Accessibility links

Дидар мен Әлібектің айтысы


Айтыскер ақындар Дидар Қамиев (сол жақта) пен Әлібек Серғалиев. Алматы, 12 ақпан 2011 жыл.

Айтыскер ақындар Дидар Қамиев (сол жақта) пен Әлібек Серғалиев. Алматы, 12 ақпан 2011 жыл.

Ақпанның 12-сі күні Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында өткен «Жүрсіннің жүйріктері» атты айтыстағы Дидар Қамиев пен Әлібек Серғалиевтің өнер сайысы.


Бұл айтыста екі ақын да қоғамдағы келеңсіздіктерді айтып шықты.

Қарағандылық Дидар Қамиев биліктің бүгінгі саясатын солақай қарсыласының домбыра тартысымен шендестіре отырып жырға қосты:

– Тәуелсіздік таңы атқан кездерде де,
Шетелге шырылдатып бала саттың.
Араша тұрмақ болған азаматтың,
Талайын оқ жаудырып, оңаша аттың.
Бабасы мен баласын сата ма екен,
Жағдайын ойлаған ел болашақтың.
Әлібек, мұның бәрі кесірі ғой
Сенің қолың секілді саясаттың.
Біз қазақ талайларға арман елміз,
Біреуге рас, біреуге жалған елміз.
Мырзалықтың шыңына малдас құрып,
Жомарттығы аспаннан жауған елміз.
Орыстардың орманын қорғаймын деп,
Соғысқа да қатысқан ардагерміз.
Ақынынан ұят боп кетпесін деп,
Атасының басын да жарған елміз.
Өз алтынын Қытайға бере салып,
Қаңсығын сатып алған саудагерміз.
Байлығын басқаларға бәсіре ғып,
Шайлығына қараған шаруагерміз.
Мәуесі салбыраған ағаш егіп,
Жемісін жұртқа берген бағбан елміз.
Жыланға іс басында іркіт құйып,
Ішуге іркіт сұрап алған елміз.

Өткен жылғы желтоқсан айындағы айтыста көзге түскен Әлібек Серғалиев те қарап қалмады.

– Ей, бүгінгің бола алмайды бүгін батыр,
Сөздерім тектіліктің шыңында тұр.
Қолым менен саясатты салыстырдың,
Бұл теңеуің ел көңілінен шығып жатыр.
Саясаттың көкесін мен айтайын,
Салт-санам оны оймен біліп жатыр.
Біз, қазақ "қасқырмыз" деп мақтанамыз,
Бірақ та бізден мықты шығып жатыр.
Аюдай Ресейіңді айтар болсам,
Қасықтап мұнайыңды қырып жатыр.
Өзбектер өкшемізді қытықтаса,
Жеріме қытай-түлкі кіріп жатыр.
Арыстандай АҚШ-ың тағы да бар,
Рухыңды саясатпен жығып жатыр.
Қызғалдақ қыздарымыз қызармастан,
Түріктің қойынында күліп жатыр.
Шенеунік, инвесторың елді тонап,
Ел сенің жуастығыңды біліп жатыр.
Мінеки, қасқырлығың осы елім,
Қақпанын әлем саған құрып жатыр.
Атағың көкке қарап тұрғанымен,
Тұмсығың жерге қарап ұлып жатыр, – деп төкпелетті.

Дидар Қамиев пен Әлібек Серғалиевтің айтысы

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG