Accessibility links

Ринат пен Айтбайдың айтысы


Айтыскерлер Айтбай Жұмағұлов (сол жақта) пен Ринат Зайытов. Алматы, 12 ақпан 2011 жыл.
Айтыскерлер Айтбай Жұмағұлов (сол жақта) пен Ринат Зайытов. Алматы, 12 ақпан 2011 жыл.

Ақпанның 12-сі күні Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрында өткен «Жүрсіннің жүйріктері» атты айтыстың үшінші жұбына Ринат Зайытов пен Айтбай Жұмағұлов шықты. Екі ақыннан шаппа-шап айтыс күткен көрерменнің сенімі ақталмады.

Сөз бастаған Айтбай Жұмағұлов алдына-ала дайындап келген жаттанды шумақтарынан аса алмады. Көрерменнің есінде тек оның:

– Құмайы жоқ жерде қанден – бастық,
Иманы жоқ жерде шайтан – бастық, – деген тіркесі ғана қалды.

Қарсыласының бірді айтып-бірге кеткеніне налыған Ринат Зайытов:

– Ақындық арым бар да бүлінбеген,
Қайсарлық танытушы ем тілімменен.
Беке, неге «айтысты тоқтат!» дедің,
Аманжолға ымдаған түріңменен.
Айтыс біраз салбыраса не кінәм бар,
Айтбайдан көрмейсің бе гүрілдеген.
Мен енді бұған ермей дірілдеген,
Халқымды тербетейін жырымменен, – деп, әділқазылар алқасында отырған депутат Бекболат Тілеуханға наз айта келіп, қоғамдағы келеңсіздіктерді өлеңмен өрнектеп шықты.

– Қорқағың болмаған соң тасаңдағы,
Пердесін ақиқаттың ашам-дағы.
Астанам мен Алматым жайнап жатыр,
Сарайлары сәнді болған қашандағы.
Ал енді одан басқа қалалардың
Жағдайлары күннен күнге нашарлады.
Семейдің сергелдеңін білесіздер,
Аяздың қаһарынан қаша алмады.
Жылудың жыры бітпей үш жыл бойы,
Көп болды жанарларға жас алғалы.
Торғайдың түрін көрсе адам шошыр,
Қайран қалам, қабағын бір аша алмады.
Ауыз суға зар болған ауылдардың,
Шөлін жақсы қандырар қашан бәрі.
Апаттан опат болған Қызыл ағаш,
Оған да үкімет үлес қоса алмады.
Салып берген үйлері қайта қирап,
Болып шықты көз бояған осал бәрі.
Ал, енді, мұны айтатын ерлер қайда,
Әй, бірақ, жағымпаз ғой босаң бәрі.
Елді ойлайды деп жүрген ерлеріміз
Референдум деген сөзден аса алмады, – деді.

Осы айтыста Ринаттың кешегі референдум жырын айта келіп:

– Бекболат аға, ол тізімде сіз де барсыз,
Келмейді жағымсынып жекелегім.
«Халықтың алдында ұяттымын» деп,
Орнымнан өз еркімнен кетер едім, – деген сөзіне шамданды ма, депутат-қазы оған өзгелерден ерек тоғыз ұпай берді.

Ринат пен Айтбайдың айтысы
please wait

No media source currently available

0:00 0:16:39 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG