Accessibility links

Еркебұлан мен Дидардың айтысы


Айтыскер ақын Дидар Хамиев. Алматы, 2 мамыр 2011 жыл.
Айтыскер ақын Дидар Хамиев. Алматы, 2 мамыр 2011 жыл.

Мамырдың 2-сі күні Алматыда өткен «Төртеу түгел болса» атты айтыстың төртінші жұбы – астаналық Еркебұлан Қайназаров пен пен қарағандылық Дидар Қамиев.

Умра қажылыққа барып қайтқан қос ақынның да көп айтқаны дін жайы болды.

Дидар Қамиев әулие-әмбиелердің басына түнеуді, халықтың Түркістанды «Кіші Мекке» деп атайтынын сынап, қарсыласының оңтүстік өңірден екенін меңзеп, былай деді:

– Ереке келген жерің Түркістан ғой,
Әңгімем осы жерден бекімек пе.
Сол жерді «Кіші Мекке» дейтіндер көп,
Оны да айта кетейін осы ретте.
Кіші қажы болам деп талай қазақ,
Барып жүр алты рет пе, жеті рет пе.
Қалаңның қасиеті бар дейді ғой,
Бедеуді жіберетін декретке.
Киелі Түркістанды «шірікстан» қып,
Ұяттың қызылы тұр екі бетте.
Жақында умраға барып келдің,
Кіші қажылықты өтеудің реті кеп те.
Көзіңмен өзің көріп қайттың бе екен,
Әлемде болмайтынын екі Мекке.
Осыны жерлестеріңе түсіндіріп,
Қалаңдағы жағдайды тез ретте.
«Түркістан – кіші Мекке» деген сөздің,
Жоқ екенін не Құран, не сүннетте.
Кіші қажы болмайтының Түркістанда,
Қысы-жазы тұрсаң да өшіретте.
Адамның адасуы бір-ақ сәтте,
Иман кәміл болмаса көкіректе.

Түбі Түркістаннан шыққан, бұл күнде Астананың атынан айтысқа түсіп жүрген Еркебұлан Қайназаров та Мекке мен Түркістанды «салыстырып»,
Айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаров. Алматы, 2 мамыр 2011 жыл.
екеуінің «ауа райы ғана ұқсайтынын» айтты:

– Бұл Мекке – мұсылмандар құштар мекен,
Түркістан – түркі қастер тұтқан мекен.
Екеуін салыстырып мен айтайын,
Ел алдырында жасырынып, бұқпай бекем.
Меккедегі адамдар намаз оқып,
Жер бетінде ораза ұстайды екен.
Біз құсап ақ шүберек байлап алып,
Аққу мен сұнқар боп ұшпайды екен.
Қағбаның қабырғасын айналғанмен,
Біз құсап қабірлерді құшпайды екен.
Ол жақтың адамдары бар тілекті,
Бір Алладан сұрауды нықтайды екен.
Біз құсап тілегімді орында деп,
Өліп кеткен атасын қыспайды екен.
Олардың ішетіні зәмзәм ғана,
Шөлдесе де сол судан ұрттайды екен.
Біз құсап анда-санда болады деп,
Нолевка сыралардан жұтпайды екен.
Отыз бес-қырық градус аптаптарда,
Құлшылық қып Қағбадан шықпайды екен.
Қысқасы, Мекке менен Түркістанның
Сол ауа райы ғана ұқсайды екен, – деді.

Ақындар «Сауд Арабиясы мен Қазақстанда ғана мұсылмандар басқа жұртқа үлгі етуге татитындай тұрмыс кешіп жатқанын» да айтып өтуді ұмытқан жоқ.

Айтысты бастаған – Еркебұлан Қайназаров.

Еркебұлан мен Дидардың айтысы
XS
SM
MD
LG