Accessibility links

Ақындар «суырып салып» қайталауды жиілетті


Бекарыс Шойбеков, айтыскер ақын. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.
Бекарыс Шойбеков, айтыскер ақын. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.

Айтыс ақындарының сахнаға шыққан сайын бұрын айтқан шумақтарын қайталаулары көбейіп барады. Кейбір ақындар тіпті өзгелердің жыр жолдарын өзгертпестен айтып шығады. Белгілі айтыскерлер импровизациялық жанрдың бұл ерекшелігі туралы екі түрлі пікір айтады.


Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында ақпанның 11-12-сі күндері «Қонаевтай ер қайда» деген атпен Дінмұхаммед Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған ақындар айтысы өтті.

Көрермендер тартқан жеребе бойынша сахнаға көтеріліп, сөз сайыстырған ақындар шама-шарқынша суырып салмалықты көрсетуге тырысты. Алайда алды айтыста 20 жыл жүрген, артына бір жыл енді толған айтыскерлер қайталауларға ұрынып қалып жатты.

Ақындардың қайталауы бір кешегі айтыста ғана байқалған жоқ. Бұған дейінгі айтыстарда да жиі-жиі көрініп қалған болатын. Мәселен, осы айтыстағы ақындардың ең жасы Мейірбек Солтанханның республикалық айтыс сахнасына келгеніне бір жыл болғанына қарамастан, қайталауға ұшырап үлгеріпті.

«БӘЙТЕРЕКТІҢ БҰТАҒЫНА ТҮСКЕН ҚҰРТ»

Мейірбектің алғашқы жеңісі – өткен жылы Астана күніне орай өткізілген жыр додасында бірінші орын алуы.

Сол айтыста Ринат Зайытовпен сөз сайыстырып:

- Тамырына құрт түскен бәйтеректі,
Бұтағынан емдеймін деп келіп тұр ма, - деп сөзден ұтқан екен.

Алайда сондағы Ринатқа айтқан:
Мейірбек Сұлтанхан, айтыс ақыны. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.
Мейірбек Сұлтанхан, айтыс ақыны. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.

- Биылғы түлегі едім жас мектептің,
Мейірбекті келе ме жасқап кеткің.
Тәуекел деп тас жұтып, топқа түсіп,
Айтыс дейтін майданды бастап кеттім.
Ринатпен айтысасың деген кезде,
Қуаныштың буымен мас боп кеттім.
Сонан соң атағыңнан үрейленіп,
Қорқыныштан қос көзім жас боп кетті.
Күресте күш атасын танымайды,
Деген сөзді келіп тұр растап кеткім.
Сондықтан бұл Ринаттан сескенбеймін,
Талай жырдың жүрсе де бастап көшін.
Саған деген бойдағы қорқынышты,
Сахнаның сыртына тастап кеттім, - деген тұтас шумағын Қарауылдағы айтыста Айбекке айна-қатесіз қайталап шыққан.

please wait

No media source currently available

0:00 0:00:54 0:00
Жүктеп алу


Әрине, бұл - соңғы жылдары қалыптасып, әдеттегі нәрсеге айналып бара жатқан үрдіс. Бұл секілді қайталауларды қарағандылық Мақсат Ақановтың, астаналық Еркебұлан Қайназаровтың, алматылық Сара Тоқтамысовалардың бұрынғы-соңғы өткен айтыстарынан бірден тауып алуға болады.

ҮШ ЖЫЛ БОЙЫ ҚАЙТАЛАНҒАН КІРІСПЕ

Осы жолғы Алматыда өткен «Қонаевтай ер қайда» атты жыр додасында да ақындар қайталауға ұшырап жатты.

2005 жылы Астанада өткен «Ел бастар ерің қайда» атты жыр сайысында жүлдеге тігілген 1 миллион теңгеге ие болып, ақындардың миллионері атанған Балғынбек Имашовтың діни уағыз негізінде дайындалған сәлемін өзгеріссіз қайталағанына үш жыл болыпты.

2010 жылы Астанада «Тәуелсіздік тағылымы» деген атпен өткен жыр додасында Аманжол Әлтаевпен айтысып отырып:
Айтыскер ақын Балғынбек Имашев. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.
Айтыскер ақын Балғынбек Имашев. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.

– Ай, бисмилла,
Оңғарсын деп ісімді алла.
Дін үшін тер төгейін күшім бар да.
Жаратқанды күндіз-түні зікір етем,
Бойымда тахарат пен ғұсыл барда.
Құлына тура жолды ұсынды Алла.
«Сиратул мустақим» деп аталатын,
Құлына тура жолды ұсынды Алла.
Тура жол табылмайды Түркістаннан,
Меккеден, Мәдинеден, Мысырдан да.
Тек Құраннан табамыз тура жолды,
Көңілден күпірлікті ысырғанда.
Сәлеммен бастайын сөздерімді,
Сүннетпен сәуле шашып бүкіл маңға, - деп бастаған болатын.

Міне, содан бері үш жыл өтсе де, өзінің «сүйікті» сәлемінің бір сөзін өзгертпей қайталап келе жатыр.

Осы жолы Алматыдағы Балуан Шолақ сарайында өткен жыр додасында Балғынбек Имашевтің сәлемін ақынмен жарыса қайталап отырған жандар да табылды.
Осы қайталаудың мәнісін сұрау үшін ақынның өзіне қоңырау шалдық.

- Бұл қазақтың ежелгі айтыс дәстүрінде бар. Мәселен, әйгілі Құланаяң Құлмамбет өзінің кез-келген айтысын «Құлмамбет - менің атым, Құланаяң, Құланаяң екенім әркімге аян» деп бастайтын болған. Сондықтан мұның еш сөкеттігі жоқ. Бұл - бар дүние. Сондықтан әр жерге барған сайын жаңадан мақтап өтірік өлең айта бергеннен гөрі осы дұрыс. Оның үстіне бұл - дін мұсылмандарға сәлем беру. Бізде кейбір ақындар әр қалаға арнап мақтау өлең шығарып алса, кейбірі қалалардың атын өзгертіп қана айтып жатады. Ал айтыстың ішінде бұрынғы айтыстарда айтылған шумақтарды қайталау басқа мәселе, - деді Балғынбек Имашев.

БЕГАРЫС ТА ҚАЙТАЛАУҒА ҰШЫРАДЫ

Танымал айтыс ақыны Бегарыс Шойбеков ертеректе Шымкентте өткен бір айтыста қарсыласы Жарқынбек Наушабаевқа былай деген еді:

- Біз қазақ байыпты едік, байрақты едік
Атынан ат үркердей айбатты едік.
Атымыздан бір күнде атып ұрды,
Дағдарыс деген шіркін жәйлап келіп.
Дағдарыстан біз былай шығамыз деп,
Әкімдер жатыр күнде сайрап беріп.
Өтіріктен жәрмеңке өзкізеді,
Базардан саудагерді айдап келіп.
Біздерде ет арзан деп мақтанады
Өлуге дайын тұрған қойды ап келіп.
Журналистер жарысып жазады оны,
Отырғасын аузына шайнап беріп.
Арзаншылық келді деп далитады,
Мұрттарын қойғаннан соң майлап беріп.
Дағдарыстан шыққанда біз осылай
Көз бояп шығамыз деп ойлап па едік?
Жаратқан ием. өзің жар бола гөр
Қара орман қазағыма қайрат беріп.

Бегарыс Шойбеков осы шумақтары 2010 жылы Астанада өткен «Тәуелсіз елдің тағылымы» атты жыр додасында Сара Тоқтамысовамен айтысында да тұтасымен қайталанды.
Көрермен болып отырған айтыскер ақын Сара Тоқтамысова (сол жақта). Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.
Көрермен болып отырған айтыскер ақын Сара Тоқтамысова (сол жақта). Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен соңғы жыр сайысының ақтық айналымында Айнұр Тұрсынбаевамен өнер жарыстырып, өзінің суырып салма ақын екендігін танытуға талпынса да, Бегарыс Шойбеков аракідік қайталауларға ұрынып қалып жатты.

«Қазақтың парламенті айтыс боп тұр, Ішіндегі ызасын ақтаратын» деп келетін тармақты ол осыдан тура бір жыл бұрын, Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында «Жүрсіннің жүйріктері» деген атпен өткен жыр сайысында өзінің жерлесі Маржан Есжановаға қарата айтқан еді.

Азаттық тілшісі Бегарыс Шойбековпен де тілдесуге тырысып көрді.
Байланыстың нашар екенін айтқан ақын «Сіздің сөзіңіз мүлдем естілмей тұр» деп, кейірінек сөйлесуге келіскен болатын. Алайда кейінірек қанша хабарласқанымызбен, телефон тұтқасын көтермеді.

ӨЗГЕНІҢ СӨЗІН ҚАЙТАЛАУ

«Жүрсіннің жүйріктерінің» біріне айналып келе жатқан ақындардың бірі - 2011 жылғы желтоқсан айында Астанада өткен екі бірдей айтыста жүлделі орынға ие болған қызылордалық Мұхтар Ниязов. Бірақ Мұхтар осы айтыста өз сөзін емес, өзге ақынның бұрын айтқан шумақтарын қайталап жіберді.

2011 жылғы мамырдың 2-сінде Алматыда «Төртеу түгел болса» деген атпен ақындар айтысы өткен болатын. Сол жыр сайысында қызылордалық Нұрмат Мансұров қарағандылық Мақсат Ақановқа қарата:

- Көрінбей кеткеніңіз рас еді,
Салақ жеңгем жоғалтқан тапа құсап.
Биылдары айтысқа қайта келдің,
Шүнейттен көтерілген лақа құсап.
Алшаңдап арамызда жүре берші
Алшысынан түсетін сақа құсап, - деп, айтыстан бірер жыл қол үзіп кеткен қарсыласын қағытқан.

Мұхтар Ниязов Нұрмат Мансұровтың осы сөзін сол күйінде айтып, қарсыласы Серік Қалиевке қарата қайталап шықты.
Серік Қалиев, айтыскер ақын. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.
Серік Қалиев, айтыскер ақын. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.

Айтыскер Серік Қалиев ақындардың сөз қайталауына екі жағдай себеп болуы мүмкін екендігін айтады.

- Айтыстардың арасы өте жиі болып кеткен жағдайда ақындар бірінен екіншісіне дайын болмай қалады да, алдында ғана айтқан көкейдегі шумақтарды қосып жібереді. Не бізде кейбір әлеуметтік мәселелер қатты айтылған жағдайда телеэкраннан кесіліп қалады. Сондықтан ақындар «әттеген-ай, сол шумағымды осы жерде қосып жіберейінші» деп қайталауы мүмкін. Бірақ қомақты жүлде тігілген сайыста әр ақын өзінің арына жүгініп, тыңнан дүние бергені дұрыс. Өйткені қазіргі көрермен сенің қай айтыста не айтқаныңды біліп отырады, - деді ол.

Ал бұрынғы айтыскер Есенқұл Жақыпбеков осы мәселе туралы Азаттық тілшісіне:

- Бұл - елді алдау. Айтыскер өзіндік биігіне жеткеннен кейін таусылады да, қайталауларға келіп ұрынады. Себебі қайта-қайта жаңалық аша беру мүмкін емес. Сондықтан өз биігіңе жеткеннен кейін айтысты қой. Кешегі Жамбыл да бір ғасырда бес-алты рет қана айтысқан. Бүгінгі ақындар құсап күнде-күнде айтыса берген жоқ қой, - деді.
XS
SM
MD
LG