткен болатын. Соны тілге тиек еткен Айнұр Тұрсынбаева қарсыласын:

- Домбырамызды әйел деп,
Қомызбен буаз қылдым деп,
Сызат түсірдің екі елге.
«Женский род» деп тағы да,
Алты алаштың ашуын,
Туғызып алдың бекерге.
Жеті ұрпағыңа мысал боп,
Бұл сөзім жүрсін жетеңде.
...Ақ қалпағыңды қытайлар,
Айырып берсе қылышпен,
«Женский род»-ың жаным-ау,
Өзіңнің тұр ғой шекеңде, - деп қағытты.

Аалы Туткучев есе жібермеу үшін:

- Интернет шұқып ол жайлы,
Ақпарат көріп шамдандым.
Нұрағама ескерткіш,
Тұрғызайық деп жатыр.
Қырғыздың айтыскер ақыны Аалы Тутқычев. Қырғызстан, 31 мамыр 2011 жыл.

Қырғыздың айтыскер ақыны Аалы Тутқычев. Қырғызстан, 31 мамыр 2011 жыл.

Қағылайын халайық,
Астана деген жас қала,
Бірақ, қазақ үшін бас қала,
Ал, ескерткіш деген немене,
Жағымпаздардың кейбірі,
Жүреді екен шаттана.
Ескерткіш деген жай ғана,
Темір, не болмаса тас қана.
Ей, Нұрсұлтан ағамыз үшін,
Ескерткіш емей немене,
Тәуелсіздік пенен Астана, - деп жырлады.

Үш күнге созылған айтыстың соңғы күні ақындарға алған ұпайлары бойынша жүлделер үлестірілді.

Бас жүлдеге тігілген үш миллион теңге қытайдан келген айтыскер Жамиға Дәулетқызына бұйырды.

Бірінші орын алған Әлібек Серғалиевке бір жарым миллион теңге, онан кейінгі орынды иеленген Мұхтар Ниязов пен Еркебұлан Қайназаровтың әрқайсына бір миллион теңгеден берілді.

Үшінші орын алған Аалы Тутқычев, Айнұр Тұрсынбаева мен Сара Тоқтамысовалар 500 мың теңгеге ие болды.

Айтыстың радио нұсқасын әр аптаның сейсенбісінде, сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттықтың әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG