Accessibility links

Ринат пен Рүстемнің айтысы


Айтыскер ақын Ринат Заитов. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Айтыскер ақын Ринат Заитов. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Биліктің қамқорлығына өткен айтыс жыл бойы аудандық, облыстық, қалалық деңгейде ұйымдастырылып, қорытынды сөз додасы Қазақстанның тәуелсіздік күніне орай Астанада болды. Азаттық радиосы «Тәуелсіздік тағылымы» деген атпен үш күн бойы өткен ақындар айтысын жүйелі түрде беріп отырмақ.

Айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерман айтыс басталмай тұрып:

– Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Мәулен Әшімбаев ақындарды қабылдап: «Ештеңеден қорықпай, аянбай айтыңдар, тілге тиек жоқ» деді. Айта алмаса, ақындардың өзіне серт! – дегенді айтты.

Айтыста алғашқы жұп болып сахнаға Ринат Зайытов пен Рүстем Қайыртайұлы шықты. Сөз сайысын бастаған Ринат Зайытов жыл сайын өтетін Астана күніне шетелдік әртістердің шақырылатынын шымшып өтті:

- Сөз айтсақ бір шындыққа жанасатын,
Пайымдауға жетеді парасатым.
Еңселі Елордамыз жасай берсін,
Еліме бас қала боп бағы асатын.
Жыл сайын Астананың күнін атап,
Шетелдің әртістерге қарасатын.
Көгінен самолетпен бұлт қуалап,
Шығаруға талпынған жаңаша күн.
Римнің папасына ескерткіш сап,
Ватиканның төріне жол ашатын.
Саммиті де дүркіретіп өткіздіңдер,
Бар ғаламға шығарып Алаш атын.
Алматыда Азиада басталса егер,
«Бізде де өткізсін» деп таласатын.
Оннан асып кетсе де, омыраудағы
Баладай елдің емген қаражатын.

Ринат Зайытов Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында дүниеге келген. 17 жасында қолына домбыра алып, айтысқа түскен Ринат республикалық айтыстарда бірнеше мәрте бас жүлдені жеңіп алған.

Оның жұрт жадында жүрген елеулі айтыстарының бірі – Дінмұхаммед Қонаевтың 95 жылдығына арналған айтыстағы Балғынбек Имашевпен болған сөз сайысы.

Ринаттың қарсыласы Рүстем Қайыртайұлы да қарап қалған жоқ. Сөзін қазақ тарихынан қозғаған айтыскер Қазақстан тәуелсіздігін жырлай келіп, қоғамдағы түйткілді мәселелерге де тоқталып өтті.

- ... Мен бірақ қазақтықтан қашып жүрген
Жандарды ойлап, уайым жей беремін.
Орыс болғым келеді дейтіндер бар,
Қазақша қорлық көріп сөйлегенін.
Неміс болғым келеді дейтіні бар
Намысы жоқ қызтеке кей неменің.
Батыс болғым келеді дейтіні бар,
Рэп тыңдап, жыртып киген жейделерін.
Осындай сұмдықтарды естігенде,
Керең болғым келеді кейде менің.

Рүстем Қайыртайұлы 1986 жылы 26 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Үштөбе ауылында дүниеге келген. Жастайынан айтысқан Рүстем жеті рет бас жүлде алған. Ринат Зайытов екеуі он бір рет сөз сайысына түскен.

Ринат Зайытов пен Рүстем Қайыртайұлының айтысын мына жерден тыңдай аласыздар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG